Basty bet

Қазақстанның болашағы – әрқайсысымыздың қолымызда

Қазақстан Республикасының Ата Заңына өзгерістер енгізілгелі бері ертеңімізге, Жаңа Қазақстанға деген көзқарасымыз, жан дүниеміз өзгере бастағаны белгілі. Ол – балаларымыздың, желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақтың жарқын болашағының кепілі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыркүйек айында Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Биыл біз жаңа кезеңге қадам бастық. Халқымыз жалпыұлттық референдумда саяси жаңғыру бағдарын қолдады. Конституциялық реформа Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды қадам болды. Еліміздегі саяси жаңғыру енді экономикалық өзгерістерге ұласуға тиіс»,- деген болатын. Президент сонымен бірге, экономиканы түбегейлі реформалау үшін мемлекеттік басқару жүйесіне серпіліс қажеттігін де атап айтты.
Бүгінде саяси реформалар «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласымен жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Бұл – мемлекеттің тұрақтылығы мен халықтың әл-ауқатын арттыру үшін жасалып жатқан ұзақ мерзімді шаралар. Сондықтан Президент бастамасына қолдау білдіру – бәріміздің міндетіміз.
Жолдауда Қасым-Жомарт Тоқаев Президент мандатының ұзақтығын 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынған болатын. Бұл Жаңа, Әділетті Қазақстан құру идеясының жарқын кепілі. «Жаңа Қазақстан» ұғымы – бұл жай айтыла салған сөз немесе жалған ұран емес. Мұның астарында үлкен мән-мағына мен елдің ертеңгі болашағы тұр. Халықтың тағдыры сынға түскен осындай кезеңде бірлігімізді мығымдап, тірлігімізді түзеуіміз қажет.
Сондықтан да, бүгінгідей әлемде геосаяси ахуал ушығып, қымбатшылық қысқан қиын жағдайда елдің тыныштығын сақтап, халықты ауызбіршілікке ұйытып, сайлаудың әділ өтуіне атсалысу – әрбір азамат үшін маңызды. Ол үшін саяси науқанның маңыздылығын ел ішінде насихаттау керек. Алдағы қараша айында өтетін саяси шараға жұдырықтай жұмылып, еліміздің тұтқасын ұстайтын Президентті халық болып сайлауға тиіспіз. Қазақстанның болашағы – әрқайсысымыздың қолымызда!

Жарас МҰРАТАЙ,
қаржы саласының ардагері.
Жамбыл облысының Құрметті азаматы

Таңдаулы материалдар

Close