Basty bet

Сот жүйесіне еңбегі сіңген нәзік жан

«Әйел – құнарлы топырақ, онда адамзат дәні өсіп жетіледі. Біз – сол дәннің жемісіміз. Әйелсіз адамзат «жемісі» ешқашан да болмайды».

Бауыржан Момышұлы

Қазақ әйелі бағзыдан текті, намыстан жаралған, ел басына қатер төнгенде, жаумен шайқасқа ерлермен бірге аттанып, нағыз ерліктің үлгісін көрсете білген. Қазақ әйелі тек отбасы, ошақ қасының ғана емес, бүкіл елдің, әлемнің тыныштығын ойлап, ұрпағын тектілікке тәрбиелеген. Бір қолымен бесік, екінші қолымен әлемді тербеп жүрген, батырлар өсіріп, ұлтымызды сақтай білген әйел, келін, ана қандай құрметке де лайық.
8 наурыз – ақ жаулықты апаларымыз бен аналарымыздың, аяулы әпке-қарындастарымыздың төл мерекесі. “Отан отбасынан басталады” десек, әйелдің қоғамдағы рөлі ерекше. Өйткені, отбасының құты болған әйел Отанға да адал қызмет етеді, яғни өзі араласқан қай салаға да үлесін қосады.
Солардың бірі – Жуалы аудандық сотының мемлекеттік қызметкері, сот отырысының хатшысы Жазира Оралова.
Жазира Қажденбекқызының Жуалы аудандық сотына сіңірген еңбегі елеулі. 2011 жылдан осы уақытқа дейін қызмет атқарып келе жатқан ол бүгінде екі перзенттің анасы ғана емес, өзінің жұмысына жауаптылығымен, іскерлік қабілетімен, тиянақтылығымен, жоғары моральдық қасиеттерімен белгілі. Ұжымда беделді, абыройлы, сыйлы қызметкер.
2013 жылы Қазақстанның Тәуелсіздік күні мерекесіне орай Жамбыл облыстық сотының төрағасы М.Бектұрғановтың Алғысхатымен марапатталды. 2012, 2014 жылдары Қазақстан Республикасының Конституциясы күні мерекесіне орай Жамбыл облыстық сотының Алғысхаттарымен марапатталған.
Жазира Қажденбекқызы сырт қарағанда қазақ қызына тән қарапайым көрінгенімен, нақтырақ зер салсақ, үй ішінің шаруасы мен кәсібін қатар алып жүрген, бала-шағаларын жалғыз өзі бағып, асырап, ағайын-жұрттың көмегінсіз өз күшімен аяққа тұрғызып жатқан нәзік жандардың бірі.
«Әйел – қырық шырақты» деген осы болар. Мемлекеттік қызметте 12 жыл бойы табан аудармай қызмет атқару үлкен жүк. Тіптен, ер азаматтың өзі бір орында ұзақ уақыт үздіксіз қызмет атқаруға төзе бермейді. Оған батылдық шыдамдылық пен жоғары моральдық жауапкершілік қажет.
Көк желекті көктеммен бірге көңілге қуаныш сыйлай келетін аяулы аналарымыздың, әпкелеріміздің, қарындастарымыздың төл мерекесімен құттықтай отырып, біз де Жазира Қажденбекқызына зор денсаулық, баянды бақыт, отбасына береке-бірлік, еңбегіне табыс тілейміз!

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close