Бала кезімде журналист болсам деп қатты армандайтынмын. Тіпті, қиялыммен қиянды шарлап кеткен кезім де аз емес. Сол бала арманымды малданып жүріп, бірді-екілі мақала жазып та көргенім бар. Бірақ басылымдарға ұсынуға біртүрлі жүрексінетінмін. Бірде тәуекелге бел буып, «жазғанымды» аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» газетіне бердім. Газеттегілер алып-ұшқан көңілі басылмасын деді ме, жүрекжарды жазбамды өңдеп-түзетіп, жариялап жіберген. Ал республикалық «Қазақстан пионері» газеті (қазіргі «Ұлан») жазған мақалама байланысты хат жолдағаны әлі есте…
Аудандық газеттегілердің бұл қамқорлығы мен үшін жолашар жоралғыдай болды. Осыдан кейін көрген-түйгенімді қағазға түртіп жүретін болдым. Жазғанымның бәрі газет-журналға жариялауға жарай бермейтінін де жақсы білем. Оным өзімше, машық алып, қаламымды ұштағаным еді. Ондағы ойым – күллі халыққа қасірет әкелген сұм соғыс жайлы, сол сұрапыл соғысқа қатысқан әкем, еңбек және Ұлы Отан соғысының ардагері Әзімхан Бердалиев жайлы көлемді мақала жазу.
Мақала жазуға әбден төселдім-ау деген кезде барып жазу үстеліне отырдым. Ақ қағазға «Ұлы Отан соғысы» деп жазып, соңына үш нүкте қойдым. «Адам баласы үшін соғыстан асқан кесапат жоқ. Соғыс дегеніміз – қайғы, зар, қантөгіс». Ананы баладан, баланы әкеден айырған зұлмат. Тарихта небір алапат соғыс болғанымен, солардың бірде-бірі адамзатқа әкелген қасіреті жағынан екінші дүниежүзілік соғыспен теңесе алмайтыны анық. Өйткені бұл соғыстан бүкіл дүниежүзінің халқы қаншама зардап шекті. Сондықтан, олар бүкіл әлемге билік жүргізіп, бұғауда ұстағысы келген Гитлерге қарсы тойтарыс беру үшін Кеңес әскерлерімен бірге қолдарына қару алып, майданға аттанып, шайқасқа шықты. Біздің армия өз елімізбен қоса, Еуропаны да фашистік тепкіден азат етті».
Жазғанымды қайталап оқып шықтым. Оқулықтардағы жазбалармен, газет беттеріндегі мақалалармен бір сарындас сияқты ма, қалай өзі?! Ары қарай жаза алсамшы. Шабан аттай кібіртіктедім де қалдым. Әкем туралы қозғайтын естелігім жаңа ғана көкейімде сайрап тұрған еді… Сол күйі мақала аяқталмай қалды…
1977 жылы мектепте соғыс ардагерлерлерімен әсерлі кездесу өтті. Осы тәлімді іс-шара туралы шағын хабар жазып дайындап, оны аудандық газетке ұсындым. Көп ұзамай мақала жарық көрді. Ауылдастарымның бәрі маған мақтау айтып, арқамнан қақты. Бірақ, мен мақтана алмадым. Себебі, осы тағылымды шараның ұйымдастырушыларының бірі болғандықтан, кездесуге келген майдангерлер туралы тізіп жазып, оған әкемді қоспаған едім. Осыным үшін қатты ұялдым. Әкем көпті көрген жан емес пе, ол кісі оған пәлендей мән берген жоқ.
Әкем Әзімхан – Жуалы ауданына, ондағы киелі мекен Қошқарата өңіріне есімі белгілі болған, бақуатты тұрмысы бар, атақты Тәжі бидің туған немересі. Тәжі би жомарттығымен, кісілігімен елге сыйлы болыпты. Тұрмыстан таршылық көріп, қысылған ағайындарына үнемі қол ұшын беріп, бидай-арпа үлестіріп тұрады екен. Берісі – Жуалы, арысы – Қаратау, Шаян өңірлерінде ол кісіні білмейтін жан жоқ болған деседі. Әлі күнге Тәжі бидің айтқандары ел аузында жүр.
«Құдай артық жаратқан Тәжі байды, Қамбар бидай өлшеуден қажымайды» деген өлең жолдары ел аузында әлі жүр. Ал Қамбардың інісі Бердалы атам. Атам тұрған сай-сала қазір де «Бердалы сай», «Қамба» деп аталады. Онда қорымдар бар. Қыста суы жылы, жазда суық шығатын бұлақ бар. Оны әкем талай апарып көрсеткен. Өзі шомылатын. Ал Сарытаста қамбадан қалған үңгірлерді әлі күнге дейін көруге болады.
Осындай текті атаның ұрпағы болғандықтан ба, әкемнің де ауылдастарының ортасында абырой-беделі жоғары еді. Ол сонау 1941-1942 жылдары Белорусь майданында соғысқан. Бірнеше рет жарақат алып, елге оралған. Майданнан туған ауылға оралғаннан кейін колхозда бөлімше бастығы болып жұмыс істеген. Кейін көп жылдар бойы Сталин атындағы колхозды (қазіргі Қошқарата ауылдық округі, Жуалы ауданы) басқарған. Соғыстан кейінгі жылдары елдің еңсесін көтеру үшін тынымсыз еңбек еткенін де былайғы жұртшылық жақсы біледі. 1958 жылы әкем Әзімхан Бердалыұлына Кеңес Одағынан берілген «Құрмет белгісі» ордені сол өлшеусіз, көпжылғы ерен еңбегінің айшықты белгісі.
Есейген сайын адамның өмірге деген көзқарасы өзгереді екен. Мен журналист бола алмадым. Әкем туралы естелік жазылмай, аяқсыз қалғаннан кейін, бұл ойымнан айнып қалдым. Міне, содан бері 40 жылға жуық уақыт өтіпті. Әкем жайлы мақаланы аяқтаудың реті енді келіп тұрғандай…
Мұрат БЕРДАЛИЕВ,
майдангердің ұлы.
№2 Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталығының директоры.
Тараз қаласы.
Ескертпе: (Мақала Жамбыл облыстық «Ақ жол» қоғамдық-саяси газетінде 2015 жылдың 30 сәуірінде жарық көрген)