Basty bet

Ыстықкөлдегі кездесу немесе Шыңғыс Айтматовтың соңғы сұхбаты

Ұмытпасам, 1996 жылдың жазы болатын. Ол кезде «Қазақтелефильмде» Бас директор болып қызмет атқаратынмын. Бір күні көптен бері араласып, рухани ағам болып кеткен қазақтың талантты ақыны, Қырғызстандағы Қазақстанның өкілетті және төтенше елшісі Мұхтар Шаханов телефон соқты.
– Доқтырхан інім,– деді Мұқаң амандық сұрасқан соң тікелей шаруасына көшіп, сәрсенбі күні таңертең Бішкек қаласында «Ыстық көл» атты халықаралық форум басталмақ. Екі жылда бір өтетін бұл беделді басқосуға Еуропада жүрген Шыңғыс Айтматов ағаң Батыстың бір топ көрнекті ақын-жазушыларын, мемлекет және қоғам қайраткерлерін ертіп әкелгелі отыр. Рейсейден менің досым Евгений Евтушенко бастаған бір қауым орыстың мықты қаламгерлері де қырғыз жеріне арнайы атбасын тіркемек. Осы кездесуге бұрынғы аузы кереқарыс КСРО-ның басшысы Михаил Горбачев та келуге ниет білдіріпті. Мен жайлы өзің түсіруді қолға алған деректі фильмге «Ыстық көл» форумынан көріністер түсіріп алсаң, дұрыс болар еді. Осы оңтайлы сәтті пайдаланып, Шыңғыс Айтматовтан, Евгений Евтушенкодан және басқалардан сұхбат алуға болады. Өзің бұған қалай қарайсың? Келуге мүмкіндігің бар ма?
«Іздегенге – сұраған» демекші, мен жерден жеті қоян тапқандай қуанып кеттім.
Мұхтар аға, рақмет сізге! Дүние жүзінің түкпір-түкпірінен келетін, кілең ығай мен сығайлар жиналатын жиынға барған да арманда, бармаған да арманда емес пе! Әрине, барамын, – дедім қуанышымды жасыра алмай.
Олай болса, келістік, – деді Мұхтар Шаханов. – Ертең ертемен Алматыдан шығып кеткенің дұрыс болады, бір күн ертерек келіңдер. Жанындағы көмекшілеріңді ертіп, өзің талай рет ат басын бұрған Қазақстан елшілігіне тікелей келе бер. Жігіттерге ескертіп қоямын, өздері қарсы алады.
Ертесіне режиссер Баян Сұлтанова, кинооператор Николай Кишенин және жүргізуші Берік төртеуміз Бішкекке аттанып кеттік. «Ыстық көл» форумының алғашкы күні Бішкек қаласындагы Президент әкімшілігінің үлкен мәжіліс залында етіп, бұл кездесуге бүкіл әлемнің сен тұр, мен айтайын дейтін әдебиетшілері, өнер қайраткерлері, саясаткерлері қатысты. Бес жүзге жуық адам қатысқан айтулы форумды Шыңғыс Айтматов ашып, дүние жүзінің түкпір-түкпірінде тұрып жатқан адамзат баласының бүгінгі таңдағы ең өзекті проблемаларына тоқталып, бүкіл ұлт атаулыны ізгілікке, жақсылыққа, парасаттылық пен адамгершілікке, адалдық пен тазалыққа бастайтын әдебиет пен өнердің атқаратын рөліне жан-жақты терең талдау жасады.
Сол күні көптеген шетелден келген көрнекті саясаткерлер мен ақын-жазушыларды, өнер қайраткерлерін Кырғызстан Республикасының Президенті Асқар Акаев қабылдады. Осыдан бес-алты жыл бұрын Ленинградқа барған бір сапарында Орталық универмагта қырғыз ағайындардың осы бір көрнекті ұлымен кездейсоқ кездесіп қалғаным бар. Есімі бір Қырғызстанға ғана емес, кең байтақ КСРО-ға, одан да тысқары жерге кеңінен мәлім академик-ғалымға сәлем бергенімде ол үлкен ізеттілік керсетіп, бауырмалшылдықпен хал-жағдайымды сұрап жатты. Асылдың аты асыл ғой. Акаев мансап атаулының ең биік шыңына көтерілсе де, өзіне тән ізеттілігі мен қарапайымдылығын жоғалта қоймапты. Қараторы жүзінен ерекше бір мейірімділік нұры төгіліп тұрды. Қырғызстан Президенті алыс-жақыннан келген құрметті қонақтарға жүрек жарды сөздерін айтып жатқанда, алғашқы қатардағы орындардың бірінде бүкіл әлемді дүрілдетіп, уысында ұстаған КПСС Орталық Комитетінің бұрынғы Бас хатшысы Михаил Горбачев отырды. Баяғы сес, айбат жоқ, жүні кәдімгідей жығылып қалыпты.
Кешке қарай Ыстық көлге жүретін болған соң, астымыздағы көлікті қаратып алмақ болып, қаланың шетіндегі техникалық қызмет көрсету орталығына бұрылдық. Бірнеше жыл жүріп тастаған «Волганы» мұқият қарап шыққан жөндеуші қырғыз жігіті басын шайқап:
– Оу, тайекелер, мына жағдаймен бүгін Алматыға жете алмайсыздар, машинанын астыңғы жағындағы гранаты бүлініпті, оны ауыстырмаса, жолда қаласыздар, – деді қолына жұққан майды шүберекпен сүртіп жатып.
– Қырғыз бауырым, біз Алматыға емес, Ыстық көлге жол жүріп бара жатырмыз. Өзің де естіп жатқан боларсың, Қырғызстанда Халықаралық «Ыстық көл» форумы өтіп жатыр. Бұл басқосу ертең таңертең Ыстық көлде жалғасады, біз тезірек сонда болуымыз керек. Бір амалын жаса, көкетай, – деймін шыр-шыр етіп.
– Телевидениядан екендіктеріңді көріп тұрмын аға. Бірақ, менің қолымнан ештеңе келмейді, біріншіден, менде қажетті запас бөлшегі жоқ, екіншіден, гранатты тапқан жағдайдың өзінде оны ауыстыру үшін біраз уақыт керек. Сіздерге қол ұшын бергім-ақ келіп тұр. Бірақ, қолдан келер шара жоқ, – деді қырғыз ағайын шынын айтып.
«Жоққа жүйрік жетпейді» деген осы. Жағдайды айтып түсіндірмек болып, Қазақ елшілігіне телефон соғып едім, форумды өткізуге жауапты қызметкерлердің бәрі Ыстық көлге екі-үш сағат бұрын жол жүріп кетіпті. Не істерімізді білмей, салымыз суға кетіп тұрғанда, жанымызға қымбат шетелдік машина мінген жігіт ағасы тоқтап, көліктен шықты. Бізге, біздің «Волгамызға» көз тастап, жылыұшырай қарады.
О, менің қазақ тайекелерім келіп қалыпты ғой,- деді ол ашық-жарқын амандасып, – байқаймын, көңіл-күйлеріңіз онша емес, бір проблема болып қалды ма?
Шофер бала екеуміз болған жайды түсіндіріп айтып жатырмыз.
– Жөндеуші баланың айтқаны жөн, – деді бейтаныс қырғыз қол сағатына қарап. – Запас бөлшек сататын базар да жабылып қалды. Дегенмен, сіздер уайымдамаңыздар, бір амалын табамыз, тайекелер. Құдай қаласа, бір сағаттан соң, Ыстық көл қайдасың деп тартып кетесіздер. Ал, қазір жақсылап тұрып шай ішіп алайық, – деп бізді жөндеу шеберханасының жанындағы асханаға қарай бастады.
Дастарқан мәзірі тез дайын болып, бір-екі кесе ыстық шай ішіп, маңдайымыз жіпси бастағанда, қырғыз ағайын өзін таныстырып өтті.
– Қазақта «Мың адамның түрін білгенше, бір адамның атын білген жөн» деген сөз бар. Ac үстінде таныса отырайық. Менің атым – Медетбек, әкемнің аты – Дүйсен. Алатаудың етегінде «Ақбастау» деген атақты жайлау бар, оның бір шетін қазақтар, енді бір шетін қырғыздар ежелден жайлап, ауылы аралас, қойы қоралас болып жатады екен. Менің ұлы нағашыларым қазіргі Алматы облысындағы Жамбыл ауданында мекен етіпті. Анам Шапыраштының ішіндегі Екей руының қызы. Жарықтық жақсы адам болған екен, ерте қайтыс болыпты. Атам, әкем ертеректе анамның елімен жиі-жиі араласып тұрыпты, кейін қилы-қилы заман болып, көз көргендер дүниеден озып, қатыса алмай, арамыз алшақтап кетті.
– Сіздің нағашыларыңыз тұратын Жамбыл ауданын мен жақсы білемін. Ежелден кұт пен бақ, ырыс пен береке қонған қасиетті жер, батырлар мен ақындардың атамекені. Жамбыл ауданында атақты Қарасай, Наурызбай, Саурық, Сұраншы батырлармен бірге Қоқан шапқыншылығы кезінде үлкен ерлік көрсеткен Медетбек батырдың да аты қастерлеп аталады. Сіз сол қазақ батырымен есімдес екенсіз, – дедім мен әңгімеге араласып.
– Сөзің өте орынды, – деді қырғыз бауырым. – Медетбек батырдың есімі қазаққа қандай белгілі болса, қырғыз жерінде де әрқашан да құрметпен аталады. Менің атым Медетбек батырдың құрметіне қойылған. Оның үлкен тарихы бар. Көне көзді қариялардың айтуы бойынша, ежелгі заманда, қырғыз халқының басына күн туып, алыстағы Сібірден Алатаудың күнгей жағына қоныс аударса керек. Сол қиын-қыстау күндерде қазақтар: «Бәріміз де Ертүріктің ұрпағымыз, бөтен емес, өзіміздің бауырымыз боласыңдар», – деп жер беріп, Ыстық көлдей ыстық ықылас танытқан екен. Қазақтардың бұл жақсылығын қырғыз халқы ешқашан да ұмытпайды, ол сан ғасырлар бойы атадан – балаға айтылып келе жатқан ұлы өсиет болып табылады. Ежелден көрші жатқан екі халық қыз алысып, қыз берісіп, мың жылдық құда болып, тату-тәтті тұрды, қуанышы да, қайғысы да бір болды.
Әрине, бес саусақ бірдей болмайды, адам болған соң, оның аласы да, құласы да кездесіп қалады. Екі туысқан халықтың татулығы мен бірлігіне сына қаққысы келген бұзық ниетті жандар қырғызда да, қазақта да болғаны ащы болса да шындық. Осы оқиғалардың арты үлкен дауға, соғысқа айналып кетулеріне екі көрші туысқан халықтың данагөй аксақалдары жол бермеген.
Менің туған бабам – Шоңбай қырғыздың атақты барымташысының бірі болыпты. Тарих қойнауына кеткен XVIII ғасырдың аяғында өмір сүрген батыр тұлғалы барымташы бастаған топ көршілес жатқан Шапырашты ғана емес, Шығыстағы Наймандардың, Арқадағы Арғындардың жылқысын үйір-үйірімен айдап әкетіп жүріпті. Шоңбай бабам жүрек жұтқан батырлығымен, жомарттығымен, үлкен адамгершілігімен атақ-даңқы шығыпты. Елдің айтуы бойынша, ол дүниенің құлы болмапты, барымтадан түскен өз үлесін туған-туысқандарына, кедей-кепшікке, жесір-жетімге бөліп береді екен.
Бірде Шоңбай бабам Алатаудың теріскей жағындагы Шапыраштының жылқысын ұрламақ болып, түнгі жорыққа аттанғанда, көптен бері кектеніп жүрген қазақтар айласын асырып, оны қолға түсіреді. Ертесіне барымташыларды дедектетіп, Шапырашты руының игі-жақсыларының алдына алып келеді.
– Шоңбай бастаған қырғыз барымташылары талай рет жылқымызды айдап әкетіп, елді қан қақсатты. «Көп асқанға, бір тосқан» демекші, қолымызға түсіп, мүсәпір болып, алдымызда отыр. Бұл баукеспе ұрыға ешқандай рақымшылық болмасын, құнының да бізге керегі жоқ. Өмір бойы терең зынданда құрт-құмырсқаға таланып, қор болып өлсін! – деп Сарыбай би өзінің қатал үкімін айтады. Шоңбайға көптен бері тісін қайрап жүрген басқа билер де Сарыбай бидің сөзін қостайды.
– Дат, – депті сонда Медетбек батыр. – Мен Шоңбайдың жасаған қастығын ақтайын деп тұрған жоқпын. Ол қандай жазаға болса да әбден лайық. Дегенмен, тым қаталдыққа, қатыгездікке бармайық. Шоңбайды өлгенше зынданда ұстағаннан біз ештеңе ұтпаймыз, қайта қазақ-қырғыз бір-біріне өшіге түседі. Бұның баукеспе барымташы екендігіне еш дау жоқ бірақ қырғыздың көбісі Шоңбайды нағыз адам ретінде, кедей мен жетім-жесірді есіркеген жүректі, қайырымы мол жан ретінде хан көтеріп, сыйлайды. Шоңбайды мен де сырттай жақсы білемін, дұшпаным болса да, адамдығын сыйлаймын. Қырғыз батырының осы жағын да ескеріп, оны қор етпейік. Өлімге жұмсап отырған қырғыздың манаптары айып-құнын төлесін, Шоңбайды бостандыққа жіберейік. Ол бұдан былай қазақ жерін арам ниетпен аттамаймын деп ант берсін.
Қазақтың дана билері әрқашанда сөзге тоқтаған. Олар Медетбек батырдың қара қылды қақ жарған әділ шешіміне құлақ асып, көп ұзамай-ақ Шоңбай бабам еліне аттанып кетіпті.
Менің бабам Шоңбай сөзінде тұрып, барымташылықты мүлдем қойып, бейбіт кәсіпке көшіпті, одан жаман болмапты. Жасы тоқсаннан асқанша Медетбек батырдың ақылдылығы мен кемеңгерлігін, өзіне жасаған шоң жақсылығын үнемі айтып отырады екен. Баба өсиетіне атам да, әкем де адал болды. Әкем Дүйсен қазақтың қызына үйленіп, перзентті болғанда, үлкен той жасап, менің атымды Медетбек қойыпты.
Өнегелік, тәлім-тәрбиелік мәні зор, әсерлі әңгімені ұйып тыңдап қалыппыз. Алғашқы көргеннен-ақ бізге үлкен бауырмалдық танытқан жігіт ағасы ыстық ықыласымен бәрімізді өзіне баурап алды. Тамақ ішіп болғанымызда, ішке ұзынбойлы жас жігіт кіріп, ізетпен сәлем берді.
– Бәрі де дайын, сапарға шығуларыңызға болады, – деді ол егде қырғызға қарап.
– Дұрыс, балам, тайекелер, танысып қойыңыздар, бұл жігіт менің кіші ұлым. Аты – Азамат. Балам сіздерді өзінің машинасымен Ыстық көлге дейін жеткізіп салады. Қайта оралғанда өз көліктеріңіз дайын болады, – деп орнынан тұрып, бізге сәт сапар тіледі.
Біз Медетбекке алғысымызды жаудырып, Ыстық көлге аттанып кеттік.
Мен жол үстінде келе жатып, жолдасым, жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы айтқан мына әңгімені еске түсірдім.
Саурық батырдың баласы Сыпатай мен Медетбектің арасындағы қыл өтпейтін достық туралы ел арасында аңыз-әңгіме көптеп кездеседі. Тай-құлындай тебісіп бірге өскен олардың жолдастығы сонау бала кезден басталып. Медетбек пен Сыпатай өмір бойы бір-бірін сыйлап, қадірлеп өтіпті.
Бірде қырғыздар бейқам отырған Шапыраштыларға ойламаған жерден соғыс ашып, 15 жасар Сыпатайды тұтқынға түсіріп, олжалы болған малмен бірге айдап алып кетеді. Жан досының қырғыздарға қолды болып кеткенін естігенде жас Медетбек үйге сыймайды. Есілдерті Сыпатайды қырғыздардың тұтқынынан босату. Бұл туралы әкесіне немесе туған-туыстарына айтса, «Әлі белің қатпаған жас баласың, жайыңа қарап тыныш отыр», – деп ешқайда да жібермейтіндігін бозбала жақсы біледі. Ол ешкімнің рұқсатынсыз үйден қашып шығып, ел кезген диуана бала болып, досын іздеуге бет алады. «Сұрай-сұрай Меккеге де жетесің» демекші, бірнеше күн жаяу жүріп, Сыпатай досы тұтқында жүрген қырғыз ауылына да жетеді. Медетбек үлкен сақтықпен жан-жағына көз тастайды. Қырғыз ауылындағы ересектер бір жаққа кеткен болу керек, мұнда негізінен кемпір-шалдар, жас балалар қалыпты. Аяғын батылдана басқан Медетбек шеткі үйдің сыртында күйбеңдеп, үй шаруасымен айналысып жүрген әйелден су сұрады. Үлкен ожаумен су әкелген әйел Медетбекке таңдана қарады, бір жерден көрген сияқты.
– Шырағым, қазақсыңба? – деді әйел сақтана жай сөйлеп.
– Иә, қазақпын. Байқаймын, сіз де қазақ сияқтысыз, – деді Медетбек әйелге ожауды қайтарып беріп жатып.
– Мені осыдан үш жыл бұрын қырғыздар тұтқынға түсіріп, алып қашып кеткен. Қәзір Манапбек деген қырғыз байының тоқалымын. Тоқал деген атым болмаса, көп күңнің бірімін. Сен Саурық батырдың ұлы Сыпатайды іздеп жүрсің бе?
Жасына жетпей тым қартайып кеткен тұтқын келіншек Медетбекке тік қарады.
– Жоқ, мен ел кезіп жүрген диуана боламын, – деді бозбала әйелге сеніңкіремей.
– Шырағым, өз бауырына қастандық ойлайтын жаман адам емеспін. Сені танып тұрмын. Сыпатай екеуіңді осыдан біраз жыл бұрын «Ақбастау» жайлауынан көргенмін. Ол кезде екеуің де он екілердегі бала едіңдер. Мен Шапыраштының ішіндегі Шыбылдың қызымын. Бір-екі күнде Сыпатайды Ошқа апарып, құлдыққа сатпақ, – деді әйел тез-тез сөйлеп.
– Әпке, бұл ауылдың еркек біткені көрінбейді ғой, олар қайда кеткен? – деді Медетбек әйелге жақындай түсіп.
– Көрші ауылдағы қырғыздың бір беделді ақсақалы дүниеден озған, бәрі сонда кетті. Осы қолайлы сәтті пайдаланып, Сыпатайды алып, тез елге қашып кетіндер, – деді Шапыраштының қызы жан-жағына сақтана қарап. – Анау шеткі екінші үйдегі байлаулы тұрған екі атты көрдің бе? Қырғыздың екі жігіті бір жерден шаршап-шалдығып келді, астарындағы аттарының ер-тоқымын алуға да жарамай ұйқыға кірісті. Бұл сабаздар енді кешке дейін оянбайды. Сен ауылды аралап, қайыр сұраған болып жүр, ал мен бие саууға көмектесіп жүрген Сыпатайға барып ескертіп келейін, – деп қазақ әйелі ауылдың шетіне жүгіре бет алды.
– Әпке, сәл тоқтай тұрыңызшы, – деді Медетбек өтініп. – Сізді қырғыздарға тастап кете алмаймын. Елге бірге кетейік.
– Рақмет, көкем, бірақ, мен бара алмаймын. Екі жас балам бар, оның үстіне аяғым ауыр. Тағдырдың маңдайыма жазғаны осы болды, қайтемін, көнбей қайда барамын. Қош бол, айналайын, жолдарың болсын, елге сәлем айтыңдар! Қазір Сыпатай келеді, тез аттанып кетіңдер, кешке дейін елдің шетіне ілігіп қаласыңдар. Көз жасын сығып, жаутаңдай қараған келіншек алға қарай бет алды.
Көп ұзамай-ақ Медетбек пен Сыпатай жолға шықты. Жол бойы үндемей келе жатқан Медетбек Шапыраштының жеріне іліккенде «Қайран әпкем-ай!» деп еңіреп жылап жіберді. Сыпатай оны қалай жұбатарын білмеді. Оның да қос жанарында жас мөлтілдеп тұнып тұр еді.
Барымташылыққа байланысты қазақ пен қырғыздың арасында жиі-жиі қақтығыстар болып тұрғаны тарихи шындық. Осындай шапқыншылдықтың бірінде жиырма жастағы Медетбек байқаусызда қырғыздардың қолына түсіп қалады.
Тұтқиылдан шабуыл жасап, мол олжаға кенелген қырғыздар мастанып, Медетбек батырды танымайды. Шапыраштының жас жолбарысына керегі де осы еді, ол өтіріктен мақау бола қалады. Беті-қолын жумай, сақал-мұртын өсіріп, түрін адам танымастай өзгертеді. Қырғыздардың ымдауымен отын жарып, су құйып жүре береді.
Арада бірнеше ай өтіп, Медетбек батыр елге қашудың ретін тағатсыздана күтіп жүреді. Бір күні Ош қаласындағы атағы жер жарған манаптың үйіне Алатаудың күнгей жағынан келген бір топ қырғыздар келіп, қонақ болады. Өктем-өктем сөйлейтін қара сұр, еңгезердей қырғыз батырын Медетбек бірден таниды. Ол мал сатумен бірге адамдарды да құлдыққа сатуды кәсіп етіп жүрген қаныпезер қырғыз болатын. Медетбек қолға түскенде: «Маңқа қазақтың алып денелі батырын қамшы үйірмей-ақ тұтқынға түсірдім. Сені бар болғаны он жылқыға сатамын, мұны кім іздей қояды дейсің, сайда саны жоқ, құмда ізі жоқ деп мақтанғаны әлі есінде. Оштың атақты манабы алыстан келген қонақтарды күтіп, абыр-сабыр болып жатқанда Медетбек отын кіргізген болып, асып-тасып отырған әлгі қарақшының сөзіне құлақ тосты.
– Манап, мырза! Оштың базарына қазақтардан барымталап алған үш үйір жылқыны сатуға алып келдім. Қаласаң, құлдыққа екі жас жігіт пен бір жас қызды сатамын. Қыз болғанда қандай! Қазақтың нағыз ай мандай, қиғаш қас сұлуы! Күң деген сенде онсыз да жетіп артылады, әлгі бойжеткенді тоқалдыққа ал, жас иіс иіскеп, қатынға бір жарып қаласың. Ха, ха, – деп қарақшы бөсіп отыр екен.

Таңдаулы материалдар

Close