Basty bet
Ортақ отан – ортақ құндылық!
Шын мәнінде, Қазақстанның ең басты жетістіктерінің бірі – ұлты мен ұлысына, тілі мен салт-дәстүріне қарамастан, барша азаматтың бір шаңырақ астында бейбіт өмір сүріп, ортақ Отанның игілігі жолында еңбек етуі. Тағдыр тоғыстырған түрлі этнос өкілдері қазақ жерін ортақ мекеніне айналдырып, елдің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосып келеді. Бұл – ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ халқының кеңпейілділігі мен қонақжайлығының, сондай-ақ, тәуелсіз Қазақстанның сарабдал саясатының жарқын көрінісі.
Бірлік пен татулық – қоғам тұрақтылығының берік тірегі. Ал, сол татулықты сақтау – мемлекет қана емес, барша азаматқа ортақ жауапкершілік. Осы тұрғыдан алғанда, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту бағытындағы жұмыстардың қоғамдағы орны айрықша. Сан түрлі этнос өкілін ортақ мақсатқа жұмылдырып, өзара түсіністік пен татулықты бекемдеуге бағытталған бұл бастамалар елдегі тұрақтылықтың берік негізіне айналып отыр.
Бұл игі ұстаным ауданда нақты істермен көрініс тауып келеді. Тарихы терең, табиғаты көркем Жуалы жерінде бүгінде түрлі этнос өкілдері бір-бірімен етене араласып, ортақ шаңырақтың ынтымағын бекем етіп отыр.
Ауданда 14 ауылдық округке қарасты 49 елдімекен бар. Жалпы аудан тұрғындарының саны – 51 762 адамды құрайды. Оның ішінде, 47 141 – қазақ, ал 4 621 – түрлі этнос өкілі.
Аудан халқының этностық құрамына келсек, қазақтар – 91 пайызды немесе 47 141 адамды құрайды. Сонымен қатар, ауданда 2 513 орыс, 128 неміс, 225 украин, 32 татар, 114 қырғыз, 7 белорус, 631 шешен, 702 әзірбайжан, 247 өзбек және өзге де этнос өкілдері тұрады.
Бұл – бір ғана аудан көлеміндегі этностық әралуандылықтың айқын көрінісі. Дегенмен, олардың барлығын біріктіретін ортақ құндылық – Қазақстан атты қасиетті Отан, бейбіт өмір мен жарқын болашаққа деген ортақ ұмтылыс.
Жуалы жеріндегі этнос өкілдері ауданның әлеуметтік-экономикалық, мәдени және қоғамдық өміріне белсене араласып келеді. Олар түрлі салада еңбек етіп, туған өлкенің өркендеуіне үлес қосуда. Ұлты басқа болғанымен, мақсат-мүддесі ортақ азаматтардың бірлігі – аудандағы қоғамдық келісімнің берік негіздерінің бірі.
Қоғамдық келісімді нығайту, этнос өкілдерінің мәдениеті мен салт-дәстүрін дәріптеу, олардың қоғамдық бастамаларға белсенді араласуына жағдай жасау бағытында ауданда жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл ретте этномәдени бірлестіктердің атқарып отырған қызметі ерекше.
Бүгінде ауданда төрт этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олар – славян, әзірбайжан, шешен және өзбек этномәдени бірлестіктері. Аталған бірлестіктер аудан орталығындағы Ардагерлер үйінде өз жұмыс жүргізеді. Ғимараттың ішінде этномәдени бірлестіктерге арнайы кабинет қарастырылған. Бұл кабинет этнос өкілдерінің басын қосып, түрлі кездесулер мен жиындар өткізуге, мәдени-рухани бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін ортақ алаңға айналған.
Славян этномәдени бірлестігіне Людмила Турбина жетекшілік етеді. Бірлестік славян халықтарының мәдени байланысын нығайтуға, қоғамдық келісімді сақтауға және этнос өкілдерінің аудан өміріне белсенді араласуына ықпал етіп келеді.
Ал, әзірбайжан этномәдени бірлестігін Эсмира Мамедова басқарады. Ауданда 702 әзірбайжан ұлтының өкілі тұрады. Олар өздерінің ұлттық дәстүрін сақтай отырып, ауданның қоғамдық және мәдени өміріне белсенді атсалысуда.
Шешен этномәдени бірлестігінің төрағасы – Лечи Оздамиров. Ауданда 631 шешен этносының өкілі бар. Шешен халқының өкілдері де қоғамдық келісім мен өзара татулықты нығайту бағытындағы бастамаларға белсенді қатысуда.
Ал, өзбек этномәдени бірлестігіне Зубайда Мажитова жетекшілік етеді. Ауданда 247 өзбек ұлтының өкілі тұрады. Сонымен қатар, өзбек қауымы ұлттық салт-дәстүрін ұлықтай отырып, қазақ халқының мәдениеті мен дәстүріне құрметпен қарап, ел ішіндегі ынтымақ пен өзара сыйластықты нығайтуға атсалысып келеді.
Этномәдени бірлестіктердің қызметі белгілі бір этностың мәдениетін сақтаумен ғана шектелмейді. Олардың негізгі мақсаты – түрлі этнос өкілдерін ортақ құндылықтар төңірегіне топтастыру, жастардың бойына отансүйгіштік сезім мен азаматтық жауапкершілікті сіңіру, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту.
Аудандағы этносаралық татулықтың өзіндік ерекшелігі – оның күнделікті өмірден көрініс табуында. Бір ауылда, бір көшеде, бір еңбек ұжымында түрлі этнос өкілдері қатар өмір сүріп, бір-бірінің салт-дәстүріне құрметпен қарап, ортақ мақсат жолында еңбек етіп келеді. Бұл – қағаз жүзіндегі көрсеткіш емес, қарапайым адамдар арасындағы өзара сыйластық пен түсіністіктің нақты көрінісі.
Сондай-ақ, аудандағы этнос өкілдері көп шоғырланған елдімекендердің бірі – Шақпақата ауылы. Бұл ауылды ұлттар мен ұлыстардың ынтымағы жарасқан, түрлі этнос өкілдері тату-тәтті ғұмыр кешіп отырған мекен деуге толық негіз бар. Мұнда әртүрлі этнос өкілдері ауылдың қоғамдық өміріне белсене араласып, ортақ қуаныш пен қиындықты бірге бөлісіп, туған өлкенің өркендеуіне үлес қосуда.
Шақпақата ауылындағы жарасымды тіршілік – көпэтносты қоғамдағы татулықтың жарқын үлгісі. Әр ұлттың өкілі өз мәдениеті мен дәстүрін сақтай отырып, ортақ Отанның игілігі жолында еңбек етеді. Ұлттық мерекелер мен қоғамдық іс-шараларда олардың басы бір жерден табылып, ауылдың ынтымағы мен бірлігін одан әрі бекемдей түседі.
Татулықтың тамыры – өзара құрметте, түсіністікте және адамгершілік құндылықтарында. Қазақ халқының сан ғасырлық тарихында қалыптасқан кеңдік пен бауырмалдық та осы ұғымдармен сабақтас. Тағдырдың түрлі кезеңдерінде қазақ жеріне қоныс аударған көптеген халыққа пана болған қазақ жұртының кең құшағы бүгінгі қоғамдық келісімнің де тарихи негізіне айналып отыр.
Бүгінгі бейбіт өмір – өздігінен келген құндылық емес. Оның артында ел бірлігін сақтау жолындағы сындарлы саясат, халықтың өзара түсіністігі мен татулықты қадірлей білуі жатыр. Сондықтан бірлікті сақтау – тек бүгінгі буынның ғана емес, келер ұрпақ алдындағы да үлкен жауапкершілік.
Әсіресе, жастардың бойына татулық пен өзара сыйластық құндылықтарын сіңіру – уақыт талабы. Өйткені ел ертеңі – бүгінгі жас ұрпақтың қолында. Өзінің ұлттық тамырын танып, сонымен бірге өзге этностардың мәдениеті мен дәстүріне құрметпен қарайтын ұрпақ қана қоғамдық келісімнің сабақтастығын жалғастыра алады.
Қазақстанның күші – оның әралуандығында, ал тұрақтылығы – сол әралуандылықты ортақ мақсат пен мүддеге біріктіре білуінде. Сан түрлі этнос пен мәдениеттің бір мемлекет аясында тату ғұмыр кешуі – еліміздің әлемге танытқан басты құндылықтарының бірі.
Жуалы ауданындағы қоғамдық келісім мен этносаралық татулық та осы ортақ құндылықтарға негізделген. Бүгінде 51 мыңнан астам тұрғынды біріктіріп отырған аудан жұртының басты тілегі – елдің тыныштығы, халықтың амандығы және ұрпақтың жарқын болашағы.
Тілі басқа болғанымен, тілегі бір, дәстүрі әр алуан болғанымен, тағдыры ортақ жұрттың бірлігі – ел берекесінің бастауы. Сондықтан татулықты ту етіп, ынтымақты ырыстың негізі деп білген қоғам ғана өзінің баянды болашағын қалыптастыра алады.
Бірлік – елдің тірегі, татулық – тіршіліктің берекесі. Осы құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа аманат ету – баршамызға ортақ парыз. Өйткені бірлігі бекем елдің ғана еңсесі биік, келешегі кемел болмақ!
Аяжан ҚАЗЫБЕК,
«Жаңа өмір»