Basty bet
Өрт – тілсіз жау!
Кәріқорған ауылында табиғи өртті сөндіру бойынша өрт-тактикалық оқу-жаттығу өтті
Кеше Кәріқорған ауылы аумағында төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі іс-қимылдарға күштер мен құралдардың өзара іс-қимылын жетілдіру, сондай-ақ азаматтық қорғау қызметтерінің басқару органдарын, күштері мен құралдарын өрт қауіпті кезеңіне дайындау мақсатында өрт-тактикалық оқу-жаттығу өтті.
Оған Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің, облыс әкімдігінің Жуалы және Ақкөл ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекеменің, Жетітөбе ауылдық округінің ерікті өрт сөндіру құрымының, аудандық азаматтық қорғау қызметінің құрамына кіретін басқа да ұйымдар мен мекемелердің күштері мен құралдары тартылды.
Оқу-жаттығу туралы облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау бөлімінің басшысы Данияр Башанов әңгімелеп берді.
-Өрт бөлімдері құрылымдарын тұрақты дайындықта ұстау, төтенше жағдайды жедел жою – маңызды мәселе.
Жамбыл облысы әкімдігінің 2022 жылдың өрт қаупі маусымында Жамбыл облысы аумағында өрттердің алдын алу және сөндіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы №71 Қаулысы негізінде әр аудан бойынша өрт қаупі маусымына дайындық оқу-жаттығу, тәжірибелік кестесі бекітілген.
Оқу-жаттығуды аудандардағы орман шаруашылығы мекемесі, жергілікті ТЖ құрылымдары, ауылдық округтердегі еріктілер тобы бірлесіп өткізетін болады. Мақсаты – далалық және табиғи орман өрттерін болдырмау, насихаттау, тәжірибеге қатысып отырған құрылымдарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Яғни, оқу-жаттығуда өрт кезінде дұрыс қимылдар жасау, өрттің алдын алу шараларын үйрету.
Бүгін жаттығуға екі орман шаруашылығы мекемесі қатысып отыр. Біреуі – Жуалы, екіншісі – Ақкөл орман шаруашылығы. Сонымен бірге, бес трактор, төрт автомашина, 22 адамнан құралған топ, орман өртін сөндіру станциясының қызметкерлері және бір өрт сөндіру автокөлігі мен 18 жасақшы қатысуда.
Өрт – тілсіз жау. Өкінішке қарай, кейде өрт орын алған жағдайда адам өлімі деректері де кездеседі. Сондықтан адам өлімін болдырмау, орман өртін жылдам сөндіру, ең бастысы, техникамен дұрыс жұмыс істеу мәселелері түсіндіріледі.
Оқу-жаттығу соңынан орын алған кемшіліктерді талқылаймыз, – деді Д.Башанов
Оқу-жаттығу басталмас бұрын облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Ералы Ақылбеков пен аудандық төтенше жағлайлар бөлімінің басшысы Ербол Әміров және облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұратхан Шүкеев сапқа тұрғызылған мекемелер мен құрылымдардың күштерін, құралдарын көріп, танысып шықты.
Аудандық өрт сөндіру бөлімінің басшысы Кеңесбек Абдрайымов өрт-тактикалық оқу-жаттығуға қатысушыларға өрт сөндіруге бағытталған іс-қимыл барысында ең басты құндылық адамның өмірі сондықтан, техника қауіпсіздігін қатаң сақтауға, ұйымшылдықпен бір-біріне қарайлап, қол ұшын беруге, жалпы өте мұқият болуға шақырды. Табиғи өртті сөндіру барысында желдің бағытын анықтау, өз өміріне, техникаға қауіп төнген жағдайда техниканы қауіпісіз жерге алып кету сияқты сақтандыру шараларын түсіндіріп, оқу-жаттығудың сызбасын, жоспарын түсіндірді. Оқу-жаттығуды бастауға бұйрық берді.
Жоспар бойынша қатысушылар өз жұмыстарына кірісті.
Соңынан Ербол Әміров 2021 жылы өткен оқу-жаттығу барысында орын алған кемшіліктерді еске салып, оқу-жаттығуды қорытындылады.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»