Basty bet
Балалы үй – базар
Елдің демографиясы мен халықтың табысын, тұрмыс-тіршілігінің сапасын арттыру – Үкіметтің басты міндеттерінің бірі. Себебі, Қазастан әлемде жер көлемі бойынша тоғызыншы орында. Ал ол жерде тұратын халық саны әлі де аз. Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің ақпаратына сүйенсек, қазіргі халық саны 19, 18 млн-ды құрайды.
Осы орайда, мемлекеттен жәрдем алып отырған, көпбалалы анамен сұхбаттасуды жөн көрдік.
Ол – Нұрлыкент ауылдық округінің тұрғыны, көпбалалы ана Дильфуза Аманбаева. Дильфуза Алауатдинқызы 1983 жылы Қарақалпақстан елінде дүниеге келген. Қарақалпақстан жерінде 11 жылдық мектепті бітіріп, 2000 жылы Жамбыл Бекеновпен отбасын құрады. 2008 жылы Маңғыстау облысына көшіп келеді. Жолдасы Жамбыл Оралбайұлы үш жыл көлемінде сауда саласында алып-сатумен айналысады. Алайда үшінші ұлы Ғалымжан Оралбаев жүрек ауруына шалдығып, дәрігерлердің кеңесімен климат ауыстыруға тура келіп, Нұрлыкент ауылдық округіне көшіп келеді.
Үйде қол қусырып отырмайын деп, Дильфуза Аманбаева 2011-2019 жылдар аралығында «Гамбург» ЖШС-де сауыншы болып жұмыс істеп, 2019 жылы төртінші ұлы Ибрахимнің өмірге келуіне байланысты жұмыстан шығады. Ал жолдасы Ақтау қаласында ауысымдық жұмыста (вахта) істейді.
Дильфуза Алауатдинқызы 2011 жылдан бері көпбалалы ана категориясы бойынша мемлекет тарапынан атаулы әлеуметтік көмек алады. Олардың Қобыланды, Нұрсұлтан, Ғалымжан, Нұрәділ және Ибрахим атты бес ұлы бар. Ұлы Қобыланды Қостанай қаласында әскерде қызмет етуде. Қалған үш ұлы мектеп қабырғасында оқыса, Ибрахим әлі балабақшаға барады. Кейіпкеріміз 2022 жылдан бастап III топ мүгедектігі бойынша қаржылай көмек пен жеңілдіктер алады.
Ауру да, апат та айтып келмейді.
-2019 жылы Жамбыл Бекеновтың көзінің көру қабілеті мүлдем нашарлап, сол жылы Маңғыстаудағы жұмысынан амалсыз шығуына тура келеді. Жолдасы қазір еңбекке жарамсыз. Дәрігерлерге тексерілсе, көзі минус 19-ға дейін төмендеген екен. Енді осы алты ай ішінде ота жасатпаса, көру қабілетінен мүлде айырылады, – дейді Дильфуза. Қазіргі таңда отбасында жолдасы екеуі де жұмыссыз. Ендігі олардың бар үміті – мемлекеттік портал арқылы ота жасату. Себебі, олардың отбасысы көзге жасалуы қажет отаның қаражатын көтере алмайды.
Сонымен қатар, кейіпкеріміз Дильфуза 30 тамыз «Конституция күнімен» барлық тұрғындарды құттықтауда.
-Конституция күні – халқымыз үшін ең ұлы мерекелердің бірі. Біздің басты құндылығымыз – Тәуелсіздігіміз.
Себебі, біз Қазақстан деген тәуелсіз елде тұрамыз. Өз егемендігіміз, мемлекеттік рәміздеріміз бен Ата заңымыз бар. «Конституция» деген сөздің өзі зор мәнге ие. Ешқандай соғыс, жамандық болмасын. Бейбіт өміріміз лайым мәңгілік болсын! Ел іргесі аман болсын!
Сондай-ақ, елімізде көпбалалы аналар көбейе берсін. Себебі, олар еліміздің демографиясын көтереді. Көпбалалы аналарымыздың да жағдайы жақсарып, барлық бүлдіршіндеріміз аман болсын. Ауырмасын,- дейді көпбалалы ана Дильфуза.
Расында да, халықтың санының көбеюіне үлес қосып жүрген Дильфуза сынды көпбалалы аналар. Елді дамытып, тәуелсіздігін асқақататын – болашақ ұрпақ.
Жамбыл Оралбайұлының отасына тоқталар болсақ, отаға тиісті құжаттарын арнайы мекемелерге өткізіп, мемлекеттік порталда орын болып, ота жасатып, көзі жазылып кетеді деп сенеміз.
Тұғырлы тәуелсіздігіміздің тірегі болған Ата Заңымыз сіз бен біздің құқығымызды қорғап, тең өмір сүруімізді қамтамасыз етеді. Конституциямыз өміршең болсын!
Үміт Мадиярбек,
«Жаңа өмір»