Basty bet
Қайран біздің аналар! Арды ойлаған…
Қарасаз ауылының тұрғыны Ұлбосын Дулатбаева 1941 жылы 13 маусымда Таңшығыс ауылында өмірге келген. Әкесі Есмахан қызы өмірге келгеннен кейін санаулы күндерден соң соғысқа аттанып, соғыстан 1945 жылы аман-есен оралыпты.
Шаруа отбасында екі ұл мен екі қыз тәрбиеленген.
Оқуға құмар Ұлбосын әже 4 сыныпты бітіргеннен кейін қалаға әпкесінің қолына барып оқиды. Бірақ, ата-анасы 5 сыныптан кейін қайта шақыртып алыпты. Содан әрі қарай оқуға шамам келмеді, анама көмектестім, олжам – анамнан алаша, кілем тоқуды, киім тігуді үйренгенім болды дейді әжей.
-Анам тоқу мен тігудің шебері болды. Бүкіл ауылдың қажетін тігіп, тоқып беретін ерінбейтін, еңбекқор жан еді.
18 жасымда тұрмысқа шықтым. Жолдасым Қарасаз ауылының тумасы Айнабек Дулатбаев деген азамат болды. Ол совхозда мал бақты. Мен картоп алқабында жұмыс істедім. Кейін директорымыз Заварикин мені сауыншылыққа ауыстырды.
Басшымыз адамгершілігі жоғары, адамдарды еңбегіне қарай бағалайтын әділ кісі еді. Менің еңбегімді бағалап үнемі марапатқа ұсынып отыратын.
Ол кісінің жұмысшылар жұмыс істеп жатқанда келіп сыртымыздан бақылап тұратын әдеті бар еді. Бір күні мені шақырып алып, бұзауға күтім жасауға ауысасың деді. Бұзауларға күтім жасау – сауыншылықтан да ауыр, жауапкершілігі жоғары жұмыс.
Жалпы ол кісі жиі-жиі жиналыс жасап, еңбек озаттарын көтермелеп, елдің алдында мерейін өсіріп, марапаттап отыратын. Басшының мұнысы жұмысшыларға шабыт беретін. Мен ол кісінің қолынан сыйақы есебінде талай рет кілем, палас, бір жолы киімге дейін алғанмын. Дәл сол заманда бұл заттың барлығы тапшы еді ғой. Ол кісіге өте ризамын,- дейді Ұлбосын Есмаханқызы.
Ұлбосын әже үш ұл, төрт қызды өмірге әкеліп, өсіріп, тәрбиелеген ардақты ана. Кенжесі алты айлық кезінде жолдасы өмірден озып, үйелмелі-сүйелмелі жеті бала-шағаны бір өзі жеткізген.
– Жұмысқа ат арбамен баратынмын. Түнгі үште тұрып атымды ерттеп, арбаға жегіп дайындап қойып сиырымды сауамын. Сосын жұмысқа барамын. Жұмысқа таңертең сауыншылардан бұрын барамын да, олардан кейін қайтамын. Кейін жаныма ұлымды ертіп жүретін болдым.
Қиындықты біркісідей көрдім. Жолдасым жер алып, осы үйімізді соғып берді. Бір-екі бөлмесін бітіріп тұрып жаттық. Сосын ол өмірден озды.
Балалар өсіп келе жатыр, үйді кеңейту керек. Содан үйдің іші-сыртын сылап, ақтап, алдына тағы бөлмелер қосып, кеңейттік. Елдің ортасында отырмыз ғой, мен елге пеш соғып беремін, асар жасап елді өз үйіме көмекке шақырам, олар келіп бізге көмектеседі. Солай ел-жұрттың арқасында үйімізді бітіріп алдық.
Қиындық біреуді ширатады, біреуді жүдетеді. Бұрын да, қазір де қиындыққа шыдамай түрлі теріс жолға түсіп немесе жүдеп кететіндер көп қой. Мен Алланың берген күш-қуатымен адал еңбек етіп балаларымды қатарға қостым. Балаларға дұрыс тәрбие беріп, тура жолмен жүрдім. Аллаға шүкір, қазір елдің алдында ұл-қыздарымның да, өзімнің де бетім ашық, барлығы апалап сыйлап тұрады. Бұдан артық бақыт барма?!
Балаларға кісінің ала жібін аттама, біреудің дүниесіне қызықпа, өзіңнің барыңды бағала, адалынан еңбек ет деп айтумен, үлгі көрсетумен болдым. Аллаға шүкір, ешқайсысы жаман болған жоқ. Малшы болса да жүзі ашық,- дейді кейуана.
Әжеміздің келінімен сыйластығы да көрініп тұр. Әже: “Ене келіннің жақсысын асырып, жаманын жасырып, кешірімді болу керек”,- дейді.
Қолындағы ұлы Айдар мен келіні Раушан отбасының ұйытқысы, берекесі болып отырған әжелеріне деген ризашылығын білдірді.
-Менің бұл шаңыраққа келін болып түскеніме 26 жыл болды. Осы уақытқа дейін ұрысып, керісіп көрген жоқпыз.
Басында ол кісі маған “сен қызымдай бола білсең, мен анаңдай қамқор бола аламын” деген еді. Сол сөзінде тұрды.
Енем ойдағысын ашық айтады және әдемі тұспалдап жеткізеді. Көңіліңе қарап жұмсартып сөйлейді.
Апамыз өте қонақжай, көпшіл кісі. Мен бұл кісінің қайсарлығы мен адамгершілік қасиетіне тәнтімін,- дейді келіні Раушан.
Әжей жеті ұл-қызынан 22 немере, 19 шөбере сүйіп отыр.
“Адамның еңбектен өзін қалдырғаны қарттыққа бой алдырғаны” демекші, еңбекқор әже 82 жасқа келсе де ширақ. Тіл-көзіміз тасқа.
Қартайғанда үйіңе өз аяғымен кіріп-шығудың өзі бақыт. Бейнетінің зейнетін көріп отырған Ұлбосын әжемізді әдемі қартайған жан деп айтуға толық негіз бар.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»