Basty bet

Алыс-жақын мемлекеттермен байланысымыз нығая түседі

Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты белсенділігімен, тепе-теңдік сақтауға ұмтылысымен, прагматизмдігімен, сындарлы сұхбат жүргізуге талпынысымен және көпжақты ынтымақтастыққа бағытталғандығымен ерекшеленеді. Халықаралық аренада мемлекетіміз өзінің тарихи, геосаясаттық және экономикалық факторларына байланысты көп ғасырлар бойы сыртқы саясатын халықаралық ынтымақтастық, көршілес мемлекеттермен татуластық және олардың аймақтық біртұтастығын құрметтеу принципіне негіздеп жүргізіп келеді. Қазақстанның өзге мемлекеттермен тең құқылы және екі жаққа да тиімді қарым-қатынас құруға дайындығы оның бүгінгі күні дипломатиялық байланыс орнатқан шет мемлекеттер санының көптігімен дәлелденіп отыр.
1991 жылы тәуелсіздік алған сәттен бастап, республикамыз әлемнің 130 мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Көптеген себептерге байланысты Орталық Азия мен Қазақстан аймағы әлем саясатында қазіргі кезде ерекше назарға ие. Қазақстан екпінді даму қарқынының арқасында ipi трансұлттық корпорациялардың, өзге мемлекеттердің үлкен қызығушылығына ие. Қазақстан Орталық Азиядағы географиялық сипаты бойынша ең ipi мемлекет болып табылады, оған қоса экономикалық даму қарқыны бойынша біздің мемлекет аймақтағы көшбасшы. Осы ретте еліміздің болашақта даму мүмкіндіктерінің мол екендігін ескеруіміз керек.
Бүгінгі күні қазақстандық сыртқы саясат басымдылығы ең алдымен Ресей, Қытай, АҚШ, ЕО, Орталық Азия аймағындағы көршілес мемлекеттермен, ислам әлемімен тең құқылы қарым-қатынас құруга бағытталып отыр. Бұл тұрғыда 2006-2007 жылдары аталмыш мемлекеттермен және аймақтармен екі жақты байланыс едәуір алға басты. Осылайша мeмлeкeтiмiздiң әлемнің жетекшi державалары мен көршілес ТМД мемлекеттepi арасындағы стратегиялық серіктестігі жаңа деңгейге көтерілді деуге болады.
Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығында Қазақстан Республикасы халықаралық қауымдастықтың белді мүшесіне айналды. Осы қысқа мерзімде Қазақстан өзінің ерекше даму моделін таңдап, әлемдегі бейбітшілік пен бірліктің бірден-бір үлгісі бола білді.
Қазіргі таңда біз тарихтан дана бабаларымыздың әр кезеңдерде алыс-жақын елдермен шебер жүргізген дипломатиясы мен ел мүддесін қорғаудағы ерліктерін мақтан тұтамыз.
Қазақстан іргелес бес елмен 14 мың шақырымнан астам әлемдегі ең ұзақ құрлық шекараларын алғаш рет әлемдік тәжірибеге сай халықаралық шарттармен бекітіп, көршілес және әлемнің жетекші елдерімен достық және өзара пайдалы ынтaымақтастық қатынастарын құрды. Бүгінде еліміз 140-тан астам мемлекетпен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан. Қазақстанның шетелдерде 70-тен астам дипломатиялық миссиялары, кәсіби дипломаттарының жеткілікті саны бар. Шетелдермен белсенді ынтымақтастықтың нәтижесінде мемлекетаралық, үкіметаралық және ведомствоаралық деңгейде 3 мыңнан астам әртүрлі салалардағы халықаралық шарттар жасалды.
Қазақстанның аймақтағы және әлемдегі саяси, қауіпсіздік, өркениеттік, экономикалық, экологиялық мәселелерге қатысты бастама көтеріп, оны шешу жолында жүргізіп келе жатқан табысты саясаты мен бастамалары әлем елдері тарапынан оң қабылданып, жаһанның жетекші елдерімен стратегиялық әріптестігі жарасып, Қазақстанның экономикалық қуатының қарқынды өсіміне, сыртқы әлеммен сауда-экономикалық, сондай-ақ инвестициялық байланыстарының дамуына негіз болуда.
Географиялық және геосаяси тұрғыда еуразия кеңістігінің қақ ортасында, әлемнің жетекші державаларымен көршілес орналасу, мемлекеттің сыртқы саясатына әсер етпей қоймауы мүмкін емес. Сол себепті тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап, Қазақстан Ресей Федерациясымен және Қытай Халық Республикасымен екіжақты қарым-қытынастарға стратегиялық басымдық беріп, үнемі дамыту үстінде. Ресей Федерациясымен одақтастық қатынастарды дамыту ісі – сыртқы саяси бағытымыздың жетістігі екені сөзсіз. Бүгін РФ-мен өзара ынтымақтастықтың басты жетістіктері өңірлік интеграцияда, сондай-ақ сауда-экономикалық әріптестікті кеңейту кеңістігінде жатыр.
ҚР және РФ байланысы Еуразия кеңістігіндегі тұрақтылық пен дамудың берік факторына айналып, Еуразиялық Одақ шеңберінде қарқынды дамуда. Екі мемлекеттің саяси-экономикалық және мәдени салаларда терең ынтымақтастық жағдайында бай-ланыстар орнатып, түрлі қарама-қайшылықтарға ортақ көзқарас қалыптастырулары, ТМД елдері арасындағы көптеген күрмеуі қиын мәселелерді нәтижелі шешуге мүмкіндіктер беруде.
Шығыстағы көршіміз – Қытай Халық Республикасымен барлық бағытты қамтитын стратегиялық ынтымақтастық қатынастарды нығайту Қазақстан сыртқы саясаты сындарлылығының айғағы. Жаһандық ықпалы арта түсіп отырған осы елмен екіжақты сауда-экономикалық байланысты тереңдету арқылы еліміз әріптестік әлеуетін өз мүддесіне пайдалануда.
Стратегиялық әріптестік дәнекерлері Қазақстанды Америка Құрама Штаттарымен байланыстыруда. Бұл факт екі ел президенттерінің 2006 және 2010 жылдарғы Біріккен мәлімдемелерінде көрініс тапқан. Өзара қызметтестіктің қол жеткізілген деңгейі өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ядролық қаруды таратпау режимін бекіту, халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы тұру, энергетикалық тепе-теңдікті сақ-тау мәселелеріндегі өзара тиімді және тең құқылы ынтымақтастыққа негізделуде.
Тәуелсіздіктің барлық жылдары ішінде Еуроодақпен белсенді саяси үнқатысу сақталуда. «Еуропаға жол» Мемлекеттік бағдарламасын іске асыру нәтижесінде Қазақстан негізгі Еуропа мемлекеттерімен ынтымақтастықты әріптестіктің аса жоғары деңгейіне шығара алды.
Еуроодақ елдері бүгінде Қазақстанның әлемдегі басты сауда және инвестициялық әріптесі болып табылады. Елдің индустриялық-инновациялық даму стратегиясын іске асыру мақсатында ЕО елдерінен озық техниканы және технологияларды тарту Қазақстанның сөзсіз жетістігіне айналды.
Қазақстан ЕО-ның берік және жауапты энергетикалық әріптесі болып қалуда. Қазақстан Еуропаға қуат көздерін жеткізуде ОПЕК-ке кірмейтін елдер ішінде Ресей мен Норвегиядан кейін үшінші орын алады. Еуропалық әріптестерге көпжақты немесе екіжақты пішінде «Қазақстан – ЕО: 2020» Энергетикалық хартиясын дайындау және қабылдау жөнінде ұсыныс жасалды. Біздің Еуропа елдерімен көпқырлы ынтымақтастығымыз ҚР мен ЕО арасындағы жаңа арқаулық келісімде көрініс табуы қажет.
Еуропалық бағытта қол жеткізілген табыстар Қазақстан сыртқы саясатының азиялық векторын күшейту туралы шешім алуына мүмкіндік берді. Тәуелсіздік жылдарының ішінде Қазақстан Орталық Азиядағы өз ұстанымдарын нығайтты. Отанымыз өңірлік экономиканы белсенді инвестициялау мен қазіргі кездегі сынақтар мен қатерлерге бірге қарсы тұруда Орталық Азия елдерінің күш-жігерін біріктіру бойынша саясат жүргізуде. Қауіпсіздік, су-энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалану, еңбек миграциясы проб-лемалары мен өңір өмірінің басқа да өзекті мәселелері назарымыздан тыс қалмақ емес.
Қазақстанның сыртқы саясатында түркі әлемі халықтарының рухани мұрасын біріктіру және қайта құру мәселесіне елеулі мән берілуде. 2009 жылы қазанда Нахчыван қаласында (Әзербайжан) қол қойылған түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін (ТМЫК) құру туралы бастама көтерушілердің бірі де Қазақстан болды. Түркі академиясын құру сол мақсатқа қызмет етуде, оның ресми ашылуы 2010 жылы мамырда Астанада өтті. 2011 жылдың қазанында Алматыда ТМЫК-ның алғашқы саммиті ұйымдас-тырылды. Оның жұмысының қорытындылары бойынша қатысушылар түркітілдес елдер арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған Алматы декларациясын қабылдады.
Ел тарихындағы ширек ғасырдан астам уақыт ішінде табысты жүргізілген көпвекторлы сыртқы саясатымыз бен дипломатиялық қызметіміз өте нәтижелі және сәтті болды деп айтуға толық негіз бар.

Мақала интернет мәліметтерінің негізінде дайындалған

Таңдаулы материалдар

Close