Basty bet

Балалардың шотына алғашқы қаражат түсе бастады

Ақпан айының алғашқы күнін Қазақстан халқы ақжолтай сүйінші жаңалықпен бастап отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының аясында мемлекет уәде еткендей, ағымдағы жылдың 1 ақпанынан бастап қазақстандық балаларға алғашқы қаражат түсе бастады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Алғашқы түскен қаражатты «Электронды үкімет» және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының сайттарынан көруге болады. Мысалы: eGov.kz және kids.enpf.kz. Ақпарат көздерінің дерегіне қарағанда, қазіргі уақытта қазақстандық балалардың шоттарына 100,52 доллар (Ұлттық банктің ресми бағамы бойынша 45 050 теңге) қаражат түсті. Айта кету керек, «Ұлттық қор – балаларға» жобасы 2024 жылдың қаңтарынан бастап іске қосылды. Оның аясында балалар жыл сайын 18 жасқа толғанша Ұлттық қордан ақша алып отырады. Бірақ оны 18-ге толғаннан кейін ғана ала алады. Қордағы қаражат еліміздегі 18 жасқа дейінгі 7 миллионға жуық балаға теңдей бөлінеді. Оның мөлшері Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысына байланысты болмақ. Болжам бойынша 2024 жылы туған баланың шотына 18 жыл ішінде 3 500 АҚШ доллары жиналуы тиіс.
Тиісті заңнамаға сәйкес, жоба аясында балалардың шотына жыл сайын 18 жасқа толғанға дейін Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызы түсіп отырады. Бала 18 жасқа толған кезде оның жинағы нысаналы жинақтау шотына аударылады. Кейін ондағы қаражатты тұрғын үйге немесе білім алуға жұмсауға болады. Ал жинақ иесі 18 жасқа толғаннан кейін 10 жыл ішінде төлемді алуға өтініш бермеген жағдайда шоттағы сома ерікті зейнетақы жарналары ретінде есепке алынып, оның жеке зейнетақы шотына аударылады.
Кәмелет жасына толмаған қазақстандықтардың шотында қанша қаражаттың жинақталғаны туралы ақпаратты олардың ата-аналары тексеріп отыра алады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) баспасөз қызметінің хабарлауынша, баланың жинағы туралы жалпы ақпаратты БЖЗҚ-ның сайтынан немесе оның мобильді қосымшасынан білуге мүмкіндік бар.
Ал толығырақ ақпарат алу үшін «Электрондық үкімет» порталына кіру керек. Естеріңізге сала кетсек, Ұлттық қордан төлем алу үшін баланы еш жерде тіркеудің қажеті жоқ. Жоба аясындағы көрсетілетін қызмет мемлекеттік органдардың дерекқорында сақталған ақпараттың негізінде автоматты түрде жүзеге асырылады. Бірақ сарапшылар кәмелетке толмаған баланың жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) бар-жоғын және оның дұрыстығын тексеруге кеңес береді.

«Жаңа өмір»-ақпарат

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close