«Бір-біріне қарап қалған,
Бағынышты дүние.
Отыз тістен жарақтанған,
Ауызыңа тіл ие». Қазақ өлеңінің көрнекті өкілдерінің бірі Қадыр ақынның осы бір жол өлеңін оқыған сайын қазіргі «жаңа заманның» келбетін анық көргендей болатынымыз несі осы? Иә, «бір-біріне бағынышты» нарықтық қатынастар заманында өмір сүріп жатқанымыз белгілі. Осыған байланысты «қандай жолмен болса да мал тап, дүние жи» деген нарықтың «қатал заңы» адамдарды адамгершіліктен, бір-біріне деген жанашырлығынан, жақын-жуыққа деген мейірімділігінен ажыратып бара жатқандай көрінеді кейде маған. Әйтпесе, айдың-күннің аманында, елімізде өмір сүруге қажетті барлық ресурстар бола тұрса да, қазір дүниенің барлығы қымбат. Қымбатшылықтың орын алуының негізгі факторларының бірі – пайда табу, баю десек, негізінен бағаны қолдан өсіріп отырғандар мол пайдаға кенелуді көздеген пысықайлар, арадағы алыпсатар делдалдар.
Әсіресе, нарық заманындағы қымбатшылықтың салқыны барлық салаға өз әсерін тигізіп отырғанын бәріміз анық байқап, көріп жүрміз. Атап айтар болсақ, қазір қымбатшылық әсіресе азық-түлік нарығында қатты белең алып тұр. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» дегендей, қымбатшылық қос бүйірден қысқанда кейбір отбасылардың сары уайымға салынатыны белгілі. Лаждың жоқтығынан қарызға батса да, олар басқа дүниені алмаса да күнделікті ішетін тамағын алады, әрине. Осы ретте, сауда орындарындағы азық-түлік бағасын қолдан қымбаттатып отырғандарға не дерсің?!
Қазір қай салада болсын отандық өнімді дамыту өзекті мәселе болып отыр. Әсіресе, халықтың күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарларының басым бөлігін отандық табиғи, таза өнімдердің құрауы аса маңызды. Алайда, бүгінгідей ашық экономикалық кеңістікте шетел өнімдерін ығыстыру жоғары бәсекелестікпен қатар, тауар өткізудегі жүйелі жұмысты да талап етеді. Олай дейтініміз, сапасы жағынан біздің өнімдер шетелдіктерден қалыс қалып отырған жоқ, бірақ оны өткізу тұрғысынан біршама проблемалардың бары анық. Елімізге арзан бағамен келетін шетелдік жартылай фабрикаттар, ұзақ мерзімге сақталатын мұздатып қатырылған құнарсыз өнімдер қазір қай дүкеннің болсын сөресінде сіресіп тұр. Ал отандық өнімдерге дүкен қожайындары мен шетел өнімін жеткізуші делдал-саудагерлер мойын бұрғысы келмейтіндей. Себебі, оларға халықтың таза, сапалы өнім тұтынуынан гөрі сөреде ұзақ уақыт тұруға жарамды шетел өнімдері қолайлы.
Азық-түлік мәселесіне келгенде, ауылдық жерлерде таза экологиялық азық-түлік тауарларын өндіруде елімізде орын алып отырған қуаңшылық, одан туындайтын ағын су мәселесінің де кері әсер етіп отырғанын баса айтуымыз қажет. Бұл мәселе бау-бақшаны молынан өсіру ісіне қолбайлау. Қай ауылға барсаң да, тұрғындардың көп көтеретін мәселелерінің бірі де осы – ағын су мәселесі.
Сонымен қатар, тағы бір айта кетерлігі, таза ет өндіру ісінде де шаруаларға жайылым мәселесінің әлі күнге өткір тұрғанын да жасыра алмаймыз. Бұл айтылғандардың барлығы айналып келгенде жемшөптің қымбаттығына әкеліп соғады. Басқа өңірлерді былай қойғанда, жемшөбі өзіне жетіп-артылатын таулы Жуалы ауданында соңғы екі-үш жылдың көлемінде ортадағы алыпсатарлардың кесірінен шөп бағасы аспандап шыға келді. Тайланған бір дана жоңышқаның бағасы 2000 теңгеге жетіп жығылды. Бұл жағдай алыпсатарларға пайда болғанымен, ауылдағы жері жоқ, жері болса да оны игеруге қауқарсыз тұрғындар үшін өте тиімсіз болып отыр. Осындай себептермен мал өнімдері тұтынушылардың қолына жеткенше өзіндік құнынан едәуір қымбаттап шыға келеді. Шөпті молынан өндіретін шаруалар мал азығының қымбаттауын көбінде жанармайдың және қызмет көрсету ақысының қымбаттығымен байланыстырады. «Бір-біріне қарап қалған» деп тұспалдап отырғанымыз да осы. Ел ішінде, халық арасында кейінгі жылдары бас ауруға айналып, тіпті ұрыс-керіс пен жанжалдар туындатып отырған да осындай түйінді, өзекті проблемалар. Үкімет ағын су мен жайылым мәселесін тез арада шешіп, әсіресе экололгиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп отырған шаруаларға субсидияның қолжетімділігін арттырса, азық-түлік мәселесі де оңынан шешілер еді.
Ақпарат көздеріне сүйенер болсақ, соңғы жылдары қуаңшылықтың салдарынан елімізде жиналған астықтың көлемі 4 миллион тоннаға кеміп кеткен. Бұл шикізат және жемшөппен қамту ісіне әсер етпей қоймайды. Бұл мәселе ел басшылығының да назарынан тыс қалып отырған жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің отырысында ауыл шаруашылығына ерекше назар аудару керектігін баса айтты.
«Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген. Алдын ала болжам бойынша биыл да ахуал күрделі болуы мүмкін. Сондықтан Үкімет шаруаларды тұқыммен, жемшөппен және тыңайтқышпен қамту ісін және егін егу науқанын қатаң бақылауда ұстауы тиіс. Мұны да Президент жауапты сала басшыларына қадап тапсырды. Тура жер жыртып, егін егетін уақытта арзандатылған дизель отынының, тыңайтқыштың уақтылы болмай қалуы сияқты жыл сайын қайталанатын мәселелер биыл орын алмайды деген сенімдеміз. Бұл негізінен ауылдағы шаруалардың тілегі.
Осыны баса айтқан Мемлекет басшысы субсидия мәселесіне жеке тоқталды. Бұған дейін де субсидиялау тетігін қайта қарауға тапсырғанын еске сала отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жұмысты қысқа мерзімде атқаруды жүктеді. «Субсидияның қолжетімділігі мен оны алудағы процедураның ашықтығын қамтамасыз ету керекпіз»,- деді өз сөзінде Президент. -Үкімет пен барлық әкімдердің алдында алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін түбегейлі шешу міндеті тұр. Егер нарықта азық-түлік мол болмаса, инфляцияны ұстап тұруға еш амал көмектеспейді.
Енді біз мәселе етіп көтеріп отырған азық-түлік өндіру мен оның нарықтағы бағасына тікелей жауапты ведомство саналатын Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің пікірі былай өрбиді: «Мемлекет басшысының 2022 жылғы 11 қаңтарда берген тапсырмаларын орындау үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі азық-түлік тауарларының негізгі түрлерімен ішкі нарықты молықтыру үшін мынадай бірқатар жедел және жүйелі іс-шаралар іске асырылуда. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының нақты қолжетімділігін қамтамасыз ету мен бағаны тұрақтандыру мақсатында министрлік тауарлар экспортын тарифтік емес реттеу іс-шараларын қабылдауда», – деді ол.
Министрдің атап өтуінше, 2022 жылғы 1 шілдеге дейінгі мерзімге күнбағыс пен күнбағыс майы экспортына сандық шектеулер енгізіледі. Үш ай мерзімге картоп пен сәбіз экспортына, ірі қара мал мен ұсақ малды алты ай мерзімге шығаруға, жемшөп шығаруға тыйым салынады. Маусымаралық кезеңде импорттық жеміс-көкөніс өнімдерін жеткізуді ұйымдастыру мүмкіндігі де қоса пысықталып жатқанға ұқсайды.
«Сонымен бірге, нан бағасын тұрақтандыру мақсатында осы жылдың басынан бастап «әлеуметтік» нан өндіру үшін өңірлерге «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ өткізетін астық құнын субсидиялау енгізіледі. Бұл тетік астықты ішкі нарыққа өткізу кезінде Азық-түлік корпорациясының шығыстарын нарықтан төмен өтеуді көздейді», – деді Ербол Қарашөкеев.
Ал бұл жөнінде Президенттің пікірі мынадай: «Қазіргі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру құралдары тиімсіз болып отыр. Жергілікті бюджеттен сауда желілеріне азық-түлік тауарларын арзанға сату үшін 30 млрд теңгеден астам іс жүзінде тегін қарыз бөлінді. Қазіргі жағдайда бұл шешім жаман емес. Алайда, бұл шараның нарыққа әсері 1-4% аралығында ғана», – деді Президент. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев тұрақтандыру қорларында да осындай жағдай екенін және нарықтағы тұрақтандыру қорлары өнімдерінің үлесі 4%-дан аспайтынын жеткізді.
Қай салада болсын, қордаланған проблемалардың өз шешімін табуы ең алдымен өзімізге байланысты. Ешкім сырттан келіп, біздің мәселемізді шешпейді. Осыны ескере отырып, кезінде ауыл шаруашылығы саласында өнімді жұмыс істеген, осы саланың қыр-сырын жетік білетін сала ардагерлері жергілікті атқарушы билік өкілдеріне азық-түлік пен жемшөп, жайылым мәселелерін шешу жолындағы ақыл-кеңестерін ұсынса, дұрыс болар еді. Кеңесіп пішкен тонның келте болмайтыны анық. Осыны ескерсек екен.
Қиналғанға қол ұшын беру бағзыдан бергі халықтық қасиетіміз емес пе? Еліміз соңғы екі-үш жылдың көлемінде әлемге тараған атын жаман коронавирус індетінен туындаған пандемиямен күресіп жатқанын бәріміз білеміз. Бұл дертпен халықтың барлығы ауырмағанымен, біріміздің туысымыз, енді біріміздің құда-жекжатымыз, досымыз, көршіміз науқастануда. Пандемия басталған алғашқы кезде халықтың елеулі бөлігі табысынан да айрылып қалды. Иә, осы сәтте мемлекет көмегімен қатар бір-бірімізге деген жанашырлығымызды байқаттық. Қолдан келсе, көмегімізді аямайық.
Тағы бір айта кетерлігі, Барыс жылы аса бір дүрбелеңмен, дүмпумен басталды. Алғашында Маңғыстау облысында сұйытылған газ бағасын төмендетуді талап етіп, шеруге шыққандардың әрекеті тез арада басқа өңірлерде де көрініс беріп, бұл жағдайды террорлық топтар өзінің арам пиғылдарына іске асыруға пайдаланып кетті. Соның салдарынан бейбіт, тыныш жатқан еліміздің қауіпсіздігіне тұтқиылдан қатер төнді. Президентіміздің шұғыл шешім қабылдағанының арқасында елдегі қалыптасқан күрделі ахуал біртіндеп қалыпқа түсіп келеді. Иә, ел тағдыры таразыға түскен мұндай сәтте де бір-бірімізге деген жанашырлық керек-ақ. Айтып, айтпай не керек, осындай ұрымтал сәтті пайдаланған Алматыдағы «пысықайлар» бір бөлке нанды 200 бен 300 теңгенің аралығында саудалаған. Мұны Алматы қаласында тұратын таныстарымыздан естігенде, жағамызды ұстадық. Осы орайда, халыққа ең қажетті азық-түліктің бағасын қымбаттатпауды бірінші болып ойлауымыз қажет.
Құрметті оқырман және аудан халқы. Бұл мақаланың тақырыбына неге ұлы ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының «Пайда ойлама, ар ойла…» деген өлең жолын қойып отырғанымызды енді түсінген боларсыздар. Әсіресе, сауда-саттықтың, жеке кәсіпкерліктің айналасында нәпақа тауып жүрген жеке кәсіпкерлер өз пайдасымен қоса өздері сияқты халықтың да жағдайын бір сәт ойласа, әлдеқашан мұндай алапат қымбатшылықтың алдын алар едік қой. Өз еліне, Отанына, жақындарына, қоғамға шын жаны ашитын азаматтар болса, біз көтеріп отырған әлеуметтік тақырыпқа үн қосыңыздар. Мархабат!
Иә, өткен аптада аудан орталығындағы азық-түлік бағаларын тағы бір зерделеу үшін орталық базар аймағындағы әлеуметтік дүкенге, «Корзина» дүкендер желісінің дүкеніне бас сұқтық. Әлеуметтік дүкеннің аға кассир-сатушысы Мадина Исаеваның айтуынша, дүкен әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік тауарларының қорымен толықтай қамтылған. Мұнда тұрғындардың сұранысына ие тауарлар – құмшекер 220, бірінші сұрыпты ұнның бір келісі 125, сұйық майдың бір литрі 560, күріш 240, макарон 200, қарақұмықтың келісі 320 теңгеден сатылуда. Бұл Үкімет бекіткен шекті бағаға сәйкес келеді.
Бұдан бұрын анықтағанымыздай, алғашында мұнда қарақұмықтың тапшылығы байқалған еді. Қазір әлеуметтік дүкенге жарты тоннадай қарақұмық жеткізіліпті. Айта кету керек, әлеуметтік бұрышта тұрғындарға ұсынылып отырған тауарлардың барлығы облыстық тұрақтандыру қорынан жеткізіледі. Тағы бір айта кетерлігі, әлеуметтік азық-түліктің сапасына да көңіл бөлінсе деген тұтынушылардың да тілегін жеткізгіміз келеді. Өйткені, зерделеу барысында мұны өзіміз де байқадық. Сырт көз байқағандай, мұнда сатылымға қойылған көкөністердің сыртқы «тауарлық пішіні» күмән тудырады.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде белсенді азаматтар және жекелеген тұтынушылар «Корзина» дүкендер желісінің аудандағы филиалының қызметіне де көңілдері толмайтынын бірнеше рет көтерген болатын. Тұтынушылардың дүкен иелеріне айтар назына келсек, олар азық-түлік өнімдерінің сөредегі жазылған бағасы мен кассадағы есептелетін негізгі бағасының бір-біріне сәйкес келмейтіндігі. Бұл жөнінде дүкен басшылығымен сөйлескенімізде, олар бұл жағдайды Жаңа жыл мерекесіне байланысты өткізілген тауарлық акциялармен байланыстырып отыр. Мысалы, мереке қарсаңында шұжықтар сатылымында өнімді жеткізетін фирмалар тарапынан едәуір жеңілдіктер болған екен. Сол акциялық сатылым кезінде жеңілдікпен қойылған баға 2022 жыл басталғалы бері сөреден алынбай қалған. Кейіннен акцияның мерзімі аяқталған соң жаңадан жеткізілген өнімнің бағасы сөреде көрсетілген бұрынғы бағамен сәйкес келмеген. Міне, тұтынушылардың дүкен сатушыларына деген наразылығы осыдан туындаса керек. Бұл тек қана шұжық сатылымында емес, басқа да тауарларға қатысты болып отыр.
Бізді қарсы алған сауда залының әкімшісі Ермек Есенгелді тауарлардың бағаларымен таныстырып, баға мәселесінде тұрғындардың білдіріп отырған наразылығының орынды екенін барынша түсіндіруге тырысты. Қазіргі таңда мұнда шұжық өнімдері сапасына қарай 900 бен 2000 теңгенің аралығында сатылымға қойылған.
-Тауарлар әр апта сайын жаңартылып отырады. Әр тауардың бағасы да әртүрлі. Тұтынушылар алдымен мынаны түсінулері керек. Тауарлардың сатылу бағасын негізінен оны осында жеткізетін фирмалардың өздері қояды. Тауарлардың түріне қарай акциялар мен жеңілдіктер қарастырылған. Бір тауар көтеріңкі бағада болса, ал енді біреуінікі төмен түсіп жатады. Дәл қазір қаңтардың 6-сы мен 27-сі аралығында бірқатар азық-түлік және сусындар мен химиялық тауарларға жеңілдіктер жасалып жатыр. Мысалы, «Сарыағаш» емдік-ас суы (1,5 литрлік) мұнда 135 теңгеден. Одан бөлек, басқа да сауда белгісіндегі газдалған сусындарға да жеңілдіктер бар. Шай бағалары да төмендетілуде,- дейді дүкен әкімшісі Е.Есенгелді.
Бәрін айт та, бірін айт. Азық-түлік бағасын қолдан қымбаттатуға жол бермейік. Мұны пайдадан бұрын ар-ұятын ойлаған кез келген кәсіпкер жақсы білсе керек…
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»