Basty bet

Әскерге бару таңдау ма әлде талап па?

Қазір елімізде ер азаматтардың әскерге баруы, сол әскерге деген теріс көзқарасы қоғам назарында тұрған өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Бірі жақтайды, бірі даттайды. Айналып келгенде, Отан алдындағы борышын өтеу кез келген ер азаматтың міндеті екенін ескермей жатамыз. Расында сол міндеті әскери борышын өтеуден басталатынын біле тұра, «бармай жүрген жалғыз мен ғана ма?» деген қасаң ойда жүргендер қаншама?!
Елімізде 18-27 жас аралығындағы ер азаматтар үшін әскери қызмет – міндетті. Конституцияның 36-бабы бойынша әрбір азамат елін қорғауға дайын болуы тиіс. Бірақ жастардың көбісі түрлі жолмен әскерден жалтаруға тырысады. Бірі – қала кезіп жұмыста жүрсе, бірі – үйінің жалғызы я асыраушысы, енді бірінің – батылдықтан гөрі қорқынышы басым. Тіпті, кейбірі денсаулық жағдайына жалған анықтама жасатса, басқалары жоғары оқу орындарына түсіп, одан кейінгі стипендиялық бағдарламалар арқылы бұл міндеттен құтылып жүр. Өйткені олар үшін бұл – бір жыл уақытты текке жоғалту. Олардың пікірінше, әскери қызметке барудан жалтарудың басты себебінің бірі – армиядағы түрлі жағдайлар мен тәртіп мәселесі. Еске сала кетейік, 2023 жылы елімізде әскер қатарында болған сарбаздардың арасында 15-ке жуық өлім жағдайы тіркелген. Бұл – ресми дерек қана. Содан да көптеген ата-ана балаларының өмірі мен денсаулығы үшін алаңдап, оларды әскерден алып қалудың жолын іздестіруде.
Жалпы Заңның 31-тармағы негізінде азаматтарды әскерге шақыру уақыты жылына екі рет орындалады. Наурыз бен маусым айы аралығында және қыркүйек айы мен желтоқсан айының ортасында өтеді. Осы тұста, аудандық Қорғаныс істері бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, биылғы көктемгі шақырылымда ауданнан 109 азамат әскерге аттанса, оның ішінде Шекара қызметіне – 17, Мемлекеттік күзетке – 1, Төтенше жағдайлар бөліміне – 3, Қазақстанның Қарулы Күштер қатарына – 56 азамат жіберілген.
Қарап отырсақ, жылдан жылға әскери борышын өтеуден жалтарған азаматтардың саны өсуде. Олардың басым бөлігі медициналық анықтама, оқу немесе өзге себептер арқылы міндеттен босатылған. Одан бөлек, жүргізілген сауалнамаға сәйкес, 18-27 жас аралығындағы азаматтардың 62%-ы әскерге баруға ынтасыз екенін білдірген. Сауалнамада жиі кездескен себептер: әлімжеттік, нашар тұрмыстық жағдай және болашақ мансапқа зиян келуі. Осы көрсеткіштер елдегі әскери жүйенің проблемаларын нақты көрсетіп, бұл мәселені шешу үшін кешенді тәсіл қажет екенін дәлелдеп отыр. Әскери қызметтің мәселелерін айтқанда бірінші кезекте әлеуметтік жағдайлар мен әлімжеттік алға шығады. Көпшіліктің пікірінше, әскерде «жарғылық емес қатынастар» деп аталатын бейресми тәртіп жүйесі әлі де бар. Соның ішінде, жаңа келген сарбаздарға бұрынғы «ағаларының» қысым көрсетуі жиі кездеседі екен. Әлбетте, бұл әскерге деген үрей мен сенімсіздік тудырып, жас жігіттердің психологиялық күйзеліске түсуімен қатар, әскердің әлеуетін де төмендететіні мәлім.
Қазір қоғамда әскери қызметке деген құрметтің азайып бара жатқандығы да көңіл құлазытады. Бұрын әскери форма кию ерлік пен мәртебенің белгісі болса, бүгінде көпшілік үшін ол жай ғана міндет. Осы тұста, бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде әскери қызметтің жағымсыз жақтарының жиі айтылуы, жақсы тұсының сирек көрініс табуы да жастардың құлшынысына теріс әсерін тигізбей қоймасы анық. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа арнаған Жолдауында: «Жастар әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге барады. Жас сарбаздарымыз өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскер қатарында, ең алдымен, темірдей тәртіп болуға тиіс. Қарулы күштер мен басқа да күштік құрылымдар осы талапты мүлтіксіз орындауы қажет. Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты» деп айтқан болатын.
Президенттің бұл мәселеге арнайы тоқталуы мерзімді әскери қызметте белгілі бір келеңсіздіктің орын алып жатқанын аңғартса керек. Біздің ойымызша, армияға баруды тартымды әрі сенімді ету үшін әскери қызметтің сапасын арттыру, атап айтқанда, жатақхана, тамақ, медициналық көмек, психологиялық қолдау сияқты негізгі қажеттіліктерге ерекше назар аударылуы тиіс. Әлімжеттік мәселесінің ел аузында жүруі де жайдан-жай емес. Ашықтық пен әділдік болған жағдайда да ғана сарбаздардың қауіпсіздігі толықтай қамтамасыз етілмек. Сол себепті жастар арасында әскери-патриоттық тәрбиені күшейтіп, мектеп пен колледждерде әскери-патриоттық сабақтар, арнайы курстар, кездесулер өткізу арқылы жастардың бойына Отанға деген сүйіспеншілік сезімін ояту қажет-ақ.
Армияны жаңғыртып, оның беделін көтеру – тек сала мамандарының ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті. Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы айтқандай, әскери қызмет дегеніміз – дені сау әрбір азаматтың асыл парызы, ардақты борышы, кімде-кім әскери қызметтен жалтарса, ол патриот емес…

Таңдаулы материалдар

Close