Basty bet
Ұлы мамандықтың иесі атанған жас дәрігер
Денсаулық – кез келген адам үшін баға жетпес байлық! Адам өмірін ұзартуға септігін тигізіп, ажалдан арашалаушы дәрігер мамандығын халқымыз ежелден қастерлеп, құрметтеген.
Себебі, әр адам дүние есігін ашқан сәттен бастап, оның денінің саулығы мен амандығына ақ халатты абзал жандар жауапты.
Бүгінде ауданда денсаулық сақтау жүйесін дамытуға көп көңіл бөлініп жатыр. Медициналық қызметтердің сапасын, дәрілік заттардың қолжетімділігін арттыру және білікті жас мамандармен толықтыру бағытында сенімді қадамдар жасалуда.
Дәрігер – адам жанының зерттеушісі, қорғаны. Сонымен қоса, аса жауапкершілікті, шыдамдылықты, өз ісіне деген сүйіспеншілікті қажет ететін ұлы мамандық. Осы салада өз ісіне жауапкершілікпен қарап, алдына келген науқастардың бабын тауып, сырқатына ем іздеп, алғашқы көмегін көрсетіп жүрген, аудандық орталық аурухананың жалпы тәжірибелік дәрігері Сүйкім Нұрланқызы.
Сүйкім Нұрланқызы 1997 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Арманы Астана немесе Алматы қаласындағы медицина университетіне оқуға түсу болған. Бірақ оған киелі Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің түлегі атану бақыты бұйырыпты.
Бала кезден армандаған дәрігер мамандығында жеті жыл білім алған соң отбасылық өмірге қадам басқан. Өмірлік серігі Ахметбек Исабек Түркістан қаласының тумасы. Ол да аудандық орталық ауруханада жалпы тәжірибелік дәрігер болып еңбек етеді. Екі жасты өмірдің бір арнасына тоғыстырған да осы ұлы мамандық. Айта кетерлігі, бұл жас отбасы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының игілігін көріп, баспаналы болды.
Жас маманның айтуынша, жалпы тәжірибелік дәрігердің бір басында бірнеше міндет бар. Пациенттер сан түрлі сырқатпен келеді. Алдына келген әр пациентке 20 минут уақыт бөлінеді. Сол аралықта ауруды түсініп, хаттама толтырып, ақпарттық жүйеге енгізіп, ем тағайындап, диагноз қойып үлгереді. Пациенттің де бірнеше түрі бар. Бірі кабинетте тағатсызданып, шыдамсызданып, кезексіз кіргісі келеді. Бірі ұрыс шығарады, шағым айтады. Көптің көңілінен шығу оңай емес.
– Әлі де үйренерім көп. Әзірге бір рет облыстық ауруханада бір апта тәжірибе алмасып келдім. Қиындық тудырып жатса, білмегенімді жолдасымнан сұрап отырамын. Маған қарағанда оның тәжірибесі молырақ. Одан бөлек, жанымда екі медбике жұмыс істейді. Ересектер медбикесі Жұлдыз Оспан, ал балалар медбикесі Бижамал Чапарбаева. Олардың атқаратын жұмысы көп.
Көбіне бізге науқастар ЖРВИ, ангина, тонзиллит, асқазан, анемия аурулары келеді. Күніне шамамен 25 пациент қабылдаймыз. Барынша сабырлық танытып, байыппен түсіндіруге тырысамыз,- деді дәрігер С.Әбдуәли.
Жас маман Сүйкімнің алға қойған арманы мен жоспары айқын. Ол өз мамандығының білікті де білімді иесі болып, тұрғындарға сапалы әрі уақтылы медициналық қызмет көрсетуді көздейді.
«Дәрігер мамандығын таңдағанда ең бірінші кезекте науқастармен дұрыс қарым-қатынас орнатуды ойлау керек. Өйткені, сенің жақсы болуың ол жақсы қызмет көрсетуіңмен де сипаттталады. Жоғары деңгейдегі маман болу үшін осы салада аянбай тер төгіп, білгеніңді ортаға салғаның жөн деп есептеймін. Менің ұстанымым – үнемі ізденісте болып, оқудан қол үзбеу қажет. Сонымен қатар, дәрігер тек дәрімен ғана емес, науқастарға жылы сөйлеп, сөзбен де емдей білуі тиіс» дейді жас маман.
Денсаулық сақтау саласында еңбек етуді басты мақсат тұтып, аталған салаға өмірін арнап, талмай еңбек етуге бел буған жас мамандардың талпынысы қуантады.
Аида ТҰРҒҰМБЕКОВА,
«Жаңа өмір»