Basty bet
Мал емдеудің қыр-сырына қанығуда
Мал бағу қазақ халқының негізгі кәсібі саналады. Сондықтан үнемі бабын жасап, жем-шөбін әзірлеп, басын аман сақтап қалу жолында күрескен қазақ «Малы саудың – жаны сау» деген қағиданы өмірлік ұстанымына айналдырған. Ал, сол малдың саулығына кепілдік беретін бірден-бір сала – ветеринария.
Мал дәрігері – сұранысқа ие мамандықтың бірі. «Медицина – адамды емдесе, ветеринария – адамзатты емдейді» демекші, ветеринария маңызды сала. Дегенмен, жан-жануарларға қамқорлық жасауды ұнататын жан болса ғана бұл мамандықты таңдай алады. Яғни, аяғынан тік тұрып қызмет қылу, ұзақ жүріс-тұрысқа шыдамды болу, әрбір жануардың өзіне тән исіне төзу көптің қолынан келмейді. Осындай сұранысқа ие мамандықты үш жылдан астам уақыт игеріп, қыр-сырын меңгеріп жүрген мал дәрігерінің бірі – Дархан Қуанышбек.
Ол аудан орталығындағы Шерхан Мұртаза атындағы №1 мектеп-гимназияны аяқтап, Елордадағы С.Сейфуллин атындағы аграрлық университетінде оқуға түсіп, мал дәрігері мамандығында білім алып шығады. Аталған оқу орнын аяқтаған жас маман 2020 жылдан бастап, ауданның ветеринария саласының дамуына үлес қосып келеді. Алғашқы еңбек жолын Шақпақата ауылында мал дәрігері болып бастаған ол 2022 жылдың қараша айынан бастап, аудандық ветеринариялық станциясына қарасты Б.Момышұлы ауылдық ветеринариялық пунктіне ауысты.
-Мал дәрігері уақытпен санаспай еңбек ететін маман. Мал дәрігері де медицина қызметкері сияқты күндіз-түні халыққа қызмет етеді. Біз таң ата салысымен ауылды, таудағы малшыларды аралап, малдарды емдейміз. Тұрғындар тарапынан қай кезде шақырту келсе, сол сәтте көмек көрсетуге жиналамыз,- дейді Дархан Әлжанұлы.
Халқымыз ежелден бір-бірімен амандасып, жағдай сұрасқанда: «Мал-жан аман ба?» деген. Яғни, негізгі кәсібі, күнкөрісі малдың халқымыз үшін қаншалықты маңызды екенін осыдан-ақ көруге болады.
Қазіргі таңда Б.Момышұлы ауылында 1500 мүйізді ірі қара мал, 5000 уақ және 300 бас жылқы малдарының денсаулығына, уақтылы ем-шараларының жүргізілуіне ветеринар маман жауапты.
Мал дәрігерлері жануарлардың ауруларын емдейді, әртүрлі аурудың алдын алу үшін екпе салып, қажет болғанда ота жасайды, малдан алынған сүт, ет өнімдеріне бақылау жүргізіп, өнімдердің жарамды-жарамсыздығын тексереді.
Барша адамзат баласын теңдей көріп, барша табиғат иелеріне жылуын аямай төгіп тұрған шуақты жазғы күндері ірі қара малының арасында ящурь, асқорыту жүйесінің ауруы оның ішінде сиырда сары ауруы (тейлериоз) белең алады.
Жас ветеринар маман Дархан тәжірибесі мол мамандардың кеңесіне сүйене жүріп, мал ауруларын анықтауда және оны емдеуде біршама тәжірибе жинақтап үлгерді. Ол өз сөзінде, көбінесе ірі қара малында көп кездесетін сары ауру туралы айтып берген еді.
-Адамдағы сары аурудың қоздырғышы вирус және бауырды зақымдайды. Ал сиырдағы сары ауруды кейбір елді мекендерде малшылар “өттеу” деп те атайды. Мұның қоздырғышы паразит, ал осы паразитті тасымалдаушы кенелер малды шаққанда қанға енеді. Негізгі емі малярияға қарсы дәріні малдың аузына құяды. Ыстығын түсіру үшін малшылар сиырдың арқасына қайта-қайта салқын су құйып, арқасы жабыспау үшін уқалап жатады, оларға өте жақсы көмектеседі. Мал ауырмау үшін көктемнен бастап кенеге қарсы шараларды жасаған дұрыс. Малдәрігерлік дәріханаларда кенеге қарсы малдың үстіне шашатын спрейлер болады. Өріске шығар алдында шашып тұрса, ауырмайды. Сонымен қатар жылына екі рет көктемде және күзде ірі қара малдарға вакцина салынады. Үш айға дейінгі малдың төлдеріне сырғалау мемлекет тарапынан тегін жасалады,- дейді жас ветеринар.
Анар Тіленшиева,
«Жаңа өмір»