Basty bet

Өнегелі отбасынан өрелі ұрпақ өседі

Елімізде ырысы мен ынтымағы жарасып, ауызбіршілігімен көпшілікке үлгі болған жанұяларды дәріптеу мақсатында газетте «Мерейлі отбасы» тақырыбы аясында мақала жариялау дәстүрге айналған. Отбасы құндылығы – қай заманда да, қай елде де мемлекет саясатының темірқазығы, ардақ тұтар қазынасы екенін айтпаса да белгілі. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп дана қазақ халқы айтпақшы, отбасындағы ұрпақ тәрбиесінің маңызы мемлекет іргетасының берік қалануының кепілі. Иә, расында мықты мемлекеттің қалыптасуы үшін әрбір үйдің, әрбір шаңырақтың береке бірлігі жарасымды, ынтымағы ырысты болу керек.

«Тәрбие – тал бесіктен» тәмсілін тілге тиек ете отырып, ортақ үйінің шаңырағын шайқалтпай, уығын тіктеп, керегесін кеңейтіп, береке бірлігін ұйыта ұстап, «Отан – ортақ үйіміз» деп қарайтын Сейітқасымовтар отбасының да өнегесі көпке үлгі.
Өнегелі шаңырақтың отағасы Дінмұхамед Әшірбайұлы ауданға қарасты Қайрат ауылының тумасы болса, жары Динара Исатайқызы Түктібай ауылында дүниеге келген. Отанасы Динара Иманбекованың айтуынша, өмірлік серігі Дінмұхамед Әшірбайұлы Түктібай ауылына жұмыс сапарымен барған уақытта, кездейсоқ танысып, сегіз айдай байланыс үзбей сөйлесіп жүргенін ерекше толқыныспен жеткізді. Махаббаттарына берік жарасымды жұп 2000 жылы шаңырақ көтеріп, бүгінгі таңда бес ұл, екі қызды тәрбиелеп отырған өнегелі отбасы. Ұрпақ жалғастығын бірінші орынға қоятын көпбалалы ұлағатты отбасының ер азаматы да көп балалы отбасынан шыққан екен.
«Адам өміріндегі – ең үлкен қуанышы бала сүю» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, балалы болу бақыт, ал көпбалалы болу одан да үлкен бақыт. Өнегелі отбасының ұйытқысы, «Алтын алқа» алқасының иегері, алтын құрсақты ана балаларының тәрбиесіне ерекше көңіл аударатынын айтты.
Балаларын адал еңбекпен нанын табуға, білімге, жаңашылдыққа құштар болуға, шындық жолынан таймауға және бір-біріне қамқор болуға тәрбиелейтінін әңгіме барысында айтып қалды. Осындай мықты тәрбиенің арқасында болар, екінші ұлы Бейбарыс Әшірбай көк байрағымыздың көкте желбіреуіне өзіндік үлесін қосып, ауданның мақтанышына айналып отыр. Спортшы ұланы халықаралық деңгейдегі дүбірлі додаларға қатысып, бақ сынап, жүлделі орындарды еншілеп жүр.
Тұңғыш ұлы Жандос ел ордасы Астана қаласында құқық қорғау саласында еңбек етеді. Жандос та спорт саласынан алшақ емес. Нақты айтар болсақ, бокс үйірмесіне 5-6 жылдай үзбей қатысып келген екен. Түрлі додаларда бақ сынап, қол жеткізген жетістіктері де біршама. Өкінішке орай, түрлі дене жарақатын алуына байланысты бокстан қол үзуге мәжбүр болады. Ата-ананың берген тәрбиесінің жемісі болар, ержеткен азамат қиындықты жеңіп, Отанға деген махаббатының жетегіне еріп, әскерге баруды ұйғарады. Отан алдындағы борышын азаматтық міндетім деп білген Жандос Алматы қаласында, кейіннен Меркі ауданына ауысып, сонда әскери борышын өтеп келеді.
Ел Тәуелсіздігін қорғауға әзір тұратын ер жүрек ұлымның арманы құқық қорғау саласында жоғары жетістіктерге жетіп, мемлекетке адалынан қызмет етсе,-дейді анасы Динара.
Міне, чемпион ұлы Бейбарыстың үлкен додаларда бой көрсетіп жүргеніне, жалпы спорт саласына келуіне ағасы Жандос себепші болған. Өзі кезінде спортта бастаған жолын, кіші бауыры жалғастырсын деген ниеті болар. Ағасының соңынан ерген бауыры Сұңқар математика есептеріне жүйрік.
Ал, Жансая анасының ақылшысы, үй шаруасындағы көмекшісі болса, ерекше есімі бар Ағила қызы анасының дизайнері екен. Қыздарының бірі анасының жабырқаған кезде көңілін ауласа, екіншісі анасының сыртқы келбетіне, киім кию стиліне көңіл аударатынын әңгімелесу барысында байқадық. Ал, қос бүлдіршін Айсұлтан және Айдын «Мөлдір бұлақ» балабақшасына барады.
«Бала тәрбиесі бір өнер, өнер болғанда да ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер» деп Мағжан Жұмабаев бекер айтпаса керек. Баланы тәрбиелеп, одан болашағы жарқын азамат өсіріп шығарудың өзі үлкен өнер болса керек.
Иә, расында қазіргі кезде бір бала, ары кетсе екі баланы қанағат тұтатын отбасылардың саны артуда. Әр бала өзінің несібесімен дүниеге келеді. Ризықты адамға адам бермейді, Алла береді. Не де болса, ұрпақтың саны көп, сапасы бек болсын, саны аз болса да, ата-анасына, халқына сеп болар ұрпағымыз көп бола берсін дегіміз келеді.

Анар ТІЛЕНШИЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close