Basty bet
Мемлекеттің бірден-бір бастауы – халық
Еліміз құқықтық және әділ мемлекет құру жолымен ілгерілеп келеді. Мұны ел Президенті «Мемлекетіміздің стратегиялық бағдарының басым міндетінің бірі – саяси жаңғыруды біртіндеп жүзеге асыру» деп түсіндіреді. Жалпы, елімізде адам құқықтарын қорғау мәселесі егемендік алған алғашқы жылдан ерекше назарда тұр. Осыдан 27 жыл бұрын қабылданған Ата Заңымызда да, кешегі өткен референдумнан соң Конституциямызға енгізілген өзгерістерден соң да еліміз өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық жəне əлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырып, ең қымбат қазынасын – адам жəне адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп бекітті.
Отыз жылдан бері қастерлеп келе жатқан тәуелсіздігіміздің басты ұстанымының бірі де осы – адам құқықтарының сақталуы. Шындап келгенде, бұл біздің ең жанды жеріміз. Өйткені «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» болса, басты заңға сәйкес «Адамның және азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға, конституциялық құрылыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтірмеуге тиіс»,- дейді Президент.
Адам құқығы – ең биік құндылық
Ең алдымен айтатынымыз – еліміз тəуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап-ақ əлемдік деңгейдегі құқықтық қалыптың барлығын, соның ішінде адам мен азаматтардың құқықтары мен мүдделеріне ерекше мән берді. Ата Заңның алғашқы бабында да «Мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам жəне адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп тайға таңба басқандай жазылды. Яғни, еліміз ең бірінші орынға адамды қойды. Алдымен оның өмірін жоғары бағалады. Сол себепті де айналамыздағы жұрттың барлығы Қазақ елін жай ғана мемлекет деп емес, адам құқығын қамтамасыз ететін егемен ел деп біледі.
Сабырмен сансыз қиындықтарды жеңген еліміз ең бірінші мемлекет деген ұғымның емес, адам деген асыл құндылықтың бағасы биік тұратынын айшықтап берді. Кеңес заманында бұл ұғым керісінше еді. Бірінші орынға мемлекетті қойған Одақ одан кейін қоғамды, ал адамның құқын үшінші кезекке ысырып тастаған болатын.
Ел дамуының ең маңызды құжатына айналған Конституцияның алғашқы екі бөлімі халықаралық құқықтық шарттарға сай адам құқықтарын қорғауға негізделген. Жалпы әлеуметтік жəне экономикалық, азаматтық пен саяси құқықтың барлығын бір жерге біріктірсек те, нормалардың ішінде адам құқының қорғалуы басымырақ түседі.
Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің жеке құрамымен аудан аумағында көшелер мен қоғамдық орындарда жасалатын қылмыстардың алдын алу, азаматтардың қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету мақсатында жеке құраммен алдын-алу жұмыстары ұйымдастырылып отыр. Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторлары, ювеналдық полиция тобының инспекторлары көшелерде патруль бағыттарында күндізгі және түнгі уақытта автопатрульдеу және жаяу патрульдеу атқаруда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда ел өмірінің саяси, әлеуметтік, экономикалық, әскери және басқа да қырлары толыққанды қамтылды. Соның ішінде қоғам тыныштығын сақтауда тәртіп сақшыларының атқарар міндеті көп. Қоғам дамуында елдің ішкі саясаты нық, ішкі тәртібі бекем болуы аса маңызды. Полиция қызметкерлері, сол тәртіпті қамтамасыз етіп келеді. Жолдаудағы тың өзгерістер мен ел дамуының басым бағыттары тәртіп сақшыларының да жұмысын қамтыған.
Тағы бір ерекше атап өтерлік мәселе құқық қорғау органдарын реформалау туралы. Бұл сала әрдайым қоғамның жіті назарында болатындығы белгілі.
Мұндай жағдай енді қайталанбасын
«Қасіретті қаңтар» оқиғасы тәртіп сақшылары үшін нағыз сынақ болды. Ол кезде арандатушылардың кесірінен шерулер жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Оның ақыры мемлекетке қарсы бүлік шығаруға әкеп соқтырды» дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Дәурен Сапиев.
Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деген қанатты сөзін осы кезде ел азаматтары естен шығарып алғандай болды. Арандатушылардың айтағына еріп, қоғам тыныштығы бұзылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында жұртты арандатушылардың көбі шартты немесе жеңіл жазамен құтылып кетті. Шын мәнінде, олардың кінәсі әлдеқайда ауыр. Өйткені, жағдайды қасақана ушықтырды. Соның салдарынан іс насырға шауып, қайғылы оқиғалар болды. Осы оқиғаға байланысты Президентіміз талдау жасай келіп, қаңтар оқиғасына қатысқан, бірақ ауыр қылмыс жасамаған азаматтардың жазасын жеңілдетіп, рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдады.
«Заң бұзғандардың бірқатары кінәсін түсініп, өткен іске өкініп отыр. Оларға кешіріммен қараған дұрыс деп ойлаймын. Сондықтан, мен қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдадым. Рақымшылық жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыруға қатысы бар адамдарға, сондай-ақ, мемлекетке опасыздық жасағаны және билікті күшпен басып алуға әрекеттенгені үшін айыпталғандарға қолданылмайтыны түсінікті. Сондай-ақ, лаңкестік және экстремистік қылмыс жасағандарға, рецидивистерге, жұртты азаптағандарға рақымшылық болмайды. Біз адамгершілік таныта отырып, осы қайғылы оқиғадан тиісті қорытынды жасаймыз. Мұндай жағдай енді ешқашан қайталанбайды. Бұған жол бермейміз», деп түйінін қойған еді Президент.
Шындығына келгенде «Қаңтар оқиғасы» мемлекетіміз үшін зор сынақ болды. Онда орын алған оқиғалар расымен де бүкіл қоғамды дүр сілкіндірді. Сол күндері ел халқы Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жан-жүрегімен сезінгендей болды.
Өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасына қатысушыларға байланысты «Рақымшылық жасау» туралы заңға қол қойды. Иә, бұл жолғы рақымшылықтың жөні бөлек.
«Біз адамгершілік таныта отырып, осы қайғылы оқиғадан тиісті қорытынды жасаймыз. Мұндай жағдай енді ешқашан қайталанбайды. Бұған жол бермейміз», – деді Президент.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы қаңтар оқиғасы кезінде қайтыс болған адамдардың отбасына материалдық қолдау көрсету жөніндегі бастамасы да әділ шешім болды. Бұл қоғамдағы түйткілді мәселелердің өз уақытында шешілетінін көрсетті.
Қырағылықты арттырса, ұрлық та тыйылады
Бүгінгі таңда өзекті болып тұрған мәселенің бірі – мал ұрлығы. Халқымыз үшін де төрт түліктің орны ерекше. Амандасқанда да «мал-жан аман ба» деп хал сұрасамыз. Себебі, ел малмен күн көреді. Ауыл халқы әлі де малмен жан бағып отырғаны белгілі. Өкініштісі, оған ел ішінде мал ұрлығына тыйым болмай тұр. Осы ұры-қарылыққа қатысты жазаны ауырлату туралы алдыңғы жылы Мемлекет басшысы бірнеше заңға қол қойып еді. Атап айтсақ, мал ұрлағандар мен мас күйінде көлік жүргізгендерге қатысты заңды қатайтқанын жақсы білеміз. Ал мал ұрлығын ауыр қылмыс санатына қосқан болатын. Сондай-ақ Заңда ол қылмыстық топтың құрамы мен көлеміне қарай барымташыларды 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру да қарастырылған.
Қазіргі таңда еліміздегі халықтың 42 пайызы, ал өңірімізде 63 пайызы ауылды жерде тұрады. Олардың көпшілігінің негізгі табыс көзі – қорасындағы малы. Сол себепті, егер қылмыскер қора-жайға, фермаға ұрлыққа түсіп, үлкен мөлшерде шығын әкелсе, ұрылар топтасып болса, бұл ауыр қылмыс санатына өтеді. Заңға енген өзгерістерге сәйкес мұндай жағдайда екі жақтың ымыраға келуі арқылы да қылмыстық іс тоқтатылмайтын болды.
– Биыл ауданда бөтеннің мүлкін ұрлау мен мал ұрлығы бойынша қылмыс өткен жылмен салыстырғанда төмендегені байқалады. Атап айтсақ, осы жылы бір ашықтан-ашық тонау оқиғасы орын алып, қылмыскер құрықталды. Есірткі бойынша 15 қылмыс тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 25 пайызға төмендеген. 12-і қылмыстық теріс қылықтар орын алып, ол 33,3 пайызға төмендеген. Бір өкініштісі бөтеннің мүлкін ұрлау қылмыстары 15 қылмысқа жоғарылап, 7,1 пайызға өскен, ашылуы 65,2 пайыз. Оның ішінде, пәтер ұрлығы 7, ұялы телефон ұрлығы 3 қылмысқа артқан. Ал мал ұрлығы бойынша екі қылмыс тіркеліп, 66,7 пайызға төмендеп отыр, – дейді аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Есім Ордабаев.
«Өз басым Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мал ұрлығына қатысты заңды қатайтқанын құптаймын. Оны дер кезінде қабылданған дұрыс шешім болды деп есептеймін. Бұдан бұлай ұрыға, әсіресе елдің қорасына түсіп, жайылымынан айдап кеткен маңдай терімен тапқан малын ұрлағандарға аяушылық болмауы керек. Ендігі жерде, ұры заңнан ғана емес, ауыл халқының қаһарынан қорқуы керек. Әрбірден кейін мал ұрлығы болған ауылдың да учаскелік полиция инспекторын жауапкершілікке тарту керек сияқты. Өйткені ол ондағы барлық адамды таниды, кімнің ұрлық жасауға бейім екенін біледі. Өмірлік тәжірибенің өзі қай ауылдың заң қызметкері жұмыс істемейді сол ауылда мал ұрлығының көп болатындығын көрсетіп отыр. Қалай десек те таяқтың екі ұшы бар. Бір ғана айтарым, ауылдық округтердегі құқық қорғау қызметкерлерінің қырағылығын арттырса, ұрлық та тыйылады, – деді аудандық мәслихаттың депутаты Зайырбек Сұлтанмұратов.
Отбасылық зорлық-зомбылыққа жол берілмейді
Мемлекет басшысы Жолдауында отбасылық зорлық-зомбылықты қылмыс санатына жатқызу мәселесі қоғамда көптен бері талқыланып жүргенін айтты. «Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Ал жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын. Зардап шеккен жандар елдің сөзінен немесе біреудің қысым жасауынан қорықпауы қажет. Сондықтан полиция қызметкерлері олармен өте мұқият жұмыс жүргізіп, тиісті шараларды қолдануы керек» дейді.
Президент айтпақшы, мұндай тұрмыстық жағдайларды анықтау оңай емес, яғни осындай оқиғаларды тергеп-тексеру қиынға соғады. Бірақ, қалай десек те, отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды.
Аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Есім Ордабаевтың айтуынша, бүгінгі таңда отбасы аясындағы құқық бұзушылықтар бойынша түскен шағым-арыздар, хабарламалар бойынша учаскелік полиция инспекторлары оқиға орындарына жедел шығып, тиісті шара қабылдап отырады екен.
– Ағымдағы жылдың тоғыз айында отбасы шырқын бұзған 20 азаматқа қатысты әкімшілік іс қозғалып, соттың қарауына жолданды. Бұдан бөлек, басқа да осыған ұқсас хабарламалармен қоса жалпы 124 азаматқа қатысты қорғау нұсқамалары шығарылып, есепке қойылды. Есепке қойылған бұл азаматтар тұрғылықты мекен жайлары бойынша тексеріліп, алдын-алу жұмыстары жүргізіліп келеді. Отбасының шырқын бұзған 16 азаматқа сотпен ерекше талап қойылды. Есепке қойылған бұл азаматтар тұрғылықты мекен жайлары бойынша тексеріліп, алдын алу жұмыстары жүргізіліп отырады, – дейді ол.
Сондай-ақ Президент Жолдауда нашақорлықпен күрес, синтетикалық есірткіні өндіруге және таратуға интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерге айрықша назар аудару керектігі тапсырылды. Негізінен отбасы шырқын бұзатын факторлардың бірі үй егесінің ішімдікке немесе нашақорлыққа салынуы болуы да бек мүмкін. Жалпы бұл биліктің де назарында тұрған мәселе. Аудандық полиция бөлімі есепте тұратын тұлғалар тарапынан қылмыс пен басқа да құқық бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында олармен алдын алу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда ауданда профилактикалық есепте ішімдікке салынған – 79, есірткіге әуес – 41, бұрын сотты болған – 22, жүйке ауруымен ауыратын – 127, мерзімінен бұрын шартты түрде босанған – 12, қорғау нұсқамасы шығарылған – 17, сотпен ерекше талап қойылған – 5, шартты түрде сотталған – 63, әкімшілік қадағалауға жататын – 9 азамат пен 33 жасөспірім есепте тұр.
– Жоғарыда есепте тұрған азаматтардың ішінде отбасы шырқын жиі бұзатындар да жоқ емес. Тұрғындардан түскен арыздарды саралай келіп, есепте тұратын маскүнемдер мен нашақорлар тарапынан құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстар жүргізіліп, Тараз қаласындағы еріксіз емдеу орталығына маскүнемдікке салынған бір азаматы соттың шешімімен орналастырдық, – дейді Есім Ордабаев.
Ата Заңымыз айқындап берген, ал Президенттің Жолдауында «мықты, әділ әрі озық мемлекет құрудың бірден-бір дұрыс жолы» деп басымдық берілген адам құқығы әрбір қазақстандықтың сана-сезімінде, іс-әрекетінде әрқашан бірінші орында тұруы қажет. Себебі, адам құқығы қашаннан ең биік құндылық болып қала береді.
Марат Құлибаев,
“Жаңа өмір”