Basty bet
Ұстаздар саламатты өмір салтын ұстанады
аудандық спартакиада жарысында өңір мұғалімдері спорттың тоғыз түрінен сынға түсті
Өткен сенбі күні аудан орталығындағы Спорт кешенінде «Тәуелсіз елдің спорт сүйер ұстаздары» атты Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім мекемелері мен ұйымдары арасында ІХ аудандық спартакиадасы өтті. Одан бөлек, айтулы спорттық іс-шара биыл Қазақстан кәсіподақтарының құрылғанына 120 жыл, ҚР Кәсіподақтары Федерациясының құрылғанына 35 жыл толуына және биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай ұйымдастырылды.
Оқу-ағарту және ғылым саласы қызметкерлерінің спартакиадасын өткізудегі мақсат – «Қазақстан-2050» стратегиялық бағдарламасының саламатты өмір салтын қалыптастыру мен насихаттау, дене шынықтыру-спорттық қозғалысты дамыту бөлігіндегі басымдықтарды жүзеге асыру болып табылады. Сонымен қоса, оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім саласы қызметкерлері арасында дене тәрбиесі және спортпен шұғылдануды кеңінен насихаттау. Ұстаздар арасында науқастану деңгейін төмендету мен еңбекке қабілеттілікті арттыру, дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысуға, денсаулықты нығайтуға ынталандыру. Жергілікті жерде дене шынықтыру-сауықтыру мен бұқаралық-спорттық шараларын жетілдіру, әлеуметтік әріптестік қағидасы мен тұжырымын бекіте түсу, кәсіподақ ұйымдары арасында шынайы бәсекелестікті дамыту мен кәсіподақ мүшелігімен қамтуға ынталандыру да басты міндеттердің бірі.
Ұстаздар арасындағы спорттық жарыстың салтанатты ашылуында аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы, аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев құттықтау сөз сөйлеп, аудан мұғалімдері арасында саламатты өмір салтын кеңінен насихаттаудың маңызды міндет екенін ерекше атап көрсетіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Жарысқа қатысушылар спорттың тоғыз түрінен өзара сынға түсіп, бақ сынады. Атап айтқанда, кіші футбол, волейбол (ерлер, әйелдер), үстел теннисі, асық ату, тоғызқұмалақ, бильярд, жеңіл атлетика, армрестлинг (қол күресі) және гір тасын көтеру. Ұстаздар арасындағы спорттық сайыс таңертеңнен кешке дейін жалғасып, тартысты өтті.
IХ аудандық спартакиаданың қорытындысы бойынша I орынды №2 Мыңбұлақ орта мектебі (Қайрат ауылы) иеленсе, II орынның жүлдесін аудандық «Аула клубы» мекемесі қанжығасына байласа, ал III орынға Ә.Бөкейхан атындағы №15 тірек мектеп-лицейінің (Б.Момышұлы ауылы) құрамасы лайық деп танылды.
Айта кету керек, кіші футболдан «Үздік қақпашы», «Үздік қорғаушы» және «Үздік шабуылдаушы», ал волейболдан «Үздік үйлестіруші» және «Үздік шабуылдаушы» деген жекелеген номинацияларда болды.
Жекелеген және командалық спорт түрлерінен жеңімпаз және жүлдегер атанған құрамалар мен ұстаздар Диплом, медаль және қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлерін «Білім қызметкерлері кәсіподағының Жуалы аудандық комитеті» филиалының төрағасы Мәжит Айжанов марапаттап, қатысушыларға алғыс білдіріп, жұмыстарына табыс тіледі.