Basty bet

Дін мен дәстүр – дара жолымыз

Ислам діні – ұлтымыздың басты рухани негізі, ата-бабаларымыздың ұстанған, қастер тұтқан жолы. Әлмисақтан мұсылман болған халқымыз әр заманда діні мен дәстүрін қадірлеп, ғасырдан- ғасырға осы екі қасиетті ұғымды ұштастыра білу арқылы Құдайға деген құлшылығын жасап, кең даласындай дархан мінезінен таймай, ұрпағын ізгілікке тәрбиелеп келе жатқанын жақсы білеміз. Өмірлік тұрмысымызға айналған салт-дәстүрлердің көбісінің негізі асыл дінімізден бастау алғаны белгілі. Осылайша, асыл дініміз қазақ халқының рухани дүниесін қанағаттандырып қана қоймай, халқымыздың таным-түсінігі және мәдениетімен біте қайнасып кеткен.
Қазақ халқының мұсылмандық діни түсінігі, шешендік сөздері, діни-дастандары, мақал-мәтелдері, кешегі өткен жыраулар поэзиясы мен би-шешендердің нақыл сөздерінің мазмұнына да көз жүгіртсек, әрине, аят-хадистерге барып тірелетініне және рухани құндылықтарымен негізделуіне куә боламыз. Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы: «Қазақтың өлеңді сөзді сүйетін мінезін біліп, дінді халыққа молдалар өлеңмен үйреткен. Дін шарттарын, шариғат бұйрықтарын өлеңді хикая, өлеңді әңгіме түрінде айтып, халықтың құлағына сіңіріп, көңілдеріне қондырған» деген сөз қалдырғаны белгілі.
Дін мен дәстүр – халқымыздың адастырмас дара жолы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Біз бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек. Еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсеміз десек, түркі халықтарының көпшілігінің, соның ішінде қазақтардың дәстүрлі діні – сунниттік бағыттағы Ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет» деп атап өткен болатын. Президент айтқандай, Ханафи мәзһабына тән дүниеге ақыл-парасатпен қарау, еркін ойлау секілді қасиеттер Ислам өркениетінің қайта өрлеуіне жол ашады. Бұл екі мәселе де қазіргі қазақ қоғамы үшін аса маңызды.
Шынында дәстүрлі Ислам – біздің берік қорғанымыз. Елдің бірлігі мен ынтымағын, тұрақтылығы мен татулығын сақтаудың тетігі. Шариғатпен үйлесім тапқан салт-дәстүрімізді насихаттауда да дін мамандары аянбай қызмет етіп келеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі Исламды дәріптеу бағытында бірқатар маңызды бастаманы қолға алды.
Бұған қоса дәстүрлі Ислам құндылықтарын жаю мақсатында Діни басқарманың бастамасымен «Бабалар ізімен: Қазақ даласындағы мұсылмандық мектеп», «Ихсан – рухани тәрбие негізі, «Дін мен дәстүр» (ІІІ томы), т.б. кітаптар оқырманға жол тартты. Құран мен сүннетке негізделген, салт-дәстүрмен сабақтасқан, ұлттық ерекшелікке негізделген дәстүрлі Ислам – діни бірліктің кепілі ғана емес, сонымен қатар, жат ағымдардан қорғайтын қалқан. Сондықтан дәстүрлі Исламды халықтың рухани іргетасы деп біліп, ұлттық болмысты сақтап, дінді дұрыс ұстанудың кепілі ретінде қарастыруымыз қажет.
Бізді ғасырлар бойы бірлікке, татулыққа, парасатқа жетелеген дәстүрлі дін болашақта да елдегі рухани тұрақтылықтың кепілі болары анық. Себебі, мұнда халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан дүниетанымы мен біртұтас мәдениеті бар. Олай дейтініміз, дәстүрлі Ислам құлшылық қана емес, ол – күнделікті өмір мәдениеті. Себебі, халқымыздың тұрмыс-салтындағы қазақтың ас беруі, қариялардың бата беруі, жеті атаға дейін қыз алыспау секілді дәстүрлер дінмен үйлесім тауып, өміршең сипатқа ие болған.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
Жуалы аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси
газетінің Бас редакторы

Таңдаулы материалдар

Close