Basty bet
Жергілікті жолдардың жағдайын жақсарту – міндетті меже
биыл ауылішілік көше жолдары және облыстық мәндегі «Б.Момышұлы-Көлтоған-Қошқарата-Қызтоған» бағытындағы автожол орта жөндеуден өтуде
Ел өңірлерінде, әсіресе ауылдық жерлерде тұратын тұрғындарға қолайлы жағдайлар жасау үшін инженерлік-инфрақұрылымдық даму жұмыстарының қарқын алып отырғаны белгілі. Жалпы тұрғындардың өмір сүруіне жағдай жасау, тұрмыс жайлылығын арттыру мәселесі мемлекет үшін де маңызды әрі күн тәртібінде тұрған мәселе саналады. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да жан-жақты айтылып, осыған жауапты өңірлердің атқарушы орган басшыларына тиісті тапсырмалар да жүктеліп отыр.
Бұл туралы кеңірек айтатын болсақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған 2024 жылғы Жолдауында: «Халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігі тиетін басқа да көптеген шара қолға алынды. Сіздер бұл жұмыспен тікелей айналысып, халықпен әрдайым тығыз байланыста болдыңыздар. Мұның бәрі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын орнықтыруға ықпал ететіні сөзсіз» деп атап өтіп, ел тұрғындарына лайықты жағдай жасау, өңірлерде инженерлік-инфрақұрылым жүйелерін жақсарту ісін жаңғыртуды тапсырғаны бір жағынан заңды да. Себебі, халықтың, әсіресе, ауыл тұрғындарының жағдайы жақсармай, ұлттың да сапасы артпайтыны белгілі жай.
Тұрғындардың тұрмысын жеңілдету ісіне қолайлы жағдайлар жасау – мемлекет дамуының басты талаптарының бірі. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға дейін тұрмыстық игіліктері жоқ ауылдардың барлығы инженерлік-инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл – міндетті меже. Басқа өңірлер сияқты Жуалы ауданында да тұрғындар санының жыл санап артып келе жатқанын ескерсек, елдімекендерді ауызсумен, жылумен, табиғи газбен, электрмен және қанағаттанарлық автомобиль жолдарымен жабдықтау мәселелеріне облыс, аудан басшылығының тарапынан көбірек көңіл бөлініп отыр.
Жол – экономиканың күретамыры. Мұны біз әрдайым айтып келеміз. Әсіресе, ел өңірлеріндегі сапалы автомобиль жолдары қарым-қатынасты арттырып, ел экономикасына да қомақты олжа салып отырғаны белгілі. Президенттің тапсырмасымен соңғы жылдары Қазақстанда өңіраралық автожолдардың жағдайын жақсартып, әбден тозған жолдарды қайта жаңғырту жұмыстары қарқын алып отыр. Бұл – қуантарлық жағдай.
Осыған сәйкес, ауданға қарасты таулы өңір тұрғындарының көп жылдан бергі өтініш-тілегін терең ескерген аудан басшылығы 2023 жылы «Б.Момышұлы-Көлтоған-Қошқарата-Қызтоған» аталатын облыстық мәндегі автожолдың құрылысын бастап, биыл оның 45-60 шақырымының аралығы орта жөндеуден өткізілу үстінде. Атап айтқанда, Қошқарата ауылының шығаберісінен басталған жол жөндеу жұмыстары Ақтасты ауылының жотасын, одан берідегі аралықты қамтып, сонымен қатар, Рысбек батыр ауылын басып өтіп әйгілі Шахан асуына таяғанда аяқталмақшы. Жол құрылысы жұмыстарының басталғанына екі айдан аса уақыт болса, қазір әсіресе, Қошқарата, Ақтасты, Қызтоған, Рысбек батыр ауылдарының тұрғындары (жолаушылар мен көлік жүргізушілері) уақытша қолайсыздыққа қарамастан аудан орталығына қатынайды.
Тамыз айының алғашқы апталарының бірінде аталған жол құрылысының барысымен танысу үшін барған сапарда жөндеу жұмыстары Қошқарата ауылдық округінің шекарасына жақындаған. Қазір Рысбек батыр ауылының маңында жүріп жатыр. Жол құрылысын жаңғыртуға жауапты мердігер мекеме – «Рауан» ЖШС-ның мамандары жұмыстың қалыпты жағдайда жүріп жатқанын және жол құрылысының белгіленген мерзімде аяқталатынын айтып сендірді. Құрылысқа қажетті материалдар да жеткілікті. Мердігер мекеменің қуатты техника бірлігіне және маман-жұмысшылар күшіне қарап бұған сенбеске амалың жоқ. Жұмыс қарқынына көңілің сүйсінгендей… Ең бастысы – жол құрылысының сапасы. Олай болатыны, аталған құрылыс-жаңғырту жұмыстарына ел қазынасынан қыруар қаржы қарастырылған. Әрі десе, бұл жолдың сапалы аяқталуы аудан басшыларының тікелей бақылауында. Қай салада болсын, сапалы жұмыстың маңызы зор. Бұл – таулы өңір тұрғындарының тілегі…