Basty bet

Жастар – елдің тірегі!

Жас буынның аға буын өкілдерінен алар тағылымы көп

Жастар – қоғамның қозғаушы күші ғана емес, елдің тірегі, мемлекеттің ең белсенді бөлігі. Жастар жүрген орта үнемі жасампаздыққа және жаңа идеяларға толы болатынын бәріміз білеміз. Сондықтан жастар саясатын қолдау – мемлекетіміздің де басым саяси бағыттарының бірі болып қала береді. Сонымен қатар, жастардың қоғамдағы орнын қалыптастыруға аға буын өкілдерінің тәлім-тәрбиесі де әсер ететіні анық. Сондықтан жалынды жастар мен өмір көрген аға буынның арасындағы байланысты нығайту жұмыстарын жүйлеп, бір сөзбен айтқанда, ұрпақтар сабақтастығы дәстүрін қайта жаңғыртуымыз қажет.

1 наурыз – Алғыс айту күні мерекесіне орай аудан орталығындағы орталық кітапхананың «Білім» залында жастар мен аға буын өкілдерінің арасында тағылымды кездесу өткізілді. «Ардагерлерді ардақтайық!» деп аталатын кездесудің өтуіне аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі ұйытқы болды. Шараның мақсаты – ардагерлерге құрмет көрсету және ұрпақтар сабақтастығын жаңғыртуға үлес қосу болып табылады.
Аталған кездесуге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Естемес Аманбеков, аудандық аналар алқасының мүшесі, көпбалалы ана, «Батыр ана» төсбелгісінің иегері Ранай Айымбетова және жоғарғы санатты қазақ тілі мен әдебиеті және араб тілі пәндерінің мұғалімі болып қызмет атқарған ардагер ұстаз Тәжіниса Мұсаханова қонақ ретінде шақырылды.
Тағылымды кездесуді аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің директоры, аудандық мәслихаттың депутаты Мейіржан Телеушов ашып, басқосуды өткізудегі мақсат-міндеттерді айта келе, ауданда мемлекеттік жастар саясаты бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстардың бірқатарын атап өтті.
Кездесуге келген ардагерлер жастарға ұрпақтар сабақтастығын сақтау, рухани-адамгершілік қатынастарды дамыту және өткеннің ұлағатын ұмытпауды айта отырып, ұлттық болмысты, халқымызға тән өзіндік мәдени құндылықтарды бағалауда жастарға тәлім-тәрбие тұрғысынан ақыл-кеңестерін айтып, өздерінің өмірлік тәжірибелерімен де бөлісті.
Шарада ең алғашқы болып сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков, алдымен Алғыс айту күнінің мән-маңызына тоқталып, осыдан ширек ғасыр бұрын ауданымызда 25-ке жуық өзге ұлттың өкілдері тұрғанын, олардың жергілікті қазақ халқымен арадағы достық, туыстық қатынастардың берік болғанын айтып, жастарды ұлттар арасындағы өзара татулықты нығайтуға, достықты дәріптеуге, адал еңбек етіп, өмірден өз орындарын табуға шақырды. Сонымен бірге, ардагер өз сөзінде, жыл басында елімізде орын алған «Қаңтар қасіреті» оқиғасына да тоқталып, осыған байланысты жалпы қоғамда жастар тәрбиесіне мықтап көңіл бөліп, олармен тиімді жұмыс жасаудың, жастардың мол энергиясы мен әлеуетін мемлекеттің дамуына пайдалану қажеттігіне тоқталды. Сөз соңында, кездесуге қатысушы жастарға ағалық, аталық ақыл-кеңестерімен бөлісті.
Келесі кезекте ардақты, ақ жаулықты ана Ранай Айымбетова және ауданның білім беру саласына еңбегі сіңген ардагер ұстаз Таджиница Мұсаханова да, жастардың жарқын болашақ екеніне тоқталып, ұлттық тәлім-тәрбиені дамыту, жастардың бойына отаншылдық сезімін сіңірудің маңызды екенін, жастардың тәрбиесімен қоса, білімдерін де жетілдірудің қажеттілігін де айрықша атап өтті. Қос ананың жастарға қарата айтқан сөздерінен ұстаздық және аналық мейірімнің лебі сезіліп тұрғанын баса айтуға тиіспіз. Өйткені, әйел-аналар қай кезде ұрпақтың тәрбиелі және білімді болғанын жан жүрегімен қалайтыны анық.
-Жастар – біздің болашағымыз. Тәуелсіз Қазақстанды болашаққа апаратын да осы жастар, сендерсіңдер. Мемлекет жастарға үлкен үміт пен сенім артып отыр. Соның үдесінен шығуға тиіссіңдер.
Осы тұста өз отбасым туралы да айта кеткенді жөн көріп отырмын. Біздің отбасымыз осында Өзбекстан Республикасынан көшіп келдік. Сонда тұрған кезімізде Қазақ радиосынан «Замандас» деп аталатын бағдарлама беріліп тұрушы еді. Сол хабарды тыңдаған сайын туған жерге деген сағынышымыз артып, қасиетті қазақ жеріне деген іңкәрлігіміз еселене түсетін. Құдайға мың да бір шүкір. «Нұрлы көш» бағдарламасымен осында, Жуалы жеріне көшіп келіп, орналастық. Бұл жақтың қонақжай халқы бізді жатсынбай қарсы алды.
Тіршіліктегі арманымның бірі – қазақ жеріне көшіп келіп, осында ұрпақ өрбіту болатын. Тағы бір арманым – жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп, қоғамдық жұмыстарға аралассам деуші едім. Ол тілегіме де жеттім. Осында көшіп келгенімізге 20 жылға жуық уақыт болса, содан бері аудан мектептері мені көпбалалы батыр ана ретінде үнемі кездесулерге шақырып тұрады. Оған барып, жастарға, оқушыларға өмірден көрген-түйгендерімді, аналық ақыл-кеңесімді, халқымыздың қасиеті мен өсиетін, ғасырлық салт-дәстүрлерін айтудан жалыққан емеспін. Бүгінде 80 жасқа жақындап та қалдым. Бірақ, қатардан қалған емеспін. Әлі де жас буынға айтарым көп деп ойлаймын.
Жастар ақылды болып, жаман әдеттерге еліктемесе, үлкендерді, оның ішінде, өзінің ата-анасын, туған-туыс, көрші-қолаңын сыйлай білсе, одан ешбірі жаман болмайды. Қоғам осындай жақсы дүниелерден қалыптасады. Жалпы дүние ізгіліктен тұрады. Оны жаман істермен былғайтын өзіміз. Сондықтан әрбір болған оқиғаға сабырмен қарап, салмақты баға беруіміз қажет деп есептеймін. Үлкендердің тәлімін алған біздің қоғамның жастары жаман емес. Ауданымыздың жастарына үнемі аналық ақ батамды беріп отырамын,- деді ақ жаулықты ана Ранай Айымбетова.
Тағылымды кездесуді аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің директоры Мейіржан Телеушов қорытындылай келе, кеш қонақтарына мекеменің атынан естелік сыйлықтар беріп, естелік суретке түсті.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close