Basty bet

Мәселенің түп тамыры – тәрбиеде

Қазіргі таңда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі қоғамда алаңдатарлық жағдайға айналып отыр. Әйел өз күйеуінің қолынан қаза тауып, мүгедек болып қалып жатқандар қаншама. Шын мәнісінде, бұл – үлкен трагедия.
Расымен, тәрбие бір ізге салынбай, отбасы арасында үлгі, өнеге болмаған жағдайда бұл мәселе үнемі қайталана беретіні ақиқат. Біздің елімізде де қазіргі таңда тұрмыстағы зорлық-зомбылық назар аударарлық жағдайда екені түсінікті. Күлім қаққан гүлден де нәзік аруға сөз салуға именіп, тура қарауға батылы бармай жүрген ер азамат атаулының кейбіреуі біраз уақыт өткен соң әйеліне небір қатыгездіктерді жасағанын естігенде есің шығады.
Мәселен, өткен жылдың қараша айында экс-министр өз әйелін аса қатыгездікпен өлтіріп, қазір осы іс бойынша негізгі сот талқылауы болып жатыр. Айыпталушы прокурор айыптау актісін жариялағаннан кейін кінәсін мойындамайтынын мәлімдеді. Ал бұған пікіріңіз қандай? Ол кісі өлтірудің кінәсін де мойындамайтынын атап өтті. Тағы бір мәселе, Түркістан облысында 43 жастағы еркек 37 жастағы әйелін төрт баланың көзінше ұрып өлтіреді. Ресми деректерге сүйенсек, әйелдің барлық тісі қағылған, ішкі органдары түгел езілген, басында бір тал шашы қалмаған. Ол аздай ер адам қылмысын жасыру мақсатында әйелінің аузына коньяк құйған. Ал төрт бала қанға бөккен анасын құшақтап отырып, полиция шақырған. Көршілерінің айтуынша, әйел төрт баласының бақытын бәрінен биік қойған, қарапайым, отбасы, ошақ қасында жүрген адам.
Әрине, таразыға салып, бағамдап қараған адамға бұл – қатыгездік, жантүршігерлік әрекет. Кейбір ер азаматтардың әйеліне әлімжеттік жасауы ненің белгісі? Мұның түп төркіні неде? Сараптап көрейік. «Әйеліне бір рет қол көтерген еркек оны тағы қайталайды». Ол сөздің растығын тұрмыстық жанжалдың түр-түрін естігеннен кейін еріксіз мойындауға мәжбүр боласың. Біз бір саты жоғары деп санап жүрген азамат атаулысы айлап, апталап тіпті күнара таяқтай берсе, не істеу керек? «Алдыңа ас қойдым, екі қолыңды бос қойдым» дегендей, білгенін істеуге мүмкіндік береміз бе, әлде құзырлы органдарға жүгінеміз бе? Қазақ әйелдерінің 90 пайызы полицияға жүгінгеннен кейін өз ісіне өкінетін көрінеді. Неге дейсіз бе? «Ұл-қызымның әкесін түрмеге отырғызып, қиянат жасадым» деп іштей өзін-өзі жейді екен әйел. Осылайша, күйеуін өзі аяғанымен, өзін аямағанын мүлдем ұмытып та кетеді. Ал түрмеден шыққан күйеу қайырымды бола алмайды. Келіп алып, түрлі қорқытулармен үстемелетіп ұрады. Оған әйел тарапынан айтылған қайын жұрттың қаһарлы сөздерін тағы қосыңыз. Мұндайға аяулы жан шыдасын ба?
Қысқасы, қоғамға одан асқан еркек жоқтай боп көрінген адамның үйінде әйеліне жоғарыдағыдай азап көрсетуі – оның ауру екенін дәлелдейді. «Оны жай ғана психикалық ауытқу» деп жылы жабу салудың соңы өлімге әкелуі мүмкін. Кез келген психикалық ауытқу белгісі бар адамға дер кезінде көмек көрсетілмесе, мұнда шизофренияның ауылы алыс емес деген сөз. Алайда ең қорқыныштысы, «жанымдағы жолдасым» деп арқа тұтқан адамыңның «шизоға» шалдыққанын білмей, таяқты жеп, балаларын туып, агрессиясын «ішке жұтып» өмір сүру. Мен барша қазақ әйеліне өзіңнің өміріңнен артық ештеңе жоқ деп кеңес айтар едім.
Қазақстанда отбасы институтының алаңдатарлық жағдайда екенін жоққа шығаруға болмайды. Мәселе, тәрбиеге де байланысты. «Қыз жат жұрттық, қолынан бар іс келуі керек» деп бала кезінен мойнына жауапкершілік жүктегенге шеберміз. «Сен ертеңгі келінсің. Қыздарын дұрыс тәрбиелемепті дейді» дегенді санаға құйып өсіреді. Мұндайды естіп өскен қыз бала «мен бәріне міндеттімін, қателесуге хақым жоқ» деген ұстаныммен өседі. Оқуды да үздік оқиды, жұмыста да жетістіктерге жетеді, арасына жыл салмай бала да туады, «ғажап келін, асыл жар атану үшін» барын салады. Бірақ бәрібір таяқ жейді. Ал ұл баланы қалай тәрбиелейміз? Ұл бала атасының шапанының артына тығылумен балалық шағын өткізеді. Тірлікке көп араластырмайды. Өйткені ол – атасының баласы. «Сен – ұл баласың. Үй тірлігін істеуге жаралмағансың» деген сөз қоса жүреді.
«Қатын жолда, бала белде», «Қатын бастаған көш оңбас», «Ер азамат әйелден бір саты жоғары тұрады», деген сөздер де қазір тәрбиеде ескірген түсініктер. Тіпті, ұл баланың дүниеге келгенмен, көп жағдайда дұрыс тәрбиенің берілмейтінін де байқап жүрміз.
«Мәселенің түп тамыры – тәрбиеде. Бала отбасынан, айналасынан нені көрсе, соны істейді. Немесе жағдай керісінше болуы мүмкін. Бала кішкентайынан өз отбасында матриархаттың үстемдік құрғанын көріп өскен соң «әкем секілді болмаймын» деген түсінікті қалыптастыруы ықтимал. Нәтижесінде, қоғамда әйел біткеннің басым көпшілігі бақытсыз болып жатады. Мамандар әке қамқорлығы мен аға мейірімін көрмеген әйелдер тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды деп топшылауда. Мен бұл пікірмен мүлдем келіспеймін. Шын мәнісінде ең мейірімді әкенің шексіз, шетсіз махаббатына бөленіп өскен қыз бала да, өз-өзін белгілі бір деңгейде дамытып, оқып, тоқыған нәзік жанды да зорлық-зомбылықты бастан кешуі мүмкін. Тіпті мінезі жібектей, үлкен көрсе иіліп, кіші көрсе, ізет білдіретін арулардың басына да бұл сұмдықтың түспесіне кім кепіл?! Зорлық-зомбылықты көру әйелге емес, еркектің сана-сезіміне байланысты.
Тұрмыстық зорлықтың себеп-салдарын талқыладық. Дегенмен ошақтың отын сөндірмеу қашан да маңызды. Қалай айтсақ та, әйел-ана. Оның да толық құқықта өмір сүруге қақысы бар.
Иә, тұрмыстық зорлық-зомбылықты бүкіл жүйке талшығыңмен сезіну үшін оны не бастан өткеру керек, не жақыныңның өміріне куә болуың керек. Әйтпесе, біздің қоғамда отбасылық әлімжеттіктен рухани мүгедек болып қалған жандар қаншама?! Жалпы тұрмыстық зорлық-зомбылық жабық есіктің ар жағында талқыланатын тақырып емес. «Таяқтың екі ұшы болады» деген жөнсіз түсінікке алданып, қатты тиер таяқты күтіп жүрудің қажеті жоқ. Құдайдың аманаттап берген өз ғұмырыңыз бен балаларыңыздың бақытты балалық шағы үшін жауапты екеніңізді ұмытпаңыз! Бұл – бәрімізге де қатысты мәселе.

Лаура МҰСАБЕКОВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close