Ежелден негізгі күнкөрісі мен тыныс-тіршілігі, қала берді, табыс көзі де ауыл шаруашылығы саласының жұмысымен тығыз байланысты қасиетті Жуалы ауданының шаруалары мен ауыл тұрғындары үшін дәл қазір өте қауырт шақ пен қарбалас кезең. Қыстың қамын жазда ойлайтын мұндағы еңбексүйгіш ағайын ерте көктемнен бастап, егін егу үшін қырға шығып, төрт түлік малдың қамын ойласа, жаздың келуімен бірге, қолдағы малдың қыстық азығына жемшөп дайындау науқаны да қатар келеді. «Көктемнің бір күні – жылға азық» дегенді алға тартсақ, қазіргі қауырт кезеңде уақытпен санаспай еңбек етудің маңыздылығы да арта түспек.
Қауырт кезең демекші, қазіргі таңда жергілікті шаруалар мен өңір тұрғындары төрт түлік малдың қыстық азық қорын молынан дайындаумен қатар, жаздық арпа орағына да кірісіп кетті. Арпа оруға сәл ертерек болғанымен, апта басындағы жауынды-шашынды ауа райына қарамастан, арадағы қолайлы ашық күндерді тиімді пайдаланып, арпа алқабына орақ салған шаруалар бар.
Берекелі өңірде жазғы дала жұмыстарының ішінде шөп ору науқаны бел ортасынан асса, жаздық арпа орағы енді ғана басталды. Бұл бағытта атқарылатын жұмыстарға тоқталатын болсақ, аудандағы ауыл шаруашылығы бағытында игерілетін жердің көлемі – 216 306 гектарды құраса, оның ішінде – 95 449 гектары егістік жердің үлесінде (жалпы суармалы егістігі – 8 460 гектар). Шабындық – 2 046 га, Жайылым жерлер – 109 439 га, көп жылдық екпелер – 265 га, ал басқа да жерлер – 2 128 гектарды құрайды.
-Жазғы дала жұмыстары бойынша биыл ораққа түсетін масақты дәнді дақылдар барлығы – 37 281 гектарға егілген, оның ішінде, күздік бидай – 9 750 гектар алқапқа егілсе, жаздық арпа алқабының көлемі – 27 531 гектар. Көктем және жаз айларында таулы өңірде ауа райының жауын-шашынды болуына байланысты дәнді дақылдардың түсімі де жақсы болады деген болжам бар. Өңірде егін орағы басталып та кетті. Қазір ауданға қарасты Жетітөбе және Қарасаз ауылдық округтерінде орналасқан «Темірбекова» шаруа қожалығының астық жинайтын комбайндары жаздық арпа алқаптарына шығып, дән бастыру жұмыстарын бастап кетті.
Жалпы ауданда төрт түлік малдың қыстық азығын дайындау бойынша шөп ору науқанының толығымен аяқталмауына қарамастан, онымен бірге егін ору жұмыстары да қатар жүргізілу үстінде. Өңірде астық жинайтын комбайндардың жалпы саны – 115 дана және механикалық қырманның саны – 6 дана.
Жанар-жағармай мәселесіне келсек, биыл аудандағы жазғы дала жұмыстарына жоспарға сәйкес, 2 283 тонна кепілдендірілген дизель отыны бөлінген. Облыстың көлемінде таратушы оператор таңдалып, бүгінгі күнге қаражат аудару жұмыстары жүргізілу үстінде,- дейді аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ержан Серкебаев.
Таулы өңірде жаздық арпаның алқабына алғаш болып орақ салғандардың қатарында аудандағы алдыңғы қатарлы агроқұрылымдардың бірі – «Темірбекова» шаруа қожалығы бар. Жетітөбе ауылдық округінің Майбұлақ ауылында құрылып, 25 жылдан бері егін шаруашылығымен тұрақты айналысып келе жатқан маңдайалды агроқұрылым биыл 1000 гектардан астам егістік алқапқа жаздық арпаның «Бәйшешек» және тағы да басқа сорттарын ексе, 2,5 мың гектар алқапқа күздік бидайдың дәні сіңірілген. Шаруашылықта одан бөлек, көпжылдық шөптен мал азығына жоңышқа және эспарцет егіледі.
Биылғы егін ору науқанының барысын білмекке «Темірбекова» шаруа қожалығының басқарушысы Жанар Төрткүлбаевмен ұялы телефон арқылы хабарласқанбыз. Аталған шаруашылықта 22 жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келе жатқан тәжірибелі маман арпа алқабына жақында ғана орақ түскенін айтып, егін орағының қалыпты жағдайда өтіп жатқанын жеткізді.
-Шаруашылық құрылған күннен бастап негізінен ақ егіспен айналысады. Қожалық ауыл-аймақтағы кіші шаруашылықтармен бірігіп жұмыс істейтіндіктен, қожалықта тұрақты жұмыс істейтін азаматтарға мал азығына жемшөп және қысқы соғымның еті тегін беріледі. Көпжылдық шөпті негізінен жұмысшылардың еңбекақысына қосымша тарату үшін егеміз.
Биылғы егін орағына келетін болсам, шаруашылыққа қарасты алқаптардың барлығында жаздық арпаның шығымы жаман емес. Осыған байланысты түсім де орта деңгейде қалыптасуға тиіс. Егін орағы енді ғана басталды. Бұған дейін дән бастыратын комбайндар мен жұмысқа қажетті басқа да техникалардың барлығы жөнделіп, жауапты науқанға толықтай дайындалды. Жалпы шаруашылық биылғы жиын-терін науқанына тыңғылықты дайындықпен кірісіп отыр.
Қазір алқап басында 11 бірлік дән бастыратын комбайн арпа дақылын орып жинау үстінде. Жиналған арпаны қоймаға тасымалдайтын бірнеше жүк көлігі бар. Жұмысшылар күші де сақадай сай. Шаруашылық кепілдендірілген жанар-жағармайды еш кедергісіз алып отыр. Бұл – жауапты науқанның барысында үлкен рөл атқарады,- дейді шаруа қожалық басқарушысы.
Ауыл шаруашылығы саласының жұмысын қуатты техникасыз толыққанды жүргізу мүмкін емес. Әсіресе, таулы аймақта техниканың маңызы өте зор. Осыны мықтап ескерген шаруашылық мүшелері техника паркін жыл сайын тұрақты жаңартып отыруға ұдайы күш салып келеді. Қазіргі таңда «Темірбекова» шаруа қожалығында 10 бірліктен астам «Беларус» доңғалақты тракторы, 11 дән жинайтын комбайн, жер жыртуға және басқа да ауыр жұмыстарды атқаруға арналған «К-700» қуатты тракторлары, одан бөлек, жүк көліктерімен қатар, ауыл шаруашылығы тіркемелерінің барлығы дерлік бар. Бұл өз кезегінде науқандық жұмыстардың барлығын уақтылы әрі сапалы атқару ісінде үлкен көмек болып отыр.
Сапалы тұқымнан ғана мол өнім алуға болатынын жер емген тәжірибелі диқандар ғана жақсы білсе керек. Осыған байланысты іргелі агроқұрылымда алқапқа егілетін астық тұқымының сапасына да терең мән беріледі. Шаруашылықта ұзақ жылдан бері отандық ғылыми-зерттеу бағытындағы ауыл шаруашылығы институттарымен тұрақты байланыс орнатудың нәтижесінде, қазір өңірде жаздық арпаның «Бәйшешек» аталатын сорты, одан бөлек, күздік бидайдың «Стекловидная-24» аталатын сорттары аудандастырылып, тұқымды тұрақты жаңарту арқылы астықты алқаптардан мол өнім алуға да қол жеткізіліп отыр. Биыл да алқаптарға негізінен жаздық арпа мен күздік бидайдың жоғарыда аталған сорттары егілген.
Шаруашылықтың Майбұлақ ауылындағы базасында астық сақтауға арналған сыйымдылығы 10 мың тоннаны құрайтын заманауи қоймасы да бар. Науқан кезінде егістік алқаптардан орылып, жиналған арпа дақылы ең алдымен қырман басында ашық аспанның астында кептіріліп болғаннан кейін ғана қоймаға жөнелтіледі. Қазір қырман басында да бірнеше адам еңбек ету үстінде.
Көктемнің соңы мен жаздың алғашқы айларында ауа райының жауын-шашынды және ылғалды болуы егін мен көпжылдық шөптің шығымына оң әсер етсе, ал қазір қалыптасып отырған дымқыл ауа райы мал азығын дайындап және арпа орағына кіріскен шаруалар үшін уақытша қолайсыздық тудырып отыр. Сол үшін алқаптан жиналған өнім ең алдымен далада жел мен күннің астында кептірілген соң ғана қоймада сақталады. Әрине, мұның барлығы ұзақ процесс әрі қол еңбегін талап ететін жұмыс. Уақытпен санаспай еңбек өнімділігін арттырып отырған шаруашылық басшылары мен жұмысшылардың қажырлы еңбегіне тек мол табыс тілейміз! Қырман қызылды болсын!
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»