Basty bet

МЕКТЕП ТҮЛЕГІНІҢ КІТАПХАНАҒА КІТАП ТАРТУЫ

Кітап – адам баласының ақыл-ойынан туған рухани байлықты сақтап, оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отыратын құрал. Білімнің қайнар көзі кітапта екені баршаға мәлім. Сондықтан да кітап – адамзаттың баға жетпес байлағы, рухани құндылығы. Бұған дәлел ретінде, туған ауылындағы қара шаңырақ – мектептен түлеп ұшқан түлектің тарту-таралғыларын айтуға болады.
Кәріқорған ауылындағы №7 Тұрсын Әкімов атындағы орта мектептің кітапхана қоры аталған мектептің түлегі Нұрбақыт Болтаевтың «Ауылға кітап ал!» акциясының аясында сыйға тартқан 50 дана кітаппен толықтырылды. Қазіргі таңда мектеп кітапханасы кітап қорының жалпы саны – 6 250 дана әдебиетті құраса, оның ішінде, көркем әдебиеттер саны – 1 120 дана кітапты құрайды.
Тәлім-тәрбие, жақсы әдет және өмірлік дағдыларды қалыптастыру, уақытты дұрыс жоспарлау, мамандық таңдау және де тағы басқа да маңызды тақырыптарды қамтыған кітаптардың жас ұрпақ үшін тәрбиелік мәні өте зор. Осы орайда кітапханаға сыйға тартылған кітаптарға қысқаша тоқтала кетсем, Қасиет Қанатқызының «Әдебі әдемі ханшайым бол!» кітабында қазақ халқының өрісін кеңейтер қыз баланың тәлім-тәрбиесіне байланысты жазылып, қыз баланың білуі тиіс 40 әдебі баяндалған.
Жақсы әдет қалыптастыру, жаман әдеттен арылуға арналған Мирас Кесебаевтың «Әдет күші» аталатын кітабында әдеттің құпиясы кеңінен ашылып, жаман әдеттен арылу үшін кеңестер жазылған. «Сенің қолыңнан келеді!» деген авторы Анар Есеннің туындысы – балалар мен жасөспірімдерге өмірлік дағдыларды қалыптастыруға бағытталған тренинг-кітап десек те болады. Бұл кітапта адамға алдына нақты мақсат қою, уақытты дұрыс жоспарлау, сонымен қатар, мамандық таңдаудың жолдары жан-жақты түсіндірілген.
Мирас Кесебаевтың «Терең ой» кітабында тіршіліктегі сан алуан оқиғалардың хикметін байқауды, адамның өз басын қадірлеуді, өмірді ғажайыпқа толы сүруді және сол үшін ізгі әрекеттер жасауды насихаттайды.
Данияр Жігітбек, Мирас Кесебаев, Шраззадин Каниязовтың «Не үшін кітап оқу керек?» туындысы терең ой ойлау үшін кітапты қалай оқу керек, не үшін кітап оқу керек, адамға қандай кітап сыйлау керек, кітаптың денсаулыққа, кәсіпкерлікке тигізер әсері жайлы жазылған бұл кітап – кітап дейтін үнсіз данышпанның әлеміне шақырады.
Мирас Кесебаевтың «Нағыз жігіт: Жігіттің 40 қасиеті» кітабы бұл – жігіттің 40 қасиеті туралы жазылған. Бір сөзбен айтқанда, жігіттің рухын оятатын туынды. Бір сөзбен айтқанда, осындай заманауи тақырыптарды қамтыған басқа да кітаптар оқырманның көңілінен шығады деп сенеміз.
Кітап – кешегі мен бүгінгіні жалғап, болашаққа жол сілтейтін рухани қазына. Кітап – сарқылмас білім бұлағы. Кітап – ақылдың шамшырағы. Білім мен парасаттың жолында кітапқа деген құрмет ешқашан сарқылмасын!
Мектеп кітапханасына заманауи құнды кітаптар тарту еткен түлек Нұрбақыт Бекназарұлына педагогикалық ұжымның атынан алғыс білдіре отырып, бұл шағын мақаланы жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың: «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген қанатты сөзімен аяқтағым келеді. Сіз де кітап оқу арқылы жан дүниеңізді рухани байытыңыз!

Маужуда ТҰРСЫНБАЕВА,
№7 Т.Әкімов атындағы орта мектептің кітапхана меңгерушісі.
Кәріқорған ауылы

Таңдаулы материалдар

Close