Basty bet
“Ең маңыздысы – балаға көңіл бөлу, оның жандүниесіне үңілу және үлгі болу”
дейді облыс әкімдігінің өңірлік балалар құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі, облыс әкімінің кеңесшісі Дәурен Бағжанов
Жұма күні аудандық мәдениет үйінде “Балалардың құқықтарын қорғау мәселелерімен айналысатын мамандарға әдістемелік-методикалық қолдау” тақырыбында семинар өтті.
Семинарға облыс әкімінің кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның хатшысы Бақыт Жақсылықова, облыс әкімдігінің өңірлік балалар құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі, облыс әкімінің кеңесшісі Дәурен Бағжанов, облыс әкімдігінің білім басқармасының бас маманы Мұхтар Керімбеков, Еркебұлан Таткеев, басқарманың қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының директоры Айжан Мейірханова, Тараз қаласы №1 емхананың дәрігері Карима Сабденова, “Үміт” мамандандырылған балалар үйінің әлеуметтік қызметкері Жұлдыз Аманқұлова қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Семинарға аудандағы 35 білім беру мекемесінің директорлары мен құқықтық тәрбие жөніндегі орынбасарлары, әлеуметтік педагогтар мен психологтары және қамқоршылық кеңестің мүшелері, аудандық аурухананың “Сенім” жастар орталығының психологтары және БАҚ өкілдері қатысты.
Маңызды семинарды аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова ашып, жүргізіп отырды. Алғы сөз Бақыт Жақсылықоваға берілді.
Бақыт Сауқымбекқызы өткен жылы ауданымызда орын алған қиын жағдайларға тоқтала келіп, түрлі келеңсіз жағдайлардың алдын алу және қандай да бір жағдай орын алғанда қалай жұмыс істеу керектігіне тоқталды.
-Мені қынжылтатын мәселе – орын алған қиын жағдайға мектеп басшыларының бей-жай қарауы. Айтқан жерден аулақ оқыс оқиға орын алды ма, мектеп директоры алдымен шұғыл бұйрық шығару керек. Бұйрықта кім немен айналысуы қажет барлығы жазылуы тиіс. Сол бұйрық шеңберінде арнайы топ құрылып жұмыс істеуі қажет. Ол топтың құрамында мектептгі барлық жауапты мамандар және дәрігерлер болуы қажет. Олар бір жұдырықтай жұмылып жұмыс істеуі тиіс.
Оқыс оқиғаның алдын алу үшін мектепте жүйелі жұмыс болуы керек. Ол жұмыс баланы мектепте күтіп алудан басталады. Баланы күтіп алғанда оның сырт бейнесіне, көңіл күйіне көңіл бөлу керек. Сабақ үстінде, үзілісте қай бала әжетханаға жиі барады. Бәрі бақылауда болуы керек. Яғни, баламен көп жұмыс жасалуы қажет.
Екінші, ата-ана кешкісін жұмыстан соң күнделікті баласына уақыт бөліп, әңгімелесіп, мейірімін сездіруі керек. Үйінде не мектепте жылулық көрмеген бала жылуды сырттан іздейді. Оқушылармен жүргізілген сауалнама қорытындысына сүйенсек, 40 пайыз балалар сырын сырттағы бөтен адамдарға айтады екен. Сондықтан мектепте ата-аналарға көмекші құрал ретінде концепция жасалып, таратылып берілсе. Ол ата-анаға үлкен көмек болар еді. Қысқасы, балаға медициналық, психологиялық көмек дер кезінде көрсетілуі керек,- деді Бақыт Сауқымбекқызы.
Келесі кезекте “Жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу жолдары” туралы облыс әкімдігінің білім басқармасының бас маманы Мұхтар Керімбеков құнды баяндама жасады.
-Жасөспірімдердің девиантты және деструктивті мінез-құлқы қазіргі қоғамымыздағы ең бір өзекті проблемалардың бірі. Олай дейтініміз жасөспірімдердің осы девиантты және деструктивті мінез-құлқын түземесе, ол қылмыстық құқықбұзушылықтарға ұласып жатқанын көріп отырмыз.
Түзету үшін отбасын және баланы қадағалау керек. Түзету үшін олармен құрметке, құндылықтарға негізделген конструктивті диалог, сенімді қарым-қатынас орната білу маңызды.
Сонымен қатар отбасы немесе жасөспірім қандай құндылықтарға зәру екенін анықтап алған жөн.
Жасөспірімдерде әлеуметтік дағдыларды қалыптастыру аса маңызды.
Бұл міндет ата-аналармен қатар педагогтар қауымының да қажырлы еңбегін талап етеді.
Елімізде кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың профилактикасына арналған заңнамалық актілердің бірқатарына тоқталып өтсек.
Отбасындағы әлеуметтік қолайсыздықтың белгілері бар тәуекел тобындағы отбасыларды шартты түрде 10 топқа бөлуге болады. Олар: ата-анасының біреуі немесе екеуі де алкогольді теріс пайдаланатын отбасы; балалар тәрбиесіне жауапкершілік алғысы келмейтін көпбалалы отбасылар; толық емес отбасылар; тұрмысы төмен отбасылар; психикалық сырқатты ата-аналары бар отбасылар; мүгедек бала тәрбиелейтін отбасылар; ата-аналарының біреуі уақытша жоқ отбасылар; отбасыішілік жанжалдары ерекше көрінетін отбасы, зорлық-зомбылық көрсетуге бейім отбасы, ажырасу және одан кейінгі жағдайдағы отбасы; қабылдаушы және қамқоршы отбасы; ата-аналарының психологиялық-педагогикалық сауаттылығы төмен отбасылар.
Осы жағдайлардың барлығында да ата-аналармен диагностикалық сұхбат жүргізіле отырып, анықталған қажеттіліктер шеңберінде жұмыстар жүргізіледі. Қылмыс жасаған балалардың барлығының отбасылық жағдайлары осы топтағы отбасылардың түрлеріне сәйкес келеді.
Тағы бір өзекті мәселе баланың өз отбасына бауыр басу мәселесі.
Баланың ата-анаға бауыр басу деңгейінің межелігі 7 сұрақтан тұрады. Балаларға мынандай сұрақтар қойылады: Менің басыма қиыншылық түскен кезде ата-анамның тарапынан эмоциялық қолдауға сенім артамын; Ата-анам менің мақсаттарым мен қызығушылықтарымды қолдап отырады; Ата-анам менің қиындықтарым мен қауіп-қорқыныштарымды түсінеді; Ата-анам мен не сезінетінімді немесе ойлайтынымды мүлдем білмейді; Ата-анамның маған көмектесу үшін мүлде қолдары босамайды; Ата-анам менің не айтып жатқаныма назар аудармайды; Ата-анамның менен көңілдері қалған.
Міне, ата-ана балаға қаншалықты көңіл бөлетіні, арасындағы байланыс осы сауалнама арқылы анықталады. Бала ата-анасына бауыр баспаса, сыртқа бауыр басады. Ал, ол адамдар қандай адамдар, ниеттері қандай? Сондықтан балаға жете көңіл бөлу керек. Жалпы, ата-аналарды құндылықтарға негізделген тәрбие дағдыларына үйретудің маңызы зор,- деді Мұхтар Амангелдіұлы.
Әрі қарай семинарға келген қонақтар “Қиын жағдайға түскен балаларды анықтау және облыс әкімдігінің білім басқармасының қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығына орналастыру жолдары”, “Қорғаншылық және қамқоршылыққа, патронаттық тәрбиеге берілген балалармен жұмыс жүргізу туралы”, “Кәмелетке толмағандардың денсаулығын бақылау және медициналық қызметтер туралы”, “Қиын жағдайдағы балаларды “Үміт” мамандандырылған балалар үйіне орналастыру туралы” кеңестер берілді. Сонымен бірге аудандық полиция бөлімінің ювеналды полиция инспекторы Нұрлан Базарбеков үстіміздегі жылдың І тоқсанында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Кезек сұрақ-жауапқа беріліп, аудан педагогтары көкейлеріндегі сұрақтары мен ұсыныстарын жеткізді.
Семинарды облыс әкімдігінің өңірлік балалар құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі, облыс әкімінің кеңесшісі Дәурен Бағжанов қорытындылады.
Дәурен Орайұлы семинар барысында көтерілген мәселелердің маңыздылығына тоқталды.
-Бүгін көптеген мәселенің шешу жолдары айтылды. Енді жұмыс барысында жүзеге асырарсыздар деген ойдамын. Балалардың мүддесі үшін біз әрдайым сіздермен тәжірибемізді бөлісуге дайынбыз.
Бала – болашағымыз. Сондықтан жанашырлықпен бар мүмкіндікті пайдаланып жұмыс істейік.
Балаланың басты тәрбиешісі – ата-ана. Мектепте жақсы тәрбие алғанымен бала үйге барғанда дұрыс емес сөздер есітіп, кері іс-әрекетке куә болса, ол оң нәтиже бермейді. Сондықтан ата-аналар комитетімен көп жұмыс жасауымыз керек. Және ата-аналар комитетінің төрағасы жәй емес, жалпы балаларға, болашағымызға жаны ашитын адам болуы керек.
“Білім” инновациялық лицейінде жақсы бір тәжірибе бар. Ол жерде әр сенбіде әкелер, әр сенбіде аналар бас қосады. Сөйтіп балаларымен бірге спорттық ойын ойнап, шәй ішіп байланыс жасайды. Ата-аналар бір-бірімен араласып, мектепке ортақ жақсы, ізгі іс жасауға тырысады. Мұның нәтижесі өте жақсы. Яғни, ата-ана осылай байланысу арқылы бір-бірін түзейді.
Кейбір ата-ана баламның көйлегі көк, тамағы тоқ болса болды деп ойлайды. Олай емес, ең маңыздысы – балаға көңіл бөлу, оның жандүниесіне үңілу, балаға үлгі болу.
Отбасында қарапайым дәстүрлерге назар аудару керек. Мәселен, дастарқан басында ата-ана өсек емес, өсиет айту керек.
Таразының басында бала тұр. Сондықтан бала тәрбиесіне жете көңіл бөлуге тиіспіз,- деді Дәурен Орайұлы.
Анар Садыққызы барша қатысушыларға алығысын білдіріп, болашығымыз балалардың бақытын аялауда аянбай еңбек етуге шақырды.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»