Basty bet

15 жылдан бері денсаулық күзетінде

Адам жанының арашашысы, науқастарға тиісті ем-дом жасауда сөзімен де, жүрек мейірімімен де, қолымен де науқас жандарға көмек көрсетуге асығып тұратын игілікті мамандық иесінің бірі – медбикелер. Дәрігерлер науқасты қарап-тексеріп, диагноз қоятын болса, ал ары қарай науқасқа ем жасауда, екпе және дәрі егуде мейірбикелердің атқаратын еңбегі өте зор. Сондықтан осынау мамандық иелеріне барлығымыз құрмет көрсетуге тиіспіз.
Ұзақ жылдан бері медбике қызметін атқарып келе жатқан қолы шипалы маманның бірін аудандық аурухананың қабылдау бөлімінен таптық. Мейірбике Эльмира Байдуалиева 2008 жылдан бері аталған бөлімде жемісті еңбек етіп келеді екен. Көршілес Түркістан облысының Түлкібас ауданында туып-өскен бойжеткен Жамбыл медициналық колледжін мейірбике ісі мамандығымен бітіріп, алғашқыда біраз жыл жеке клиникаларда жұмыс істеп, шеберлігін ұштаған. 2008 жылы осында ауысуға мүмкіндік туады.
Мейірбике Эльмира қабылдау бөліміндегі алдыңғы қатарлы мамандардың бірі. Біз осында барғанымызда, сол күні түнгі ауысымнан шыққанына қарамастан, оның бізге сұхбат беруге келіскеніне іштей сүйсінгеніміз рас.
-Осында жұмыс жасап жатқаныма 15 жылдан асып барады. Осы жылдар аралығында салада көп қиыншылықтармен бетпе-бет келіп, көп дүниелерді үйрендік деуге болады. Мұндағы атқаратын қызметімізді оңай деп айта алмаймын. Науқастар ең алғаш дәл осы қабылдау бөліміне келіп түсіп, тиісті алғашқы ем шаралары жасалғаннан кейін ғана басқа бөлімдерге жолданады немесе жарақаты жеңілдері үйлеріне қайтарылады. Біздің атқаратын жұмысымыз негізінен ауыр науқастарға тағайындалған ем-дом шараларын жасау, дәрі егу, тағы басқа. Одан бөлек, осындағы медициналық құрал-жабдықтардың көмегімен науқастарды қарап-тексеру жасаймыз. Ауыр жарақаттарды таңған кезде көмек көрсетеміз. Мұнда көбінесе жол апатынан зардап шеккендер, көкпарда жүріп аттан жығылғандар, т.б. түрлі санаттағы науқастар келеді. Оның ішінде, аяғы ауыр әйелдер және жас балалар да кездеседі,- дейді ол.
Қабылдау бөліміне түсетін науқастардың санатына байланысты ауыр және шұғыл жағдайлардың көп кездесетінін ескерсек, мұнда жұмыс істеу кез келген маманнан аса сақтықты және шұғыл шешім қабылдаумен бірге асқан кәсіби шеберлікті де талап етеді. Ал мейірбике Эльмира Байдуалиева мейірімімен де, елгезек жылдамдығымен және қолының шипалы қасиетімен де осынау сенім үдесінен шығып келеді. Оқыс оқиғалар кезінде көп қан жоғалтқан науқастарға қан құю ісіне және облыс орталығындағы қан орталығынан осында қан тасымалдау жұмысына да араласатын кездері жиі болатынын айтады ол.
Одан бөлек, адам жанына араша болып жүрген мейірімді мейірбикенің коронавирустық инфекциямен күрес кезінде бір жыл бойы «Қызыл аймақта» қиын жағдайда жұмыс істеуі ерлікпен пара-пар емей немене?! Иә, онда аурухана оқшауланған жағдайда жұмыс істеді. Күн сайын қабылдау бөліміне аты жаман індетті жұқтырып, түсіп жатқан науқастарда есеп болған жоқ. Оларға көмек көрсетеміз деп, өз бастарын қатерге тіккен кейбір медицина қызметкерлерінің ауру жұқтырып, одан айыға алмай қайтыс болғандарын да жақсы білеміз. Бір сөзбен айтқанда, аты жаман «КОВИД-19» індетінің салған ылаңы әлі де елдің есінен шыға қойған жоқ. Сондықтан, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің еңбегін мемлекет тарапынан жоғары бағалау аса маңызды.
Өз ісіне тыңғылықты, мейірімді маман Эльмира Байдуалиева ұзақ жылғы үлгілі қызметі үшін аудандық орталық аурухана әкімшілігінің және аудандық мәслихаттың Алғысхаттарымен марапатталған. Отбасында жұбайы Сейітжапар Бүйенбаев екеуі үш ұл, бір қыз тәрбиелеп, өсіріп отыр.
Аудандық орталық ауруханада және ауылдардағы барлық медициналық мекемелерде тұрғындарға мейірбикелер әртүрлі медициналық қызмет көрсетеді. Ал аудандық орталық ауруханада қан құюға жауапты мейірбикенің бар екенін өз басым алғаш рет естідім. Атқаратын қызметіне қарап, алғашқыда таңданғанымыз рас.
Өзін Замза Күнбасова деп таныстырған мейірбике апайды өз жұмысына жауапты әрі білікті маман екенін бірден аңғаруға болады. Оның қан құюға жауапты мейірбике ретінде жұмыс жасап келе жатқанына да 20 жылға жуықтапты. Ауруханадағы екі бөлмеден тұратын шағын кабинеттегі приборлардың барлығы өз орнында. Мейірбике Замза аудандық ауруханаға қан тапшылығымен түскен науқастарды, оның ішінде, түрлі оқыс оқиғалар мен жарақаттар кезіндегі қан кетулер кезінде науқастарға қан құюға көмек көрсетеді және осы салаға тікелей жауапты маман.
Тәжірибелі мейірбикенің айтуынша, ауданда қан дайындалмайды. Оған мүмкіндік те жоқ. Науқастарға қажетті қан Тараз қаласындағы қан орталығынан осында тасымалданады. Қан тасымалдаудың да өзіндік талаптары бар. Оны арнайы тоңазытқыш-сөмкемен тасымалдауға болады.
-Менің міндетім – науқастардың қан тобын анықтап, оларға қажетті қанды дайындап, осында жеткізу. Одан бөлек, ауыр оталар кезінде науқастарға қан құю жұмыстарына да жәрдем беремін. Бұл – менің тікелей міндетім.
Қан – бұл өмір. Адамның өмір сүруі үшін қанның атқаратын рөлі зор. Қанның құрамында жалпы 20-ға жуық элемент болады. Ал менің өз тәжірибемде адамдар көбінесе қанда гемоглабин деңгейінің төмен түсіп кетуінен және кейбір кездерде тромбацит, эритроцит және лейкоциттің азайып кетуінен зардап шегеді. Бізде көбінесе біріншісі көп кездеседі. Жалпы қан адам өмірімен тікелей байланысты.
Осы уақытқа дейін қанға мұқтаж қаншама науқасқа қан құйылды. Жыл басынан бергі есепке сүйеніп айтар болсам, осы күнге дейін 45 науқас адамға көмек көрсеткен екенбіз,- дейді қан құю кабинетінің мейірбикесі Замза Қонысбайқызы.
Қанның арнайы тоңазытқыш-сөмкемен тасымалданатын жоғарыда айтқанымыздай, қанның сарысуын -32 градуста мұздатқышта тасымалдауға және сақтауға болады. Ал қанның эритроциты +2 және +8 градуста тасымалданады. Қазіргі таңда аудандық ауруханада қанның қоры жеткілікті көлемде сақтаулы. Қан құю кабинетінде шұғыл науқастармен қатар, жүкті әйелдерге, медициналық мекемелерге порталмен жоспарлы түрде емделуге жолданатын науқастарға, т.б. медициналық тұрғыда кеңес беріліп, тиісті көмектер көрсетіледі.
Қан құю қызметі – ерекше қызмет. Себебі, бұл мәселеде жауапкершілікпен қатар, шеберлік те өте маңызды рөл атқарады.
Ауруханадағы қан құю ісіне жауапты медбике Замза Күнбасова ұзақ жылғы еңбегі үшін биыл 14 маусымдағы – Дүниежүзілік донор күніне орай облыстық қан орталығының басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты Гулам Омаровтың Алғысхатымен марапатталған.
Өз ісінің нағыз шебері деп осындай жауапты қызметті мүлтіксіз атқарып келе жатқан мейірбикелерді айтуға болады.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close