Basty bet
Шаруасы ширақ шаруа қожалығы
Аудан шаруалары бүгінде егін орағын бітуге таяу қалды. Егін орағы туралы газетке материал әзірлеу мақсатында өткен аптада Көкбастау ауылдық округіне арнайы барған болатынбыз. Көкбастау ауылдық округінде еңсе тіктеген, жүйелі жұмыс жасау арқылы шаруасын шалқытып отырған шаруа қожалықтардың қатары көп деп айтуға болады. Қазіргі таңда бұл ауылдық округте 116 шаруа қожалық тіркелген. Солардың бірі – ауылдық округке қарасты Теріс ауылындағы «Аңсар» шаруа қожалығы.
Шаруа қожалық 1998 жылы құрылған. Қазіргі таңда шаруашылықты Ерсін Тәліпбеков жүргізеді. Негізінде қожалық анасы Мәрия Тәліптің атында.
Тірлігі сан салалы әрі техникасы да сай шаруашылық егін орағын қарқынды жүргізуде.
«Аңсар» шаруа қожалығының иелігінде 150 гектарға жуық егістік жері бар. Оның 80 гектарына арпа, 15 гектарына бидай, қалған жерге мал азығына көпжылдық шөп пен картоп егіледі. Шаруа қожалық екі апта бұрын толықтай пісіп жетілген арпа алқабына орақ салыпты. Түктібай ауылына барар жолдың бойында орналасқан алқап басында қызу тірлік. Бізді алқап басынан шаруа қожалықтың мүшесі, Ерсін ағаның ұлы Аңсар қарсы алып, орақтың барысы туралы әңгімелеп берген еді.
-Егін орағын шілденің ортасында бастадық. Жұмыс өз деңгейінде жүруде. Қазір негізінен арпа орып жатырмыз. Өнімге келер болсақ, әр гектардан 17-20 центнерден айналуда. Былтырғы жылға қарағанда өнім жақсы деп айта аламын. Тұқымды осы аудандағы шаруа қожалықтардан алғанбыз. «Бәйшешек» сұрыпты арпа тұқымы. Қазір осы аталған тұқымды көбейтіп егіп жатырмыз. Ал бидайдың «Стекловидный 24» деп аталатын тұқымы егілді. Арпа, бидайды орып болған соң мал азығын дайындаймыз. Артылғанын сатып, шығынымызды жабамыз,- дейді ол.
Шаруа қожалықта көктемгі жер жыртып, егін егу, шөп шабу және егін орағы науқанында үш адам жұмыс жасайды. Солардың бірі комбайн рөліндегі Бақалы ауылының тұрғыны Елжан Түлеков.
-«Аңсар» шаруа қожалығында жұмыс жасап келе жатқаныма екі жылдай болды. Мен науқандық жұмыстардың барлығына қатысамын. Көктемде жер жыртып, егу жұмыстарын жүргізсек, жазда мал азығын дайындаймыз. Жұмыс жыл он екі ай жүреді деп айтуға болады. Табысымыз жаман емес. Еңбекақымызды уақтылы алып тұрамын. Қожалық басшылары жұмыс жасауға толықтай жағдай жасап отыр деп айта аламын. Қазір міне, егін орағын қызу жүргізудеміз. Арпа орағы аяқталған соң бидай, одан әрі қарай көпжылдық шөпті оруға кірісеміз. Ауылдағы тіршілік осы. Қазір әр күнді тиімді пайдалану қажет,- дейді комбайыншы Елжан.
Бізбен аз уақыт қана әңгімелескен соң ол «Енисей-1200» маркалы комбайнымен теңіздей толқыған егістік алқабына қайта жүріп кетті. Елжан жастайынан техникаға жақын болып, оның қыр-сырын үйреніп, қазіргі таңда ауыл шаруашылығының дамуына өзінің үлесін қосуда.
Иә, қазіргі таңда ауыл-ауылдарда техниканың тілін толық меңгерген жастар аз емес.
Аталған шаруашылық жұмысы сан салалы. «Аңсар» шаруа қожалығы төрт-түліктің басын көбейтумен де тұрақты айналысып келеді.
-Ауылда тұрған соң мал ұстап, егін екпесең болмайды. Бұл бұрыннан келе жатқан ұлы үрдіс. Біз де ел қатарлы жұмыс жасап жатырмыз. Шаруа қожалықтың иелігінде жер өңдеуге қажетті техникалардың барлығы бар деуге болады. Бір «Енисей» маркалы комбайн, «МТЗ-80» маркалы трактор, одан бөлек шөп оратын трактор, екі шөптайлағыш, басқа да қосымша агрегаттарымыз бар. Тірлігіміз жаман емес. Егін егу, жинау жұмыстарының басында көбінесе өзім жүремін. Өйткені әкем барлық тірлікті маған тапсырып қойған. Бірақ ол кісі де келіп қасымызда болып, орақтың қалай болып жатқанын көріп отырады. Атамның кезінде құрылған шаруашылықты әкем алып кетті, қазіргі таңда бұл жұмысты өзім алып жүрмін.
Әкем маған үнемі өмірден көрген-түйгенін жеткізіп, ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдарын беріп отырады. Осыдан артық маған не керек?!- дейді Аңсар Ерсінұлы.
Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының «Терлеп еңбек етпегеннің тілегіне жеткенін көргенім жоқ» деген қанатты сөзі бар. Теріңді төксең қара жер де адамды құр тастамайды. Адал еңбек ету арқылы, ұрпағының бойына еңбек пен адалдықтың дәнін сепкен өнегелі отбасылар, еңбек адамдары арамызда көп.
Шаруасы шалқыған «Аңсар» шаруа қожалығының еңбегі жемісті болсын!
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»