Basty bet
Обырмен күресу және алдын алу
Обыр дерті бірер жылдан бері Жер бетіндегі кісі өлімінің екінші себебіне айналды десекте болады. ДДСҰ мәліметтері бойынша Қазақстанда 36 мыңға жуық қатерлі ісіктің жаңа жағдайы тіркеліп, ал 14 мыңға жуық адам көз жұмады. Қатерлі ісік ауруы әлемдегі өлімнің басты себептерінің бірі болып табылады. Қазіргі уақытта қатерлі ісіктің ең көп тараған түрлері-сүт безі қатерлі ісігі, жатыр мойны қатерлі ісігі, өкпе қатерлі ісігі, тоқ ішек және тік ішек қатерлі ісігі, қуықасты безі(простата ), тері қатерлі ісігі, асқазан қатерлі ісігі, гемобластоздар(қан жүйесі тіндерінің ісігі).
Әр адамның өмірі дәрігерге дер кезінде қаралуына тікелей байланысты. Өкінішке орай адамдар өз денсаулығына немқұрайлы қарауынан, дертін асқындырып алады. Кейде адамдар бұл ауруға шалдыққандарын мойындағылары келмейді, шындықтан бас тартып уақытты өткізіп алады . Қатерлі ісік ауруына шалдыққан адамдар үшін бір күннің өзі өте маңызды екенін түсінбейді.Бірақ бірнеше қауіпті белгілерді білудің арқасында бұл ауруды уақтылы анықтауға болады!
Қатерлі ісікке тән жалпы белгілер:
1. Қабылдаған емнің нәтижесіз болуы
2.Жалпы әлсіздік, шаршағыштық
3. Дене қызуының аздап көтерілуі, әсіресе кешкі уақытта (37-37, 5С)
4. Дене салмағының азаюы
5. Қан анализінде ЭТЖ-ң жоғарылауы
Қатерлі ісіктің орналасуына байланысты тән белгілер:
Өкпе рагы – ұзақ уақыт ішінде басылмайтын құрғақ, кейде қақырықты жөтел, тыныштық жағдайында да мазалайтын ентігу, қан аралас қақырық.
Сүт безі рагы – бастапқы сатыларында – өзін-өзі тексеру кезінде қолмен түйіндердің анықталуы. Қолға түйін сезілсе міндетті түрде бірден дәрігерге көріну керек! Кеш сатыларында-омырау ұшының ішке кіріп кетуі, терінің қызаруы, лимон қабығы» белгісінің болуы, омырау ұшынан қоңыр, сұр немесе қан аралас бөлінділердің болуы және теріде ашық жараның пайда болуы жатады. Сүт безі рагы сау тінде ешқашан пайда болмайды. Оның пайда болуы үшін алдын ала өзгерген сүт безі қажет. Сондықтан да, егер етеккір алдында сүт безінің ауырсынуы болса, сол кезден бастап ем қабылдауды бастау керек. Етеккір алдында сүт безінің ауырсынуы «қалыпты» деген түсінік дұрыс емес. Баланы 1жасқа дейін ғана емізіп, 1 жастан кейін қолма –қол омыраудан шығару керек. Себебі ұзақ емізу салдарынан омырау тіні күрделі өзгерістерге ұшырап, мастопатия (сүт безі тінінің қалыптыдан патологиялық тінге ауысуы) пайда болады.
Жатыр мойны қатерлі ісігі-ерте кезеңдерде жатыр мойны обырының белгілері жиі байқалмайды, бірақ мына белгілер болуы мүмкін: гемморагия, қынаптан жыныстық қатынастан кейінгі бөлінулер, етеккір цикілінің ортасында немесе аяқ астынан қан кету болады. Арқада, белде, аяқтарда ауырсыну, зәр шығару кезіндегі ауырсынулар болуы мүмкін.
Тері рагы- бұрын болған дақтың немесе түйіннің түсінің өзгеруі, жылдам өсіп, беті сулануы мүмкін, біркелкі емес қотырмен жабылып қанауы мүмкін.
Өңештің қатерлі ісігі (Қылтамақ) – тамақтың жұтынғанда еркін өтпеуі, алғашында қою тамақ жегенде түйілу пайда болады, содан кейін қоймалжың тамақ та дұрыс өтпейді. Соңғы сатыларында сұйық тағам мен сілекейді жұту оңайға соқпайтын болады.
Асқазан қатерлі ісігі – ұзақ уақыт бойы тамақ ішкеннен кейін пайда болатын іштегі толып кету, бату, ауырсыну сезімдерінің болуы.
Ішек қатерлі ісігі – ішектің оң жақ бөліктерінің зақымдануы кезінде – үлкен дәреттің сұйық болуы, іштің шұрылдауы, салмақ тастау, анализдар бойынша емге ұзақ көнбейтін анемия мазалайды. Ал, сол жақ бөліктері зақымданса- іш кебу, іш қату белгілері болады.
Қуық безінің қатерлі ісігі – жиі дәрет сындыру, дәретке отырғанда ашу сезімі, толық дәреттің шықпауы сияқты сезімдер пайда болады. Кеш сатыларында дәрет қан аралас болады.
Қазіргі кезде күнделікті демалатын ауамыз, ішетін сусын, жеген тамағымыздың барлығы (басым көпшілігі) организм үшін онша қолайлы емес. Әрбір жағымсыз әсер жай кетпейді, тінде із қалдырады, клеткалық деңгейде өзгерістерге ұшыратады. Осындай мутациялық өзгерістер жинақтала келе денеде ісіктің пайда болуына себепкер болады. Ісіктің дамуына концерогенді әсерлі заттар және толық емделмеген созылмалы дерттің де асқынып, ісікке айналуы мүмкін.Бастапқы онкологиялық науқастың бағыты бойынша жалпы тәжірибелі дәрігерлерге науқастың емханаға келген сәтінен бастап, жасыл дәліз бойынша жүріп өтуінің сатыларын түсіндіреді. Қазіргі таңда ауруға шалдықтыратын қауіпті факторлардан бойды аулақ ұстап және нақты деректерге негізделген профилактика жүргізу арқылы обыр ауруларының жолын кесуге мүмкіндік бар. Ауруды ерте сатысында анықтау мақсатында елімізде ұлттық скринингтік бағдарламалар енгізілген. Егер өту барысында қандайда бір күдік туындап жатса, науқасты жедел және міндетті түрде ары қарай тексеру үшін , жалпы тәжірибелі дәрігердің қарауында болады.Қажеттілігіне байланысты аспаптық диагностикалық және лабораториялық зерттеулерден өткізіледі Емдеу барысында: Молекулярлық-генетикалдық зерттеулер, таргеттік терапия, жоғары технологиялық сәулелік және химиотерапия, иммуногистохимиялы зерттеулер, иммунотерапиялар, сондай-ақ минималды инвазивті, лапораскапиялық, ағзаны сақтайтын операциялар сияқты диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістері қолданылады. Қатерлі ісікті алдын алу үшін : темекі өнімдерінен, алкогольден түбегейлі бас тарту, биологиялық нормадан тыс салмақ қоспау, инфекция жұқтыратын кез келген жыныстық қатынастан бас тарту, иондаушы және ультракүлгін сәулелену әсерін азайту, таза ауада жиі серуендеу және тек табиғи өнімдерді тұтыну. Мүмкіндігінше берік ұстану обырдан бөлек кез келген аурудың алдын алады. Адам жылына бір рет динамикалық бақылаудан өтіп, белгілі бір мазалайтын шағымы болса бірден уақтылы дәрігердің көмегіне жүгіну керек. Сонда ғана бұл кеселді толығымен емдеу мүмкін болады.
Ұмытпайық , өз өміріміз өз қолымызда!
К.Абдрашева,
аудандық емхана бөлімінің онколог
дәрігерінің медбикесі