Basty bet

Орман өртінің қаупі зор

Орман өрті – абайсыз жағылған от, сөнбей қалған шоқ, кейде найзағайдан да пайда болатын апат. Орман өрті көбінесе құрғақшылық жылдары, ерте көктемде және күзде болады. Оның негізгі себебі – ауыл шаруашылығы қалдықтарын өртеген кезде қауіпсіздік талаптарының бұзылуынан туындайды. Орман өрті ағаш қорын кемітумен қатар, ағаштың өсуін нашарлатады, жалын шарпыған ағаш қурайды, жел, дауылда сынғыш келеді. Аудан тұрғындары мен қонақтарының назарына Қазақстан Республикасының қандай заңдарында көрсетілген нормативтік құқықтық актілері бар екенін түсіндіру мақсатында біз Жуалы ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің директоры Мади Нұралиевпен сұхбаттасқан болатынбыз.
– Мади Ғалымұлы орманда өрт қаупі жоғары болып тұрған кезеңдер туралы толығырақ айтып берсеңіз?
– Қазақстан Республикасының 2003 жылғы шілде айының 8-ші жұлдызындағы Орман кодексіне және «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23-қаңтардағы Заңына сәйкес Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, Жамбыл облысы әкімдігінің 2023 жылы 28 наурыздағы №46 (нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2023 жылғы 4 сәуірде №4989 болып тіркелген) қаулысын басшылыққа ала отырып, орманда өрт қаупі жоғары болып тұрған кезеңдерде (ағымдағы жылдың 1 маусымынан 20 қыркүйегіне дейін) жеке тұлғалардың мемлекеттік орман қоры аумағында болуына тыйым салынды. Осы қаулы әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізілетінін хабарлаймыз.
– Өрт болған кезде орманда зиянды жәндіктердің, ағаш ауруларының таралуына қолайлы жағдай болып табылады. Өрт жалыны, қызуы апаттылығы туралы не білуіміз керек?
– Орман өрті жер бетін шарпыған кезде жапырақ, бұта, шөп-шалам, көк шөп, ағаштың жас өркендері жанады, от қызуы 400-9000С-қа жетеді, жалын 0,5-1 м-ге көтеріледі, өрт сағатына 0,25-5 км жылдамдықпен таралады. Көлемі кішкене шарпыма өртті топырақ, химиялық заттар (диамоний фосфат, аммоний сульфаты, т.б.), су шашып, жасыл бұталармен соққылап сөндіреді. Қаулама өрт жалыны ағаш басын шалады, оның бұтақтары, жапырақтары жанады. Өрт жел бағытына, күшіне қарай сағатына 5 – 25 км-ге дейін өршиді. Жер астындағы кеулеме өртте топырақ арасындағы өсімдік шірінділері, шымтезек жанады, от жалыны көбіне сыртқа шықпай, бықсып жанады. Мұндай өртті өшіру үшін жанған жердің айналасын тереңдігін ыза суға жеткенше, енін 1 метр етіп ор қазады.
Табиғи өртті байқаған жағдайда бірден өртті сөндіруге шара қолданғаныңыз жөн. Ал оны өз күшіңізбен сөндіре алмаған жағдайда аудандық өрт сөндіру бөлімінің «101» «112» немесе орман шаруашылығының 2-02-94 нөмірлі телефон нөмірлеріне хабарласуыңызға болады.
– Құрметті аудан тұрғындары және қонақтары! Бірлесіп атқарған жұмыстың нәтижесі оң болады, әрі сіздер табиғатты қорғау жолында қауіпсіздік талаптарын сақтасаңыздар өз үлестеріңізді қосатын боласыздар.

Сұхбаттасқан
Бақытгүл Жексекеева,
аудан әкімінің
бас инспекторы

Таңдаулы материалдар

Close