Basty bet

Хирургия бөлімінің негізін қалаған

АОА-да білікті дәрігер Сатыбалды Қуанышбековке ескерткіш тақта ашылды

Қасиетті Жуалы ауданының денсаулық сақтау саласында ұзақ жылдар жұмыс істеп, өңір тұрғындарының денсаулығын нығайту ісіне мол үлес қосқан білікті хирург дәрігер және атпал азаматтың бірі Сатыбалды Қуанышбеков болатын. Осында туып-өспегенімен, Сатыбалды Қуанышбекұлының еңбек жолы Жуалы ауданымен тікелей байланысты өрбіді.
Алматы қаласындағы медициналық институтты жаңа бітірген жас хирург бір-екі жыл қазіргі Талас ауданының Ақкөл ауылында еңбек жолын бастағаннан кейін Жуалы ауданына жолдамамен келіп, осында 1959 жылдан 1995 жылға дейін аудандық орталық аурухананың хирургия бөлімінде табан аудармастан еңбек етті. Сатыбалды хирургия бөлімінің меңгерушісі, бас дәрігердің орынбасары болып ұзақ жыл жұмыс істеді. Бір сөзбен айтқанда, білікті маман осында хирургия бөлімінің негізін қалап, оған өзі басшылық жасаған.
Білікті дәрігер, осында ұзақ жыл жұмыс істеп, жергілікті жұртшылықтың денсаулығын, ұлт саулығын нығайту арқылы құрметке бөленген Сатыбалды Қуанышбековтың туғанына 92 жыл толуына орай аудандық орталық аурухананың хирургия бөлімінде ұрпақтарының және аурухана басшылығының ұйытқы болуымен ескерткіш тақта ашылды.
Тақтаның ашылуына орай аудандық орталық аурухананың хирургия бөлімінде жиын ұйымдастырылды. Жиынды аудандық орталық аурухананың бас дәрігері қызметін ұзақ жыл атқарған білікті хирург дәрігер, «Алтын дәрігер» төсбелгісінің иегері, ауданның Құрметті азаматы Сейітхан Жұмашев ашып, ол өз сөзінде Сатыбалды Қуанышбековтың еңбек жолына тоқталып, оның өз ісін өте жетік меңгерген білімді де білікті дәрігер және көптеген ізгі қасиеттерді бір бойына жинақтай білген абзал азамат болғанын айтты.
Одан бөлек, жиында аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Батырбек Үсенбаев, Сатыбалды Қуанышбековтың асыл жары, бүгінде 90 жастан асқан ақ жаулықты ана Роза Қуанышбекова, тағы басқа туыстары сөз сөйлеп, ізгі тілектерін білдірді.
Ескерткіш тақта салтанатты жағдайда ашылды. Айта кету керек, тақтада: «Бұл жерде 1959-1995 жылдары көрнекті дәрігер, хирургия бөлімінің негізін қалаушы Қуанышбеков Сатыбалды еңбек етті. Мыңдаған адамның өмірін сақтады» деп айшықтап жазылған.
Жалпы Қуанышбековтар әулетін дәрігерлер әулеті деп айтуымызға болады. Бұл отбасында екі ұл және үш қыз тәрбиеленген. Оның бірқатары бүгінде денсаулық сақтау саласында жұмыс істейді. Сатыбалдының ұлы Әшім және немересі Әлен де қазіргі таңда денсаулық күзетінде. Әлен Қуанышбеков Алматы қаласындағы «Орталық клиникалық ауруханасы» АҚ-да (бұрынғы СОВМИН-нің ауруханасы) кардиохирург қызметін атқару үстінде.
Тақтаның ашылуынан кейін ауданның орталығында марқұм С.Қуанышбековтың жылдық асы таратылды.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close