Basty bet

Сақтықта қорлық жоқ!

Конго-Қырым геморрагиялық қызбасынан сақтану жолдары түсіндірілді

Денсаулық – зор байлық. Адам денінің саулығы – қоғамның байлығы. Дені сау ұлт қана ойлаған мақсатына жете алады. Сондықтан, денсаулық сақтауға баса көңіл бөлу қажет. Мұның ішінде, адамның өміріне орасан зор қауіп төндіретін жұқпалы аурулар мен індеттердің алдын алу, сақтық шараларын сақтау маңызды міндеттердің бірі саналады. Бұл ретте қауіпсіздік, аурудан барынша сақтану және ауруды таратпау үшін жеке бастың жауапкершілігі сияқты маңызды мәселелерге баса назар аударған жөн.

Адамның амандығы, халық денінің саулығы – барлығынан маңызды мәселе. Өткен аптада аудан әкімі аппаратының мәжіліс залында өңірдің денсаулық сақтау саласында еңбек етіп жүрген қызметкерлерге облыс орталығынан келген тәжірибелі мамандар аса қауіпті жұқпалы аурулардан тұрғындарды сақтандыру жөнінде тақырыптық лекция оқыды. Лекция барысында мамандар «Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы» туралы маңызды ақпараттарды айтып, түрлі кеңестермен бөлісті. Шараның мақсаты – сала қызметкерлеріне консультативтік кеңестер беру.
Аса қауіпті аурулардың алдын алуға және аудан тұрғындарын одан сақтану жолдарынан барынша ақпараттандырып, хабардар ету мақсатындағы жиынға Жамбыл облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аса қауіпті инфекцияларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Күмісбек Рахимов, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары, инфекционист дәрігер Талғат Шымырбаев, Жамбыл облысы әкімдігінің ветеринария басқармасының бірдейлендіру бөлімінің бас маманы Лесбек Тойбеков және «Ұлттық сараптама орталығының» Жамбыл облысы филиалының аса қауіпті инфекциялар зертханасының меңгерушісі Ақмарал Жарылқасынова қатысты.
Сонымен қатар, маңызды жиынға аудан әкімдігінің тиісті бөлім басшылары, ауылдық округтің әкімдері, мектеп директорлары, балабақша меңгерушілері, ауылдық округтердегі ветеринария мамандары, денсаулық сақтау ұйымының басшылары, қызметкерлері мен БАҚ өкілдері шақырылды.
Жиынды аудан әкімі аппаратының басшысы Рәтбек Көсембаев ашып, жүргізіп отырды.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселеге байланысты облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары, инфекционист дәрігер Талғат Шымырбаев сөз алып, ол Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы клиникасының диагностикасы және емі туралы кеңінен баяндады.
-Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – аса қауіпті жұқпалы вирустық ауру және трансмиссивті контактілік жолмен (науқастың қанымен ауруханаішілік жағдай), эпидемиялық өршу қаупі бар аса қауіпті вирустық инфекция. Табиғи ошағы – шөлді, құмды және жайлаулы тегістіктерде. Маусымдылық негізінен кенелердің белсенділігіне байланысты, мамыр-қазан айлары, жыл он екі ай жиі мал шаруашылығы саласындағы адамдар науқастанады (сауыншы, қойшы, қасапшылар және т.б.). Ауруханаішілік жағдай және лабораторияішілік жұқтыру жағдайлары кездеседі. Әсіресе, қой қырқынында кесілген кене қаны шашырап адам денесіне енеді. Ауру көбіне осы кезеңде адамға жұғып, денсаулыққа орасан зор қауіп төндіреді.
Аурудың клиникалық белгілеріне келер болсам, инкубациялық кезеңі шамамен екі күннен жеті күнге дейін созылады, бірақ 14 күннен аспайды. Басталуы жедел, аурудың ең алғашқы белгілері: бастың қатты ауыруы, дене қызуының жоғарылауы, дене бұлшықеттерінің ауырсынуы, іш ауруы, құсу, іштің өтуі және құрғақ жөтел. Жиі көз, бет, мойын және кеуденің жоғарғы бөлігі терісінің қызаруы байқалады (симптом капюшона), таңдай шырышының қызаруы және петехиялар кездеседі. Сонымен қатар дене сарғаюы, ауыр жағдайда, көңіл-күйі өзгеріп, сенсорлық қабілеті нашарлайды. Дер кезінде ем алған науқастар 7- 8 күннен кейін жазылады. Бірақ көбінесе (75%-ға дейін), ауру өршуіне қарай науқастардың денесінде ауқымды қанталаулар, мұрыннан тоқтаусыз қан кету және инъекция орнынан бақылаусыз қан кетулер, шамамен аурудың үш-бесінші күні басталып кетеді.
Ауыр жағдайда, аурудың үш және алтыншы күні геморрагиялық көріністері байқалады. Дененің жоғарғы бөлігінде теріде және шырышты қабаттарда петехиялар, экхимоздар байқалады аурудың төрт және бесінші күні қан құсу (кофе тұнығы секілді), мұрыннан қан кету, мелена байқалады. Қызылиектен, жатырдан және церебральді геморрагиясы, профузды қан кетулер болады. Бауырдың массивті некрозы дамуы мүмкін. Өлім 30%-дан 80%-ға дейін. Ауруханаішілік залалдануда өлім жағдайы әрдайым жоғары болады.
Жұғу жолдары төмендегідей өрбиді. Атап айтқанда, трансмиссивті кене шаққанда, контактілі теріге және көздің кілегей қабығына кененің немесе ауру малдың қаны тигенде, науқастың қаны арқылы, адамға жұққанда ауру ағымы өте ауыр түрде өтіп, өлім қаупі жоғарылайды, аэрогенді тыныс алу жүйесі арқылы (зертханаішілік жұқтыру).
КҚГҚ-ның болжамдық жағдайына тоқталар болсам, КҚГҚ бойынша эндемиялық аумақта тұрғылықты тұратын немесе сонда болған, денесінің қызбасы кенеттен көтерілген (38С-ға және одан да жоғары) және төмендегі клиникалық белгілерінің бірі байқалғанда. Атап айтқанда, қатты бас ауруы, бұлшықеттің ауруы, жүрек айну немесе құсу, іш ауру немесе іш өту, жгут сынамасының (+) және ауру басталғанға дейінгі 14 күн кезеңінде КҚГҚ-ның даму қаупінің төменде көрсетілген факторлардың бірінің болуы, кене шағу немесе онымен байланыс, жануарларды күту (жаю, сауу, сою, тасымалдау және терімен жанасу), науқас қанымен контакт болғанда (қолғапсыз), ашық аумақта (далада жұмыс істеу, табиғатта демалу және т.б.), зертханада адамдардың және жануарлардың қанымен, немесе кенелермен жұмыс істеу сияқты факторларды жатқызуға болады.
Естеріңізде болсын, бұл – өте қауіпті ауру. Сондықтан, жоғарыда аталған іс-шараларды атқарған кезде өте сақ болғандарыңыз дұрыс. Әсіресе, балаларды бұл аурудан сақтандыру қажет. Бұл бағытта ауданға қарасты мектептер мен білім ошақтарындағы оқушылардың арасында аталған аты жаман ауру туралы түсінік беріп, ағарту жұмыстарын жан-жақты жүргізген дұрыс. Сөзімді қорытындылай келе айтарым, қай аурудың түрі болсын, сақтық шараларын барынша сақтауларыңызды сұранамын,- деді Талғат Жанатұлы.
Келесі кезекте Конго-Қырым геморрагиялық қызба клиникасының зертханалық диагностикасы, биологиялық қауіпсіздік туралы «Ұлттық сараптама орталығының» облыстық филиалының аса қауіпті инфекциялар зертханасының меңгерушісі Ақмарал Жарылқасынова жан-жақты әңгімелеп берді.
Айта кету керек, аса қауіпті ауруларға, оның ішінде, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасынан сақтану жолдары туралы жиын барысында лекция тыңдау кезінде облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің аса қауіпті инфекцияларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Күмісбек Рахимовтың мамандарға түсіндірмесі түсінікті әрі өтімді болды. Ол Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағы туралы маңызды ақпараттар берумен қатар, оның жұғу жолдары және дертпен күрес жөніндегі өте маңызды ақпараттармен бөлісіп, қатысушыларға сұрақ беріп және олардан түскен сұрақтарға жауап берді.
Білікті дәрігерлер аса қауіпті аурулардың эпидемиологиялық жағдайына, берілу жолдарына, мерзімділігіне, патогенезіне, патологиясына, клиникасына, жіктелуіне, асқынуларына, диагностикасына, еміне және олардың алдын алу жолдарына тоқталып, жиынға қатысушы азаматтарға құнды консультативтік кеңестер берді.
Иә, бұл ауру адамның өміріне аса қауіпті табиғи індет болып саналады. Сондықтан ол жайында тұрғындарды жан-жақты хабардар етіп, оның алдын алу бағытында жұмыстарды ең бірінші кезекте денсаулық күзетіндегі дәрігерлер мен ветеринар дәрігерлер жүргізуі қажет. Өңір халқының күнделікті тыныс-тіршілігі мен табыс көзі негізінен мал шаруашылығымен байланысты болғандықтан, аурудың таралу жолдары көбінесе мал тасымалдау барысында және адамдар табиғат аясында демалғанда немесе мал шаруашылығымен айналысқанда қауіпсіздік шараларын тиісті деңгейде сақтамаудан туындап жатады. Сондықтан, сақтық шараларын сақтау – барлығымыздың міндетіміз.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close