Basty bet
Жауапкершілігі жоғары жанашыр жан
Мейірбике ісі – жауапты әрі адалдық пен жанашырлықты қажет ететін мамандық. Жалпы, мейірбике науқасқа ең жақын әрі қамқоршы адам. Өйткені, сырқат жанды ең бірінші болып күтіп алып, шығарып салатын сол.
Сол себепті мейірбикенің өз мамандығына деген сүйіспеншілігі, алдына келген науқасқа жанашырлық танытуы бәрінен маңызды. Одан бөлек, бүгінде орта буын медицина қызметкерлеріне қойылатын талап деңгейі де заман ағымына сай жоғарылады. Қазіргі заманауи медбике жоғары білікті, терең білімді әрі қажет болған жағдайда науқасқа психологиялық қолдау білдіре алады. Мейірбикенің әр күні науқастардың жағдайын жасап, зыр жүгірумен өтеді.
Міне, осы жолда аянбай еңбек етіп келе жатқан жанның бірі аудандық емхана мейірбикесі Жадыра Мәден. 10 жылдан астам уақыт емханада 14-аймақтың мейірбикесі болып келе жатқан ол өз жұмысына жауапкершілікпен қарайды. Ол үшін жұмыста ең маңыздысы – балалардың денінің сау болуы. Себебі, Жадыраның негізгі жұмысы – балалар денсаулығын қадағалау және олардың уақтылы тексеруден өтуін қамтамасыз ету. Ол ай сайын ата-аналар мен балаларды екпе алуға, сондай-ақ жоспарлы қабылдауға шақырып отырады. Әр баланың жас ерекшелігіне сай скринингтен өтуін қадағалап, жаңадан туылған нәрестелердің үйіне барып, жағдайын тексеріп, аналарға кеңес береді.
Жадыраның мейірбике ретіндегі негізгі мақсаты – адамдардың, әсіресе кішкентай балалардың сауығып, денсаулығын жақсартуға көмектесу. Әр науқастың жағдайын түсініп, оларға қамқорлық пен мейірім көрсету – ол үшін басты міндет. Сондай-ақ, өз ісіне адал болып, халықтың сенімін ақтау, әрбір адамға жылы көңіл мен үміт сыйлау – оның өмірлік мақсаты.
-Бұл мамандықты таңдауыма адамдарға, әсіресе кішкентай балаларға қамқорлық көрсетіп, көмектескім келгені түрткі болды. Медбике болу – мейірім мен сабырлықты талап ететін жауапты жұмыс. Маған бұл мамандық ұнайды, өйткені науқастардың сауығып, жүздерінен қуаныш пен ризашылықты көру – ең үлкен сый. Күн сайын адамдарға шын көңілмен көмек беру мен үшін өмірдің мәні сияқты. Кішкентай балалармен жұмыс істеу – мен үшін ерекше жауапкершілік әрі қуаныш. Олардың сауығып, күліп жүргенін көру – менің ең үлкен жетістігім. Сонымен қатар, халықпен тығыз байланыста болып, әр адамға көмек беру, жылы сөз айту да менің жұмысымның маңызды бөлігі. Себебі, медбике болу – тек емдеу емес, адамдардың жүрегіне мейірім ұялату, – дейді мейірбике Жадыра.
Мамандық таңдаудан қателеспей, жұмысына шын көңілмен кірісетін Жадыра Сарымсақбайқызы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияны бітірген соң, Түркістан облысының Шымкент қаласындағы “Авиценна” жоғары медициналық колледжіне оқуға түседі. Оқу орнында жүрегі қалаған мамандықтың қыр-сырын меңгеріп, Жуалы аудандық орталық ауруханасына жас маман болып жұмысқа ораналасады. Жас маманға әріптестері қолдау көрсетіп, мейірбике ісін одан әрі қарай меңгеруіне септігін тигізеді. Білмегенін үйретіп, әр жағдайды сабырмен түсіндіріп, қиын сәттерде демеу болады. Әріптестерінің қолдауы мен көмегі оған тәжірибе жинауға ықпал етеді.
Мейірбике ең алдымен мейірімді, сабырлы және жауапкершілігі жоғары адам болуы керек. Бұл оймен Жадыра да келісіп, сұхбат барысында ол науқастарға тек дәрі беріп қана қоймай, жылы сөз айтып, рухани демеу бола білуі қажеттігін алға тартты. Мейірбике әрқашан қамқор, ұқыпты және өз ісіне адал болуы тиіс. Себебі, науқастардың сауығуы көбіне оның көңілі мен ниетіне де байланысты екенін баса айтты.
-Менің міндетім тек медициналық көмек көрсету емес, сонымен қатар халықпен тығыз байланыста болып, әр отбасының денінің саулығына үлес қосу. Әр баланың дені сау болып өсуі – мен үшін үлкен жауапкершілік әрі жүрекпен атқарылатын іс. Мейірбике ретінде мен әр ана мен баланың сенімін ақтауға, оларға қамқорлық пен жылылық сыйлауға тырысамын.
Қазіргі таңда адамдардың бәрі асығыс, әркім өз жұмысын тезірек аяқтап кеткісі келеді. Кейде кезекке байланысты реніш немесе айқай болып жатады. Ондай сәттерде мен ең алдымен сабыр сақтап, барлығына түсіністікпен қарауға тырысамын. Себебі, әр адамның өз уайымы, өзінің денсаулығына байланысты жағдайы бар. Осындай сәттерде мейірбике ретінде мен үшін ең маңыздысы – халықпен дұрыс, мәдениетті қарым-қатынас орнату. Ашуға емес, мейірім мен сабырлыққа жүгінемін. Жылы сөз айтып, сабырмен түсіндірсең, адамдар да тынышталып, жағдайды түсінеді. Адамгершілік пен шыдамдылық – менің басты қаруым деп білемін, – дейді мейірбек Жадыра.
Айгүл Қалымханқызы,
“Жаңа өмір”