Basty bet

Көк аспанда күн күлсін, бірге күлсін бүлдіршін!

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай аудан орталығындағы Орталық саябақта “Бала – бақыт, бала – шаттық, бала – нұр” атты мерекелік шара өтті. Шараға аудан әкімінің орынбасарлары Рақымғазы Құниязов, Анар Ахметова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев және аудандық мәслихаттың депутаттары, аудан әкімдігіне қарасты бірқатар бөлім басшылары қатысты.
Бұл мерекелік кеште, саябақ көз тартарлықтай етіп әсем безендірілген, ал мұнда жиналған қылығы тәтті бүлдіршіндер кештің шырайын одан әрі аша түскендей әсер қалдырды.
Мерекелік шарада “Күміс керуен” атты қолөнер шеберлерінің көрмесі, аудандық тарихи-өлкетану мұражайының “Өз тарихыңды сақта” атты құнды жәдігерлерінен құралған көрмесі қаз-қатар тізіліп қойылған. Сонымен бірге, “Сиқырлы саз” аталатын ашық аспан астындағы үйірме, “Кел, ән салайық!” караоке, “Балалардың қызықты ойындары” спорттық ойындарға арналған алаң, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен “Табиғаттағы оқу залы”, “Буккроссинг”, аудандық кітапхананың кітап көрмесі, “Балабақша – балалықтың мекені” балабақша бүдіршіндерінің алаңы, “Үлкен ғаламшардағы кішкентай балалар” мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған алаңдар ұйымдастырылған.
Аудандық «Жастар ресурстық орталығының» мұрындық болуымен “Жаңа Қазақстан балалар көзімен” тақырыбындағы сурет салу және “Көңілді кемпірқосақ” атты асфальтқа сурет салу байқауы да өз деңгейінде өтті.
Сондай-ақ, “Көк аспанда күн күлсін, бірге күлсін бүлдіршін!” атты гала концерті жиналған көпшілікті қызықтыра түсті.
Гала концертте аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев құттықтау сөз сөйлеп, бүлдіршіндерге мерекелік лебізін білдірді.
Концерт барысында №1 мектеп-гимназия, №15 мектеп-лицей, №4 Қ.Сағындықов және №4 өнер мектебі, №6 А.Пушкин, №11 Т.Тастандиев, №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектептердің, №29, №2 Мыңбұлақ, №10 Күреңбел орта мектебінің және Жетітөбе, Боралдай, Қошқарата, Көктөбе, Ақтөбе ауылдық округтерінің өнерлі оқушылары әннен шашу шашып, мың бұралған билерімен көпшіліктің назарын өздеріне аударды.
Кеш соңында сурет салу байқауының жеңімпаздары марапатталып, бағалы сыйлықтар табысталды.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close