Basty bet

Лудомания – қоғам дерті

Лудомания сөзбе-сөз аударғанда “ақылсыздыққа дейін ойнау” деп те аталады. Людоманиямен ауыратын адамдар құмар ойындарға, көбінесе ақшаға деген құштарлықты сезінеді. Лудомания – адам өмірінде негативті тұрғыдан басым рөл ойнайтын, әлеуметтік, кәсіби, материалдық тұрғыдан және отбасылық құндылықтардың төмендеуіне әкелетін патологиялық ойын құмарлығы. Азарт адамдарды тек материалдық шығынға ұшыратқан жоқ, сондай-ақ, рухани тұрғыда да әбден азғындатты.
Лудомандар – құмар ойынның шырмауына түскен адамдар. Казино мен букмекерлік компаниялар жұмысы барынша қарқынды дамыған кезден бері «лудомания» деген термин кеңінен қолданыла бастады. Аурулардың халықаралық классификациясы бойынша лудомания аурулар тізіміне енгізілген. Құмар ойынның соңына түскендер дүние-мүлкінен айырылғаны өз алдына, ажырасып, дымсыз қалып жатады. Мұндай жағдай Қазақстан қоғамына да таңсық емес. Ойынқұмарлардың көбеюі салдарынан елімізде лудомандарды емдейтін арнайы орталықтар да ашылған. Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынған ақпараттарына сенсек, елімізде ойын құмарлықтан жапа шеккендердің саны 36 мыңнан асып жығылады.
Жалпы, құмар ойындарының зардабы елдің дамуына кері әсерін тигізіп, адамның кері кетуіне ықпал ететіндігін нақты ұғынуға тиіспіз. Ел болып, бесігімізді түзетеміз десек, жастарға бұл дерттің зиянын барынша ұғындыру қажет.
Лудоманияның кесірінен еліміздегі отбасы институты күйреуде. Соның салдарынан ерлі-зайыптылардың ажырасу фактілерінің жиілеуіне де құмар ойын әсер етіп отыр. Атап айтқанда, ажырасу оқиғаларының 40 пайызы ерлі-зайыптылардың бірінің жеңіл ақшаға құмартуының салдарынан болады.
Құмар ойынның жетегінде кетпеудің алдын алу мақсатында ауданда түрлі іс-шаралар өткізілуде. Атап айтқанда, үш жастар акциясы, бес жастармен кездесу, төрт дөңгелек үстел отырысы ұйымдастырылды.
Сөз соңында құмар ойынның шырмауынан шыға алмай, құрдымға кеткен талай жас көз алдымызда. Бұл дерт күн өткен сайын қанатын жайып, өмір шырғалаңында талайларды шырылдатты. Қоғамдық дертті қоқысқа тастайтын уақыт жетті. Өйткені, уақыт өткен сайын жастарымыздың санасын улап, құрдымға кетіруде. Мәселені уақыттың еншісіне қалдырмай, тиісінше дұрыс әрекет жасау арқылы жастарды дерттен сауықтыру қажет.

Назерке Мақтабаева,
аудандық жастар ресурстық орталығының психолог маманы

Таңдаулы материалдар

Close