Basty bet

Халық қалаулысы әлеуметтік нысандарды аралады

Кеше Жамбыл облыстық мәслихатының төрағасы Абдалы Нұралиев ауданға жұмыс сапарымен келіп, өңірдегі бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады.

Халық қалаулысы аудан әкімі Жалғас Мұртазамен және аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаевпен бірге алдымен Жетітөбе ауылдық округіне қарасты Кәріқорған ауылындағы №7 Т.Әкімов атындағы орта мектептің жылыту қазандығын барып көріп, ондағы мәселемен қанықты. Ол өз сөзінде жылыту маусымына дейін жылу жүйесін тездетіп ретке келтіру керектігін баса айтты.
Сонымен қатар, А.Нұралиев Кәріқорған ауылындағы ескі «Универмаг» ғимаратын көріп, «Жетітөбе-2022» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жұмысына қанығып, кооперативтің жұмысына оң бағасын берді. Одан бөлек, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында салынып жатқан Б.Момышұлы ауылындағы спорт сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты.
Әрі қарай облыстық мәслихаттың төрағасы былтыр ғана жаңа оқу жылында пайдалануға берілген Диқан ауылындағы №27 Диқан орта мектебінің жай-күйін аралап көріп, мұндағы құрылыс жұмыстарының сапасыз жүргізілгенін назарға алды.
Айта кету керек, мектептің қоршауынан бастап, сыртқы қабырғаларының сылақтары опырылып құлап жатыр. Одан бөлек, білім ошағының айналасына төселген бетондар да мүжілген. Осылайша жаңадан соғылған ғимараттың “әттеген-айларын” көрген А.Нұралиев мектеп директорына бұл мәселені тездетіп жөнге келтіру керектігін айтты.
Одан әрі «БУРНОЕ СҮТ КОМПАНИЯСЫ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымымен кездесіп, қызметкерлердің ой-пікірлеріне құлақ салып, қойылған сұрақтарға жауап берілді.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close