Basty bet
Баспаналы болған жас маман
“Дипломмен – ауылға!” бағдарламасының шарапатын көруге, өңір жастары жыл сайын белсенділік танытуда. Бағдарлама жас мамандарға көтерме жәрдемақы және тұрақты баспаналы болуға септігін тигізуде. Көптеген білімді, талантты жастар ауылды жерде тұруға алғашқыда ниеттері болмайды. Себебі, жұмысқа орналаса аламын ба деген қорқыныштары басым болғандықтан ауылды жерде тұрып, жұмыс істеуге жүрексінеді. Осы орайда, оқуын бітірген түлектерге «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасымен еңбек жолын бастау үлкен көмек болып отыр.
Мемлекеттік бағдарламаны тиімді пайдалана білген Назира Байғабыл ауданға қарасты Нұрлыкент ауылында дүниеге келген. Ол №5 М.Ломоносов атындағы орта мектепті аяқтап, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетіне қазақ тілі мен әдебиеті мамандығында білім алып, туған жерде еңбек етемін деген мақсатта 2019 жылы мектепке «Жастар практикасы» бағдарламасымен жұмыс істеуге келеді. Нәтижесінде 2020 жылы мектепке қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмысқа қабылданады.
– Мұғалім болудағы басты мақсатым – оқушыларды білім нәрімен ғана сусындатып қоймай адамгершілік, инабаттылық сияқты ізгі қасиеттерін бойына сіңіруге ықпал ету. Мен сабақта оқушыларға барынша сыни тұрғыда ойлауға жағдай жасаймын. Шығармалардың сыртқы көрінісіне емес, бала шығармасы арқылы ішкі жан дүниесі қаншалықты екендігіне, әдебиетке бейімділігін арттыруда жұмыстар жүргізіп келемін. Мұғалім – оқушыларды жүйелі ойлауға тәрбиелеп, алған білімін өмірде қолдануға бейімдеп, соны кәдесіне жарата білуіне жәрдемдесу керек. Сонда ғана ол өз саласының нағыз шебер маманына айналады. Себебі, болашақ жастардың қолында. 2021 жылы жас мамандарға қолдау ретінде берілетін бір реттік қаржылай көмек алдым.
2022 жылы отау құрып жас отбасы ретінде «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен үй алуға құжат дайындап, аталған жылы Алланың қалауымен үйлі болдым. Бұл бағдарламаның жастарға берері көп деп айтар едім. Бүгінгі таңда жастардың туған жерге деген махаббаты, патриоттық тәрбиесі мол болғандықтан ауылға келіп жұмыс істеп жатқан жастардың қатары көп. Олар осы бағдарлама аясында үйлі болып ауылға тұрақтап қалып жатыр.
Жас маман келген ұжымда барынша өзін жақсы жағынан көрсетіп, ортаға тезірек бейімдеуі тиіс. Мәселен, «Тағылым» республикалық ғылыми-әдістемелік журналы ұйымдастырған «Үздік педагогикалық мақала» конкурсынан, «Үздік сабақ жоспары» номинациясынан І дәрежелі диплом, «Дарын» ғылыми – практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткізілген 5-6 сыныптар арасындағы Республикалық олимпиаданың аудандық кезеңінен І дәрежелі дипломды иелендім.
«Дарын» ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткізілген байқауда жүлделі орындарды және «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» атты аудандық педагогикалық олимпиадасынан ІІ орын «СабақTime» жобасы аясында өтілген облыстық семинар-практикумда өз іс-тәжірибесімен бөліскенім үшін сертификатпен және V «Абайтану» олимпиадасының облыстық кезеңінде І орынмен мектеп ұжымымды қуантып келемін,- дейді Назира
Мектеп ұжымы жас маманды үнемі қолдап қамқорлық танытуда. Жолдасым Мамыт Мұқанов аталған мектепте қосымша білім беру педагогы қызметінде. Отбасымызбен мектеп ұжымында еңбек етіп жүргеніміз өзара түсінісуімізге әсер етеді.
Мемлекеттен берілген бағдарламаны тиімді пайдаланған ерлі-зайыпты Мамыт пен Назираның тұрақты баспанамен қамтылуы олар үшін қуанышты жаңалықтардың бірі болды.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жас мамандарға оның ішінде педагог мәртебесін көтеру мақсатында олардың тұрғын үймен қамтылуына жеңілдіктер жасауда. Қалалық жерде жалдамалы пәтерде күн кешіп жүрген көптеген жастарды, ауылдық жерге қоныс аударып, тұрғылықты баспанамен қамтылуларына барынша жағдай жасап отыр.
Аталған жас мамандарға бұйырған шаңырақ бүгінде құтты ұяларына айналған.