Basty bet

Мал өсірсең, қой өсір, өнімі оның көл-көсір…

билікөлдік жас кәсіпкер С.Лухманов атакәсіпті дамытуға күш салып отыр

Мал шаруашылығы – қазақ халқының ежелден келе жатқан ата кәсібі. Ішсе сусын, жесе ас, мінсе көлік болған төрт түлік мал халқымыздың берекелі тіршілігімен біте қайнасқан. Қазіргі уақытта да аталған саланы дамудың даңғыл жолына түсті деуге болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа арнаған Жолдауларында агроөнеркәсіптік кешеннің дамуына ерекше көңіл бөлуді Үкіметке тапсырды. Жеңілдетілген несие, өнімдерге субсидия беріліп, түрлі бағдарламалар еліміздегі мал шаруашылығының дамуына жаңа серпін беруде.
Осы орайда, ауданымызда ата кәсіптен несібесін айырып отырған отбасылар жетерлік. Мал шаруашылығын дамыту ісі әсіресе, Билікөл өңірінде жақсы жолға қойылған. Жақында солардың біріне барып, ата кәсіпті қолға алған жас кәсіпкердің шаруашылығымен танысып қайтқан болатынбыз. Мал басын көбейтуге ниет білдірген талапты азаматтың бірі – Сапарғали Лухманов. Ол Үкіметтің салаға жасаған көмек-қолдауларын кәдеге жаратып, еңбектің көзін табу арқылы мал шаруашылығын дамытуды қолға алды.
Билікөл ауылдық округіне қарасты Қарабастау ауылында туып-өскен Сапарғали осындағы №3 Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектепті аяқтағаннан кейін Тараз қаласындағы «Қайнар» колледжіне заңгер мамандығымен оқуға түседі. «Болат қайнауда, ер жігіт майданда шынығады»,- дейді дана халқымыз. Оқуды бір жылға кейін шегере отырып, ол 2008 жылы әскер қатарына аттанады. Ақтау қаласындағы теңіз-жаяу әскерлерінің қатарында азаматтық борышын өтеп қайтқаннан кейін ғана ол колледждегі оқуын қайта жалғастырып, дипломын қолына алады.
-Оқу бітіріп, ауылға келгенде өз мамандығыммен жұмыс табу қиынға соқты. Осылайша, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының аясында жеке кәсібімді ашуды жоспарлап, сала мамандарының көмегімен «Бастау-Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздері оқу курсынан өтіп, өз кәсібімнің болашағын уақтылы бағдарлай алдым деп ойлаймын. Шын мәнінде, кәсіпті бастамас бұрын оның шығыны мен табыс көлемін зерделеу міндетті. Бұл ретте кәсіпті игеремін деген жандарға арнайы курсты оқудың пайдасы зор,– дейді жас кәсіпкер.
Ауылда мал шаруашылығын дамытуды көздеген Сапарғали Лухманов «Бастау-Бизнес» жобасының аясында кәсіпкерлік негіздері бойынша оқу курсынан өткеннен кейін кәсіп ашу үшін пайызы төмен, яғни, жылдық мөлшерлемесі 4%-дан аспайтын несиені және биыл жастар кәсіпкерлігін дамыту бағдарламасының көмегімен 2,5 пайыздық жеңіл несие қаражатын алады. Несие қаражаты қолына тиген соң оған алғашқыда 100 бас тоқты, кейінгі қаражатқа 90 бас саулық қой алып, мал шаруашылығын дамытуға толықтай бет бұрады. Қазіргі таңда иелігінде 250 бас саулық қой және 25 бас жылқы малы бар. Қолдағы мал ауыл маңындағы мал қыстауында ұсталып, сонда бағылады.
-Шаруа қожалыққа тиесілі табиғи шабындық жерлеріміз бар. Орақ кезінде ол жерлерді өз техникамызбен орып, малдың қыстық шөбін дайындаймыз. Егер өзіңнің шабындық жерің болмаса, ауылда да мал ұстау өте қиын. Шөптің бағасы өте қымбат. Биыл қолдағы малды аман-есен төлдетіп, санын арттырдық. Мал өсіру оңай шаруа емес. Бұл маңдай терді талап ететін кәсіп. Ала жаздай малдың жайымен жайлауда жүрсең, ал қыста қорадағы қарбалас тірліктің барлығы қажырлы еңбек пен төзімділікті талап етеді. Бірақ, «еңбекпен келген нан тәтті» демей ме?! Жанға ләззат берері де осы,- дейді жас кәсіпкер.
Кәсібінен нәсібін көріп отырған жас кәсіпкер осындай пайдалы бағдарламаның барына қуанып: «Бұл бағдарламаның көптеген жұмыссыз азаматтарға, көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға пайдасының тиіп жатқанына қуаныштымын»,- дейді. Сонымен қатар, ол әңгіме барысында өзінің алға қойған жоспарларымен де бөлісті. «Мал өсірсең, қой өсір, табысы оның көл-көсір» деген сөздің мағынасын терең түсінген біздің кейіпкеріміз болашақта қойдың етін молынан өндіріп, оның биязы жүнін өңдеп, кәсібін ары қарай кеңейтуді жоспарлап отыр. Болашақта сауынды сиыр ұстасақ деген жоспарлары бар.
Сапарғали отбасында тұңғыш перзент. Артынан ерген үш қарындасы және інісі бар.
«Бас екеу болмай, мал төртеу болмас» деген. Осыны ұстанған ол 2018 жылы Тілектес Жансерікқызымен шаңырақ көтерген. Келіншегі шаруаға көмектесіп, отбасылық кәсіптің алға басуына септігін тигізуде. Екеуі отбасында Сартай есімді ұл тәрбиелеп отыр.
Еліміздің кәсіпкерлік саласын дамытуға таулы ауданның тұрғындары да өз үлестерін қосып келеді. Кәсіпті кеңейту – басты мақсат. Иә, қазіргідей нарық заманында кәсіптің көзін тауып, оның тасын өрге домалату тек ерінбеген жанның қолынан ғана келсе керек…

Анар ТІЛЕНШИЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close