Basty bet

Нипах вирусы

Нипах вирусы – жануарлардан (жарқанаттар, шошқалар) адамға жұғатын, сондай-ақ, жұқтырылған тағам өнімдері арқылы және науқас адаммен тығыз қарым-қатынас кезінде берілетін қауіпті зооноздық инфекция. Бұл вирусқа қарсы вакцина мен арнайы емдеу әдісі жоқ, сондықтан жұқтыру қаупін төмендетудің негізгі жолы – алдын алу шаралары.
Инфекцияның берілу жолдары: жарқанаттардан – сілекей, несеп, ластанған жемістер мен сусындар арқылы; аралық жануарлар арқылы (мысалы, шошқалар); адамнан адамға – негізінен жұқтырған адаммен тығыз байланыс кезінде.
Аурудың негізгі белгілері: дене қызуының жоғарылауы, бас ауруы, жалпы әлсіздік, кейіннен – сананың шатасуы, құрысулар, энцефалиттің дамуы, кома және ауыр пневмония.
Қазіргі таңда Нипах вирусына қарсы арнайы емдеу әдісі мен мақұлданған вакцина жоқ. Медициналық көмек симптоматикалық сипатта көрсетіледі.
Қазіргі уақытта елдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақты және бақылауда. Инфекцияның таралуының алдын алу мақсатында эндемиялық елдерге шығатын туристерге төмендегілер ұсынылады:
• шетелге сапарды жоспарлау кезінде эпидемиологиялық жағдайды алдын ала зерделеу;
• жарқанаттармен және басқа да жануарлармен байланыстан аулақ болу;
• жеке бас гигиенасы ережелерін сақтау, қолды сабынмен жиі жуу немесе антисептиктер қолдану;
• бөтелкедегі немесе қайнатылған суды пайдалану;
• шикі құрма шырынын және жануарлармен ластануы мүмкін өнімдерді тұтынбау;
• жемістер мен көкөністерді тұтынар алдында мұқият жуу және тазалау;
• сапардан кейін дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, жөтел немесе басқа да белгілер пайда болған жағдайда дер кезінде медициналық көмекке жүгініп, дәрігерге қауіпті елде болғаны туралы хабарлау.
Қазақстанда Нипах вирусын жұқтыру және бұл аурудың әкеліну жағдайлары анықталған жоқ.

Марат Искаков,
аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы

Таңдаулы материалдар

Close