Basty bet

Жылқы мен қазақ – егіз ұғым

Осы қазақтың «Тегіміз – түркі, түлігіміз – жылқы» немесе «Ер қанаты – ат» деуінің себебі, жылқы мінсе – көлік, жесе – ас, ішсе – сусын болғандығында. Жылқы – қашанда төрт түлік малдың төресі. Қамбар ата киесінің иесі болған. Еті де, қазы-қартасы да, жал-жаясы да, қымызы да қазақ дастарханының төрінен орын алады.
Жылқы – қазақта жеті қазынаның бірі. Қазақ жылқыны баққан, жылқы қазақты баққан. Қазақ жылқыға қарыздар. Аты мәшһүр сыншы Асқар Сүлейменов «Кім неден жаралса одан жаралсын, қазақ жылқыдан жаралған» десе, даңқты қолбасшы, батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы «Чарльз Дарвин маймылдан жаралса, жаралған шығар, мен көк бөріден жаралғам» дегені теңдессіз рух көтерер сөздер емес пе?!
Виктор Федорович Зайберт (ұлты неміс, қазақша жақсы сөйлейді) тарих мұғалімі бола тұра, оны істемей, Қызылжар аймағындағы Айыртау ауданының Ботай мекенінде археологиялық қазба жұмыстарын 40 жыл зерттеген. Археолог қазақтардың жылқыны осыдан 5 500 жыл бұрын қолға үйреткенін, мінгенін, іске қосқанын, қымыз ашытқанын әлемге паш етсе, Әлкей Марғұлан Ақтоғайда (Бегазы Дәндібай қорымында) ұзақ жыл зерттеу, яғни қазба жұмысын жүргізіп, «қазақтың жылқыны қолға үйреткеніне 7 мың жыл, ал сиырдың үйретілгеніне 8 мың жыл, қазақтың өркениетке келгеніне 4 мың жыл» деген тоқтамға келген.
Сол заманның өзінде-ақ қазақтар сан түрлі ат әбзелдерін жасаған. 23 түрлі қамшы болған, Үш, төрт, алты, сегіз, он екі, он сегіз, жиырма төрт, қырық екі өрімді қамшы өрген.
Жылқыны алғаш қолға үйреткен қазағымыз «жақсы ат желіктіреді, жаман ат зеріктіреді» деп, оған лайықты ер-тұрман, ат әбзелін ұқсатып ісмерлер арқылы жасатып отырған. Көшкенде ас, тойға барғанда, жаугершілікте көлік қылып мінген. Жауға атойлап шапқанда әруақтанып кеткен. V ғасырда Еділ батырдың Еуропаны жаулауға атпен аттанғаны (оны Аттила деп атаған).
Батырлар жырындағы Қобыланды батырдың Тайбурылының шабысы, кешегі қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының Қараөткелді атты сарбаздармен тіке шабуылдап (зеңбіректің қарша бораған оғына найзағай боп тигені) 1812 жылғы орыс-француз соғысында қазақ-башқұрлардың атты жасағының Парижді алуға атойлағаны тарихтан белгілі. 1941-45 жылы сұрапыл соғыста да атты әскер жасақталған. Бірақ техника заманында өң артиллерияға қарсы атты әскер шабуылы Харьков түбінде апатқа ұшыраған. Қазақтың жылқысының 30% соғысқа алынған. Зеңбірек сүйреген.
Қазақ жылқысы өте ақылды һәм жершіл келеді. Өзінің туған топырағынан жыраққа кеткен немесе алыс жерге сатылған я сыйға тартылған текті жануарлар барған мекенді жерсінбей, қайта қашып келген. Жаугершілік заманда жаудың айдауында кеткен үйірін қайыра айдап, еліне аман-есен әкелген текті айғырлар жайлы аңыздар бар.
Кешегі соғыста Талдықорғаннан қан майданға әкетілген айғыр Сталинград даласынан туған өлке, тума табиғатын аңсап, адамның табаны тимеген қия жартас, ағысы қатты асау өзен, ұшы қиырына көз жетпейтін құла дүзді кесіп өтіп, топырағына 72 күнде оралып, өлген. Жылқы жершіл, тұманда, қатты боран, жауын-шашында да үстіндегі иесін апаттан аман сақтап, алып келе алады. Тек тізгін тартпай, жануарды еркіне жіберу крек.
Қазақ бие байлап, қымызмұрындық берген. Бие байланған қара күбі алғаш қотарылғанда елге бал сусыннан ауыз тигізу рәсімі өткізілген. Ауыл ақсақалдары, іргелес отырған көрші-қолаң түгел шақырылады. Еншісі бөлінбеген қазақтың жомарт пейілінің жарасымды белгісі. «Қымыз – көптің асы» деген осыдан шықса керек.
Алла жазса, бұл дәстүрді тұрақтылыққа айналдыра алсақ, кәне?! Кешегі кеңес заманында сайын дала төсінде сағымдай ұйтқыған сәйгүліктердің төрт аяғы тұсалып, келешегі кесілді.
Ауыл балалары ауылдың осындай дәмін татып өссе, денсаулығы мықты болар еді. Ел ішінде отырып, бие байламайтындар көп. Қымыздың сан алуан түрі бар. Әлмисақтан жалғасып келе жатқан ата дәстүрдің 62 тамырына қан жүгіртсе нұр үстіне нұр болар еді.
Осыған ұқсас мерекелер 48 түркі әлемінің Башқұртстан, Бурятия, Қырғызстан, Моңғолия, Саха елдерінде аталып өтеді. Қымыз дауасыз кеселге де ем. Төрегелді Шарманов (гигиенист-нутрициолог ғалым) атамыз қысы-жазы қымыз ішіп, қазы-қарта жейді. Қазір жасы 90-да. Сергек те сезімтал.
ХІХ ғасырда Лев Толстой, А.П.Чехов, т.б. орыс жазушылары қымызбен емделген.
«Қымыз ішіп қызарып, мастанып терлеп» деп Асан баба айтқандай, бір бие – жоқтың қасы, екі бие – үйдің асы, үш бие – өзен, төрт бие – теңіз. Осы қымыз қазаққа мақтаның ба, асың ба, Қымызды басар артында, ет дайын ба қасында?!» дегендей, жылқының еті – қызарып күн батқанша, сиырдың еті – ағарып таң атқанша, қойдың еті – келесі күн батқанша. Жылқы еті өте сіңімді.
Ертеректе үлкендер «Ат қайдан туады, дәмелі тай-құлынның бәрін піштіріп жібересіңдер?» деп отыратын. «Не керек?» дегенде, бір кесе қымыз сұраған қазақ.
Қымыз – қазақтың рухы. Қазақ өзінің қандай ұлт екенін ұмытып, 40% жуығы «қара орысқа» айналып, бие саууды, қымыз ашытуды ұмытқан (бәрі емес қой) бірен-саран үйде (мәселен, бір ауылда) ғана сауылады.
Кеңес өкіметі қазақты аттан түсіріп, баяғы сезімінен, рухынан айырған еді. Қазақ баланы үш жасынан ашамайлы атқа мінгізіп, тізгін ұстатып тәрбиелеген.Сол ата-баба дәстүріне оралу, дәстүрді тірілту ләзім.
Қазақ көрікті жақсы атқа жабу жаппаған. Дүние адаммен дүние болса, адам жануармен адам. Кең дала малды асыраған, мал қазақты асыраған. Қазақ – асыл текті, жылқы мінезді халық.
Бәйгеге түсер атыңның ерін алма, терін ал, күреске түсер батырдың көңілін жайлап, шерін ал, – деген шешен қазақ.
Күреңбай сыншы Ақан серінің Құлагерін сынағанда:
Күреңбай көріп тұрды алды-артынан,
Жануар жүйрігі екен жылқы малдың.
Жері ұзақ, күші алдында, өрен жүйрік,
Бітімі өзі айтып тұр жануардың, – деген екен.
Дүлдүл ақын Ілияс Жансүгіров Абайдан кейін жылқы суреттеуден алдына жан салмаған, құдды жүйріктігі Құлагердің өзіндей.
Қазақ атқа қонған дала серісі, Шоқанша айтқанда, «дала рыцары». Жылқыны жүгенмен ұрмайды. Өйткені жылқы – қасиетті мал. Малдың басы кемиді. Басқа малдай емес, жылқының басын бөлмей пісіреді. Ас, жаназаға сойылған жылқы мен түйенің басын қайтыс болған кісінің қабіріне апарып қоятын дәстүр бар.
Қазір әлемде 58 млн жылқы малы бар. Қазақстанда 3,1 млн жылқы болса, еліміз Қамбар ата түлігінің саны жөнінен әлемдегі 10 елдің қатарына енеді. Ұшқан құстың қанаты, шапқан тұлпардың тұяғы талатын байтақ даламызда жылқы санын арттыру мүмкіндігі мол. Жылқы шаруашылығын мемлекеттік деңгейде мықтап қолға алатын кез келді.
Германия – қазақтардан үйреніп, қазір қымыз өндірісін мықтап жолға қойған ел. Қазақта ес болса, ауылды сақтау керек, төрт түлік мал өсіруді жақсылап қолға алып, ел еңсесін көтеретін уақыт келді. Сапырмай, қымыз ішпейтін қазағымыз ата дәстүріне келері хақ.
Қара тасты мүжіп, жоқ қылатын алып уақыт пен кеңістікте «Мал баққанға бітеді». Қазақ, жылқыны сен асырайсың, ол сені асырайды. Киелі жануар Қамбар ата түлігін өсіру жөнінде, Алла жазса, үздік бестік орынға шығар күн жақын болғай!

Айлина ҚАЙЫПБЕК,
М.Х.Дулати атындағы ТарӨУ-нің
3-курс студенті

Таңдаулы материалдар

Close