Basty bet
Басты ұстанымы –мемлекетке адал қызмет ету
Мемлекеттік қызмет – ел мүддесіне адал қызмет етуді талап ететін жауапты әрі мәртебелі міндет. Ал мемлекеттік қызметшілер – қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайтып, халық игілігі жолында аянбай еңбек ететін мамандар.
Олар ел үшін маңызды салаларда қызмет атқарып, өздерінің күш-жігері мен уақытын аямай еңбек етеді. Халықтың мүддесі үшін шешім қабылдау, құжаттарды рәсімдеу, тұрғындарға сапалы қызмет көрсету – мемлекеттік қызметшілердің тынымсыз еңбегінің нәтижесі.
Ауданда да мемлекеттік қызметте абыройлы еңбек етіп, тұрғындардың алғысына бөленіп жүрген азаматтар аз емес. Солардың бірі – Нұрлыкент ауылдық округі әкімі аппаратының іс жүргізу және есеп бөлімінің бас маманы Нағима Тулашова.
Нағима Әділбекқызы Өзбекстан Республикасының Ташкент облысы Пскент ауданында дүниеге келген. 1993 жылы тарихи Отанына қоныс аударып, Жуалы ауданындағы Нұрлыкент ауылына көшіп келеді. Ауылдағы №5 М.Ломоносов атындағы орта мектепте білім алып, математика пәніне ерекше қызығушылық танытады. Бұл қызығушылық оны Шымкент қаласындағы Алматы экономика және статистика академиясына жетелеп, экономика мамандығы бойынша жоғары білім алуына жол ашады.
Нағима Әділбекқызы еңбек жолын осы мекемеде 2006 жылы есепші қызметінен бастаған. Ол жылдар бойы тәжірибе жинақтап, өз ісінің білікті маманы ретінде қалыптасты. Оның негізгі міндеттерінің бірі – Нұрлыкент ауылдық округі әкімі аппаратында мемлекеттік сатып алу жұмыстарын ұйымдастыру және бас есепшінің қызметін жауапкершілікпен атқару.
Мемлекеттік қызметшінің өмірлік ұстанымы – мемлекет пен халыққа адал қызмет ету. Осы қағиданы берік ұстанған ол қызметте ғана емес, отбасында да өнегелі ана ретінде үлгі көрсетуде. Отбасының берекесін сақтап, ұл-қыздарының сапалы білім алып, саналы азамат болып қалыптасуына бар күш-жігерін жұмсауда.
Нағима Әділбекқызының басты жетістігі – ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызметте еңбек етіп, тұрғындар пен әріптестерінің сеніміне ие болуы.
Қызметпен қатар саламатты өмір салтын ұстануды да назардан тыс қалдырмайды. 20 жылдан астам уақыт бойы мемлекеттік қызметшілер арасында өткізілетін дәстүрлі спартакиадаға тұрақты қатысып келеді. Ол үстел теннисі мен волейболдан Жуалы ауданының құрамасында өнер көрсетіп, аудан намысын түрлі жарыстарда қорғап жүр.
Мемлекеттік қызметтің жауапкершілігі мен маңызын түсінетін маманның пікірінше, бұл салада еңбек ету тәртіпті, әділдікті, төзімділікті және терең білімді талап етеді.
– Мемлекеттік қызметші болу – үлкен абырой әрі зор жауапкершілік. Әр саланың сапалы жұмыс істеуі мен жетістікке жетуі мамандардың білімі мен біліктілігіне тікелей байланысты. Мемлекеттік қызметші мемлекеттің атынан қызмет атқаратындықтан, оның кәсіби шеберлігімен қатар, өзін-өзі ұстауы мен адамдармен қарым-қатынасы да жоғары деңгейде болуы қажет. Халық мемлекеттік қызметкердің іс-әрекетіне қарап мемлекеттік қызметке деген сенімін қалыптастырады. Сондықтан әрбір қызметкер өзіне жүктелген міндетті адал атқарып, тұрғындардың сенімін ақтауға тиіс.
Мемлекеттік қызметші өзіне тапсырылған жұмыстарды уақтылы әрі сапалы орындап, қандай жағдайда да адами құндылықтарды сақтай білуі керек. Әрбір атқарған ісін «елім үшін, халқым үшін» деген ниетпен орындаған жөн. Өйткені, халыққа қызмет ету – мемлекетке қызмет ету. Сол халықтың арасында өз отбасың, туған-туысың, жақындарың бар екенін де ешқашан ұмытпау қажет.
Әр жұмыстың өз қиындығы мен қызығы болады. Бізге келген әрбір тұрғынның өтінішіне мұқият құлақ асып, мәселенің заң аясында оң шешілуіне барынша ықпал етуге тырысамыз. Кейде азаматтың өтінішін толық қанағаттандыру мүмкін болмай жататын сәттер де кездеседі. Осындай жағдайда мәселенің мән-жайын түсіндіріп, заң талаптарын жеткізу де үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан тұрғындардың алғысына бөленудің басты жолы – әр азаматқа құрметпен қарап, сапалы қызмет көрсетіп, олардың сенімін ақтау, – дейді ол.
Нағима Әділбекқызы қызметте ғана емес, отбасында да өнегелі ана, ардақты жар. Өмірлік жолдасы Аман Байнекеев екеуі үш ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп отыр. Балаларының білімді, тәрбиелі әрі елге қызмет ететін азамат болып қалыптасуы үшін аянбай еңбек етуде. Оның әрбір атқарған ісінің түпкі мақсаты – отбасының берекесін нығайтып, ұрпағына жарқын болашақ қалыптастыру. Шынында да, мемлекеттік қызмет пен отбасы жауапкершілігін қатар алып жүру оңай емес. Дегенмен Нағима Тулашова осы жолда табандылықтың, еңбекқорлықтың және жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсетіп келеді.
Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”