Basty bet

Жұмысшы мамандарға сұраныс артып келеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары” атты жаңа Жолдауында білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысына қарай өзгеріп отыруы керектігі жайлы айтқан болатын.
“Ұлттық экономиканың бірқатар салаларында кадр тапшылығы қатты сезілуде. Әсіресе, техникалық және жұмысшы мамандар жетіспейді. Сондықтан осы салаларға қатысты білім берумен мықтап айналысқан жөн.
Оқу орындары түлектерге жұмыс бере алатын мекемелермен ұзақ мерзімге арналған әріптестік орнату қажет. Экономиканың басымдықтарына, аймақтың және саланың ерекшеліктеріне байланысты тиімді қаржыландыру тәсілдері керек” – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Ауданымызда жастарға кәсіптік-техникалық білім беретін бір ғана оқу орны, яғни Ақбастау ауылындағы “№16 Жуалы колледжі жұмыс істеуде.
Колледж 2020 жылы “Жас маман” республикалық жобасына қатысып, Ауыл шаруашылығын механикаландыру мамандығы бойынша жеңімпаз атанып, мамандықты оқытуға қажетті техникаларға қол жеткізген болатын.
Бүгінгі таңда колледжде ауыл шаруашылық өндірісіндегі тракторшы-машинисі; аспазшы; арнайы тігінші; электромонтер; электргазбен дәнекерлеуші мамандықтары бойынша 236 студент білім алуда. Оның ішінде үстіміздегі оқу жылында 73 талапкер 1 курсқа қабылданған.
Өткен оқу жылында Жуалы колледжін 44 түлек бітірген болса, оның 10-ы жұмысқа орналасқан. 12 түлек әскер қатарында, төртеуі декреттік демалыста.
Президентіміз Жолдауында айтып өткендей, Жуалы колледжі аудандағы ірі кәсіпкерлік нысандармен мақсатты келісімшарт жасасып, әріптестік орнатып жұмыс істеуде. Яғни, дуальді оқыту бағдарламасымен “Гамбург” ЖШС, “Зылиха” ШҚ, “Жуалы су” мекемесі, “Бурный сыр зауыты” ЖШС, “Оздамиров Л.Г” ЖШС, т.б кәсіпкерлік нысандармен келісімшарт жасасып, әріптестік орнатқан.
Яғни, келісімшарт жасасқан кәсіпкерлік нысандарда студенттерді тәжірибеден өткізіп, әрі қарай жұмысқа тұруына да ықпал етуде.
Биылғы жылы колледж ғимаратының алдындағы тұрмыстық корпусқа күрделі жөндеу жұмыстары жүруде. Жалпы колледждегі жұмыс барысы туралы колледж директоры Медет Иманбаев баяндады.
-Президентіміздің жаңа Жолдауы жарияланған соң, ұжым болып жиналып, Жолдауды оқып, одан туындайтын міндеттерге тоқталдық, алдағы жоспарларымызды пысықтадық. Бүгінгі күні 1 курс студенттері Жолдаудың аясында диктант жазуда.
“Жас маман” республикалық жобасына қатысқаннан кейін бізге көптеген мүмкіндіктерге жол ашылуда. Мәселен, 1985 жылдан бері жөндеу көрмеген ғимаратымызға 295 миллион теңге қаржыға күрделі жөндеу жұмыстары жүруде. Жөндеу жұмыстары барысында ғимараттың бірнеше жеріне сейсмикалық жүйені нығайту үшін темір құрсаулар жасалды. Электр монтаждау жұмысы жүргізілді, жылу жүйесі толығымен жаңартылды. Осы ғимаратқа 12 цифрлы видеокамералар орнатылады. Сонымен бірге заман талабына сай әрленіп, ауласы да асфальтталуда.
Осы орайда колледж қақпасына дейінгі жолдың жөнделуіне ықпал еткен аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы мен Қарасаз ауылдық округінің әкімі Жанар Нұрмұратқызына алғысымды білдіремін.
Сондай-ақ, өткен оқу жылында электромонтер мамандығына 25 жұмыс үстелі құрал-жабдықтарымен бірге алдық.
Тігіншілік мамандығында 18 өндірістік тігін машинасы бар болатын. Ендігі жерде көптен бері қол жетпей жүрген көптеген материалдарға қол жеткіздік.
Және де аспаз мамандығына заман талабына сай пеш, бірқатар қажетті құрал-жабдықтар алдық. Басқа да жаңа жиһаздар, жаңа оқулықтар алудамыз
“Жас маман” жобасының бір талабы – құзіреттілік орталығын ашу болатын. Жақында жөндеу жұмыстары аяқталған соң құзіреттілік орталығын ашып, коллежде ауыл шаруашылығын механикаландыру мамандығы бойынша республикалық семинар ұйымдастырып, онда біздің шеберлер мен шәкірттер өз іс-тәжірибесімен бөлісетін болады.
Алдағы жоспарымыз – сүт және сүт өнімдерін өңдеу мамандығын ашу. Ауданымызда әзірге тоғыз сүт өңдеу кәсіпорны мен шағын цехтар жұмыс істеуде. Сондықтан бұл мамандықты ашу аудан кәсіпкерлері үшін тиімді. Мамандыққа қажетті оқулықтарды алдық. Енді құрал-жабдықтарды алатын боламыз. Ал, шәкірттерге мамандық бойынша білім беретін мамандармен, яғни кәсіпорынның шеберлерімен келісудеміз. Олар өздерінің жұмыс орнында студенттерді тәжірибеден өткізіп, білікті маман дайындайтын болады. Бұл мамандықты ашуды алдағы оқу жылына жоспарлаудамыз. Сонымен бірге тұрмыстық техникаларды жөндейтін мамандық ашуда да жоспарымызда бар.
Биылғы жылы келісімшартқа тұрып, әріптестік орнатқан шаруа қожалық иелерімен де бірлесіп жұмыс істедік. Ол “Жас маман” жобасының ережесінде көрсетілген болатын. Яғни, науқан кезінде біздің шәкірттеріміз шаруаларға техникаларымен көмектесті. Бұл бір жағы шәкірттеріміздің тәжірибе жинауында, шыңдалуында қажет болса, екінші жағынан шаруалар үшін де тиімді.
Дуальді оқыту бағдарламасы бойынша біз нәтижелі болуы үшін сол мамандыққа қызығушылығы, талабы бар студенттерді ғана таңдаймыз.
Жұмысшы мамандықтар бүгінгі таңда сұранысқа ие. Бізде оқыған ер азаматтар әскерге барғанда да оның пайдасын көріп жатады. Әскерде техника айдап, әрі қарай келісімшартпен әскери қызмет етіп жататындар да кездеседі. Бізге келіп, ұстаздарына алғысын білдіріп жататын жастар да көп,- дейді колледж директоры.
Иә, Жуалы кәсіптік-техникалық колледжінің материалдық-техникалық базасы жылдан-жылға жаңарып келеді. Себебі, жұмысшы мамандықтарға деген сұранысты қанағатттандыру үшін жастардың қызығушылығын ояту маңызды. Заман талабына сай жабдықталған, қажетті білімді бере алатын, білімін тәжірибемен ұштастыра алған оқу орнының білім саласына, қоғамға тигізер пайдасы да зор болары анық.

Таңдаулы материалдар

Close