Basty bet
Сот жүйесін модернизациялау – мемлекет дамуының негізгі бағыттарының бірі
1991 жылы Қазақстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігін жариялағаннан кейін басталған саяси, әлеуметтік және экономикалық қайта құру процесі негізінде елімізде ұлттық құқықтық жүйе қалыптасып, сот жүйесінің реформасы жүргізілді. Егеменді елдің сот саласында түбегейлі өзгерістер орын алып, мемлекеттік биліктің дербес тармағы – соттың іргетасы қаланды. Сол уақыттан басталған реформа кезең-кезеңімен заң-ережелері, бағдарламалар, халықаралық тәжірибе және сарапшылардың талқылауымен жетілдіріліп келеді.
Сот жүйесінің қызметі Қазақстан Республикасы Конституциясының VII бөлімінде және «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында айқындалған. Соттың мәртебесі, оның беделі мен тәуелсіздігі мемлекеттегі заң үстемдігінің, сонымен қатар, жеке азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының нақты көрсеткіші.
1992 жылы қабылданған сот туралы заң, кейінгі Құқықтық реформаның тұжырымдамасы, 1995 жылғы Конституциядағы сот билігі туралы баптар сот және құқық қорғау органдары туралы заңнаманы дамыту әрі демократияландырудың жаңа кезеңін көрсетті. Қазақстан Республикасының құқықтық реформа бағдарламасы бүкіл құқықтық жүйені – заңнаманы, құқық қорғау саласын, сондай-ақ сот жүйесін қайта құруға негіз болды. Мұнда басымдық соттың мәртебесін көтеруге, оның мемлекет пен қоғам өміріндегі беделінің сөзсіз мойындалуына, тәуелсіз «үшінші билікке» айналуына мән берілді.
Сот құрылысы және сот ісін жүргізу туралы заңнамаға халықаралық құқықтың жалпыға бірдей қағидаттары мен нормаларын имплементациялау, олардың ұлттық заңнама алдындағы басымдығы белгіленді, судья лауазымына үміткерлерді іріктеудің жаңа талаптары мен критерийлері қойылды, сот жүйесінің материалдық-техникалық, ұйымдастырушылық және кадрлық дербестілігі, соттарды республикалық бюджет қаражаты есебінен қаржыландыру бекітілді.
Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, қандайда бір мемлекеттегі реформаның тиімділігі қоғамның дәстүрі, менталитеті және ерекшеліктерімен тікелей байланысты.
Ендігі кезеңде сот жүйесінің реформасы жоғарыда көрсетілген мәселелерді шешуге басымдық бермек. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2020 жылы 23 қазанда Қазақстан Республикасы судьяларының VIII съезіне қатысып, еліміздегі сот жүйесінің дамуы және судьялардың мәртебесі туралы ойларымен бөлісті. Сот процестерін жедел және қашықтан ұйымдастырудың оңтайлы тұстары да болғаны аталған жиында айтылды.
Президент Съезде жасаған баяндамасында судьялардың кәсіби деңгейі мен сот ісінің сапасына тоқтала келіп, бірқатар басымдықтарды алға қойды.
Бүгінгі таңда мемлекет дауларды сотқа жеткізбей шешу мәселесіне баса назар аударып отыр. Оның медиация мен билердің қатысуына баса назар аударылып отыр.
Сонымен қатар, неке бұзу мәселесіне де баса назар аударылуда. Жас отбасылардың ажырасуына жол бермеу мақсатында, сот пен аудандық әкімшіліктер арасында бірлесе жұмыс жасап, отбасыларды неке бұзудан бас тартқызып, татуластыру жұмыстары жүргізілуде.
Қазақстан Республикасының қылмыстық кодексіне, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқықыбұзушылық туралы кодексіне өзгерістер енгізіліп, мал ұрлығына қатысты қылмыстық жауапкершілік және жол көлік ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жаза қатаңдатылды.
Ағымдағы жылдың 16 наурызында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауының алтыншы бастамасында адам құқығы мен сот жүйесіне қатысты бірқатар өзгерістерді атап өтті.
Ел Президенті Ата заң ережелерінің мүлтіксіз сақталуын осы мекеме тиімді қамтамасыз ету мақсатында елімізде Конституциялық сот құруды ұсынды.
«Конституцияның ең жоғары заңдық күші бар. Ата заңымыз – еліміздің бүкіл құқықтық жүйесінің тірегі. Алайда, белгілі бір заң актісі немесе шешім оған сай келе ме деген сұраққа нақты жауап беру қиындық тудыратын кездер болады.
Қазақстандағы түрлі құқық нормаларын Конституциялық кеңес түсіндіреді. Бірақ, азаматтар осындай түсініктеме алу үшін бұл органға тікелей жүгіне алмайды.
Көптеген мемлекетте Конституциялық сот институты бар. Оған кез-келген адам өзінің сауалын жолдай алады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мұндай орган Қазақстанда болған. Сарапшылар Ата заң ережелерінің мүлтіксіз сақталуын осы мекеме тиімді қамтамасыз етеді деп санайды. Соны ескере отырып, мен елімізде Конституциялық сот құруды ұсынамын» деді Президент.
Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкілге де Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігін беру қажеттігін атап өтті. Бұл бастамалар әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам болатынын, институционалдық тұрғыдан тепе-теңдікті сақтауға ықпал ететінін және азаматтардың конституциялық құқығының қорғалуын жақсартуды тапсырды.
Президентіміз қоғамдағы зорлық-зомбылық деңгейін төмендету мақсатында отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтармен тиімді күресу маңыздылығын, әйелдерге және балаларға зорлық-зомбылық көрсеткендердің жазасы мәселесін Бас прокуратураға жан-жақты зерделеп, біржола шешуді тапсырды.
Барлық деңгейдегі соттар, шын мәнінде, тәуелсіз, ашық және кәсіби болмаса, заң үстемдігін қамтамасыз ету мүмкін еместігін, мемлекет осыған орай ауқымды жұмыс жүргізіп жатқандығын, кадр іріктеудің жаңа жүйесі енгізіліп, сот үдерісі мен рәсімдерінің ашықтығы біртіндеп арта түседі.
Ағымдағы жылдың қаңтарынан бастап азаматтық-құқықтық дауларда тараптарды бітімгершілікке келтіру мақсатында сотқа дейінгі хаттама жүргізіліп, даулар татуласумен тоқтатылуда. Ағымдағы жылдың 1 тамызынан бастап «Эксаумақтық соттылық» принципы енгізіледі, мысалы талап қоюшы мен жауапкер Алматы қаласында болса талап арызы Ақтау қаласында қарала береді. Біртұтас сот тәжірибесін қалыптастыру үшін «Digital Analytiks» бағдарламасы әзірленді, бұл істің ықтимал нәтижесін болжауға бағытталған. Оған қоса, сот актілерінің жобасын дайындау үшін робот бағдарламасы енгізіледі, аталған жаңашылдық тек даусыз істерде қолданылады.
Сот жүйесінің деңгейін одан әрі алға ілгерілету, сот жүйесінің беделін биіктету, халықтың сотқа деген сенімін жоғарылату мақсатында атқарылып жатқан реформалардың бірі болып табылады.
Бабырхан АБУЕВ,
аудандық соттың төрағасы