Basty bet
Қанатқақты жоба кооперативтерге тың серпін беруде
Бұл жобаға бүгінгі таңда ауданда үш ауылдық округ, 10 елдімекен енген
Өзім диқан болғандықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы агросалаға қатысты айтқандарын қуана қоладым. Әрбір Жолдауда ауыл шаруашылығына айрықша мән беріліп келеді. Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Біз алдын ала сатып алу шараларын қолға алдық. Бұған қосымша оффтейк-келісімшарттарын енгізіп, «ҚазАгро» несиесі бойынша қарызды қайта құрылымдаймыз. Осы арқылы қаржыландыру мүмкіндігін кеңейтеміз. Қазақстанда 1 миллион 700 мыңдай жеке қосалқы шаруашылық бар. Бірақ олардың өнімі сауда орындары арқылы ресми түрде сатылмайды жəне өңдеу кəсіпорындарына жеткізілмейді. Мемлекетке бұдан салық түсіп жатқан жоқ. Онда жұмыс істейтіндер əлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған», деп, агросаладағы түйткілді мәселені дөп басып айтқан болатын.
Бұл жерде Мемлекет басшысы ауылда тұратын қарапайым халықты, өздерінің үй іргесіндегі қосалқы шаруашылықтарына, яғни қолындағы оншақты ірі қара, 40-50 қойына сүйеніп тірлік кешіп жатқан қалың бұқара көпшілікті айтып отыр. Саясаттың ендігі бір арнасы солардың жағдайын жақсарту. Шынын айтқанда, бұған дейін мемлекеттің қаржылай қолдауы көбінесе ірі шаруашылық құрылымдарына – акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге көрсетіліп келді. Ауыл шаруашылығы саласындағы субсидиялар да солардың еншісіне тиіп отырды. Соған қарамастан бұл ірі құрылымдар айтарлықтай дамып кете алмады.
Қарап отырсақ, малдың әлі күнге басым бөлігі, атап айтқанда, 70-80 пайызы үй қасындағы жеке қосалқы шаруашылықтардың қолында тұр. Сауда орталықтарын етпен, сүт-айранмен, ірімшік-құртпен қамтып отырған да солар. Бұған дейін мал шаруашылығын дамыту мақсатында өңірімізде ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру қолға алынған болатын. Ондағы мақсат ұсақ шаруа қожалықтардың басын біріктіріп, анағұрлым іріленген кооперативтер құрып, мемлекеттің қаржылай қолдауын сол кооперативтер арқылы жеткізу болды. Бірақ осы істің өзі сиырқұйымшақтанып кетті.
Дегенмен, бұрынғы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың бастамасымен 2019 жылдың соңында «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсарту» қанатқақты жоба қолға алынып, 10 ауданнан 11 ауылдық округ таңдап алынған еді. Соның ішінде біздің ауданнан Ақтөбе ауылдық округі еніп, ондағы жұмысты «Атамекен-Бастау» ауыл шаруашылығы кооперативі жүзеге асыруда.
Үкіметтен бөлінген 9,2 миллиард теңге «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы халыққа 2,5 пайызбен несие таратылып мал басы артты. Сонымен бірге, үй іргесіндегі және ауыл сыртындағы жер телімдерін тиімді пайдалануға жол ашылды. Әрбір ауылдық округте ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылып, олар ауыл шаруашылығы техникаларымен қамтылды. Қазіргі таңда бұл жобаға облыс әкімі Нұржан Нұржігітов тарапынан да қолдау көрсетілуде. Облыс әкімінің бастамасымен жыл басында «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы қанатқақты жобаға қатысқан кооперативтерден қайтарылған несие қаражаты есебінен тағы үш ауылдық округ жобаға енгізілген болатын. Олар Байзақ ауданындағы Үлгілі, Жамбыл ауданындағы Өрнек және өзіміздің ауданындағы Ақсай ауылдық округі енген еді. Бұл округтердің 237 тұрғыны мал алу үшін өтініш берген. Оған «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы 770,2 миллион теңге бөлініп, бүгінгі таңда 6073 бас мал сатып алынған. Оның 584-і мүйізді ірі қара болса, бұл малдың 534-і сауынды сиыр, яғни жобаға қатысып отырған округ тұрғындары сүт бағытын таңдаған. Бұдан бөлек, 920 басы жылқы, 3999 басы қой, 570 басы құс алынған. Қазір біз де сүт бағытында жұмыс істеп, сауылған сүтті аудан орталығындағы сүт өңдеу зауыттарына өткерудеміз.
Округте жобаның бесінші бағыты аясында бес кәсіпкер несиемен қамтылып, өз істерін бастап кетті. Атап айтсақ, бір ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеу орталығы, үш бал арасы шаруашылығы, бір тоқыма цехы іске қосылып, олар аудан көлемінде тапсырыс алып жұмыс істеуде.
Бүгінгі таңда Президенттің тапсырмасымен бұл жоба жалғасын тауып отырғаны қуантады. Атап айтсақ, Үкіметтің қолдауымен жаңа бөлінген 6 миллиард қаржы 10 ауылдық округке бөлініп отыр. Онда 26 елдімекен бар. Бұл ауылдық округтерде 26 072 тұрғын тұрады, жалпы аула саны 4386. Мұнда жалпы 2 111 жобаны іске асыру көзделуде, бүгінге дейін ауыл тұрғындарынан 158 өтінім түсті, оның 82-і қабылданып, 408,1миллион теңге несие рәсімделген. Жобаға жаңа қосылған 10 ауылдық округтің ішінде Жетітөбе ауылдық округі де бар.
Бір атап өтерлігі, жобаға енген елдімекендер қатарында ең көбі біздің ауданның еншісінде. Бұл жобаға Жетітөбе ауылдық округіндегі Кәріқорған,Тасбастау, Шыңбұлақ, Қоңыртөбе, Майбұлақ, Қосмұрат ауылдарының енгені қуантарлық. Сөйтіп, қазірдің өзінде Жуалыда Үкіметтің қолдауымен қанатқақты жобаға үш ауылдық округ, 10 елдімекен еніп отыр. Бұл аудан үшін қуанарлық жағдай.
Жобаға қатысушылар талай жылдан бері игерілмей жатқан үй іргесіндегі жер телімдері мен егістік алқаптарды жаңа құрылған кооперативтер күшімен игерілуге кірісті. Бақшалар салынып, көкөністерден мол өнім жиналуда. Алда оны қабылдау орындары кооперативте ашылып, тікелей сауда орталықтарына жеткізу жолдары қарастырылуда. Бұл ең алдымен халық арасында отандық өнімге деген сұранысты арттырып, өңірдегі бағаны тұрақтандыруға да үлкен қолдау болмақ.
Мемлекет басшысы: «Үкіметке «Атамекен» ұлттық кəсіпкерлер палатасымен бірлесіп, ауылдағы кооперациялық желіні дамыту үшін «Егіс алқабынан – дүкен сөресіне дейін» атты қанатқақты жобаны бірнеше өңірде бастауды тапсырамын», деп ұсақ шаруашылықтардың өндіретін өнімдерін сатып алу, оларды өңдеп, дайын тауарға айналдыру жəне тұтынушыларға дейін жеткізу ісі кешенді түрде қолға алынатынын аңғартты. Бір атап өтерлігі Мемлекет басшысы бұл қанатқақты жобаны іске асыруды, осы үшін ауылдан басталатын кооперациялық тізбекті құруды тапсырған болатын. Оған өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны көп ірі жəне тығыз шоғырланған өңірлерден бастауды жоспарланған. Сол жоспарға Алматы мен Түркістан облыстарынан бөлек біздің облыс та енген. Əрине агроөнеркəсіп кешені үшін мұның да тың шаруа екендігі анық.
Бұған дейін ауыл тұрғындарын несиелеудің басты проблемасы олардың қолында кепілге салар мүліктің болмауынан туындады. Міне, сол себеп ұзақ мерзімге берілетін арзан қаражат үй шаруашылықтары үшін қолжетімсіз болып келді. Енді бұл мəселе мемлекеттің кепілдендіруі арқылы шешіліп отыр.
Қорыта айтқанда, елімізде агросалада оң өзгерістерге бастайтын нақты бағдарламалар іске асырылуда. Ел экономикасының пандемия тудырған дағдарыстан кейін қалпына келіп, қарқынды даму жолына түсетінін аңғару қиын емес. Мемлекет басшысы ұсынған экономиканы сауықтыру шаралары ел болашағының кепілі болары анық.
Дидар КЕНЖЕБЕКОВ,
“Ақсай” ауыл шаруашылығы өндірістік
кооперативінің төрағасы.
Қайрат ауылы