Basty bet
Асыл Арманы алға жетелеген…
Би – сезім мен нәзіктікті жеткізуші өнер. Адам оны тек көзбен көріп қана қоймай, жүрекпен сезініп, түсінетіні ақиқат. Қазақ жұртында сахна өнері, оның ішінде би өнері бұрыннан ерекше қошеметке ие. Бұл өнер талғам мен сезімнің, жинақылық пен нәзіктіктің көрінісін айшықтайды. Оған қоса, жұрттың эстетикалық болмысын әспеттейді. Ол халқымыздың мәдениетін дене қозғалыстары арқылы жеткізеді.
Міне, осындай бекзат өнерді өмірімен байланыстырған жас маман Айсұлу Қалмағамбетова үш жылдан бері аудандағы №1 балалар өнер мектебінде хореограф болып жұмыс істеуде. Ол жетекшілік ететін би үйірмесіне 45 оқушы қатысуда. Олар кіші, орта және үлкен деп төрт топқа бөлінген. Сабақ аптасына үш рет аптаның сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері өткізіледі. Үйірменің өнерлі қыздарынан «Кербез» би ансамблі де құрылған.
Хореограф Айсұлу мемлекеттік бағдарламаның игілігін де көрген жас маманның бірі. Ол «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмысқа орналасып, баспаналы болған. Жас мамандарға қолдау ретінде берілетін бағдарламаның алғашқы үстемақысын да алған. Мемлекет тарапынан жастарға туған ауылында еңбек етуге мүмкіндік берген бағдарламаның шапағатын көргеніне ол да дән риза.
Арман адамды қашанда биікке жетелейтіні хақ. Айсұлуды да бала күнгі арманы алға жетелеп, өз мамандығының білгірі болуға септігін тигізуде. Ол бұл мамандыққа аяқасты шешіммен келген жоқ. Яғни, ол мектеп қабырғасынан би үйірмесіне қатысып, содан бері оның бекзат өнерге деген сүйіспеншілігі арта түседі. Алғашқы ұстазы Мақпал Қосарова жас өнерпаздың бойындағы өнерін ашып, қызығушылығын оятқан ұстаздардың бірі десек артық айтпаймыз. Небәрі 4 сыныпта оқитын Айсұлудың қабілетін байқаған ұстазы оны ансамбльдің солисті ретінде қоюы да өнерлі баланың дұрыс бағаланғанын білдіреді. Міне, осынау бала күннен басталған оның шығармашылығы жылдар өтіп әрі қарай да жалғаса береді. Хореограф Эльмира Жаманқұлова жетекшілік ететін аудандық «Қызғалдақ» ән-би ансамблінің құрамында да өнер көрсетуі ол үшін үлкен мектептің бірі болады.
Мамандығын өнермен байланыстырған оған ата-анасы алғашқыда қарсылық білдіреді. Дегенмен, жүрек қалауымен Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің өнер және спорт факультетіне оқуға түскеніне ол еш өкінбейді. Студент кезінде К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясында «Айша бибі» би ансамблінде үш жыл биші болып, би өнерінің қыр-сырына қаныға түседі.
-Менің бала күнгі арманым – ауыл балаларына би өнерінің әліппесін үйрету, олардың бойындағы өнерін шыңдап, мәдениетін көтеру. Бұл мақсатты да алдыма жайдан-жай қоймадым. Бала күннен киелі сахнада өнер көрсетіп жүрдім. Бірде жетекшіміз бізді үлкен сахнаға шығару мақсатында байқауларға алып барды. Байқауда жақсы өнер көрсеткенімізбен, біздің топ бидің әліппесін мүлдем білмеді. Ол бізге үлкен кедергі болды. Сол кезде іштей қатты ұялып, қынжылған едім. Байқаудан соң, мен міндетті түрде ауылдан шыққан өнерлі қыздарға бидің әліппесін үйрететін боламын деген нақты мақсат қойған болатынмын, – дейді жас маман.
Хореограф үшін бастысы, баланың бойында би өнеріне деген қызығушылығының болуы. Ал, қалған бекзат өнердің қыр-сыры қыздарға сабақ барысында үйретіледі. Үйірмеге қатысушы қыздар гимнастикадан бастап, ритмикалық, классикалық, халықтық және заманауи билерді меңгереді. Мұнда қыздар тек би билеп қана қоймай, эстафета, крокодил, хлопушки секілді ойындар арқылы өнерге деген қызығушылығын арттырады. Яғни, қыздардың үйірмеде жалықпауы үшін хореограф түрлі әдіс-тәсілдерді қоданып, оларды барынша өнерге баулуда.
Жас маманға қыздарын өнерге баулып, үлкен сахнада шыңдалуына атсалып жүргені үшін ата-аналар да алғыстзарын жеткізуде. Оларға қолдау білдіріп, түрлі байқауларға баруға демеушілік көресетуінің өзі бала бойындағы өнерді бағалағанын білдірсе керек. Би өнерін бағалаған ата-аналарға Айсұлудың айтар алғысы да шексіз.
«Өнер – өнегелі, ақылды адамдарды тәрбиелейтін құрал» деген Кеңес педагогы В.А.Сухомлинский тәрбие үрдісінде өнерге аса көңіл аудару қажеттілігін атап көрсеткен болатын. Сол өнердің бірі – би десек, бүгінгі күні жас маман өнерлі қыздарды тәрбиелеп, түрлі байқаулардан жүлдемен оралып жүрген жайы бар. Атап айтар болсақ, «Кербез» би ансамблі «Жеті өнер» халықаралық шығармашылық фестиваль-конкурсының Бас жүлдесін иеленген. «Мәңгілік ел мақтанышы» республикалық рухани-патриоттық байқауда да өнерлі топ Бас жүлдені қанжығасына байлап қайтқан. Ал, жақында Тараз қаласында өткен «Шашу» республикалық іріктеу байқауында «Кербез» би ансамблі топ жарып, Астана қаласында өтетін халықаралық байқауға жолдама ұтып алды.
Қазіргі таңда ансамбль «Ақ шағала» республикалық байқауының аудандық іріктеу кезеңіне дайындық үстінде. Сонымен қатар, хореограф Айсұлу Сағидуллақызы байқауларда үздік шәкірттер тәрбиелегені үшін «Шебер педагог» номинациясымен, «Үздік көшбасшы хореограф» төсбелгісімен және Алғысхаттармен марапатталған.
-Би өнер ғана емес. Бұл өнерде қыздарды тек сахнаға шығару да басты мақсат саналмайды. Бұл тілсіз өнердің қыз баласына берері көп. Би өнері сұлулық, сымбаттылық, әсемдік сыйлайды, еңбектенуге баулиды. Ол этика мен эстетикалық тәрбие беріп қана қоймай, жанға қуат береді. Би өнерімен айналысу балалардың көркемдік талғамын дамытады, олардың сұлулығы мен байсалдылығын тәрбиелейді, жалпы мәдениетін қалыптастырады, көркемдік-эстетикалық дамуын қамтамасыз етеді, – дейді Айсұлу Сағидуллақызы.
Тәжірибесі мен білімін өнерлі балалардың қанатын қатайтуға арнап жүрген оның қолдаушысы – отбасы. Әрине, Айсұлудың жақындары оның жұмысына түсіністікпен қарап, қолдау білдірмесе, ол мұндай жетістікке жетпес еді. Мамандығына деген сүйіспеншілігінің арқасында жас маман әрі қарай да ауданның өнерлі балаларын тәрбиелеп, бекзат өнерге баули беретініне сенім білдіреміз. Арманы мен мақсатына жету жолында аянбай еңбек ете беруіне біз де тілектеспіз.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»