Basty bet

Тарихи сананы серпілткен маңызды басқосу

Атырау Сарайшықта өткен үшінші Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Адал адам – адал еңбек – адал табыс» аталатын үштағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады деген маңызды пікір білдірді. Президенттің тікелей бастамасымен ұйымдастырылған үшінші құрылтайдың Жайық жағасында, Алаштың көне астаналарының бірі Сарайшықта өткізілуінің астарында үлкен философиялық астар жатыр.
Тарихқа бір мезет көз тастар болсақ, елді елең еткізер басты құрылтайлар елдің тарихи маңызы зор ордаларында өткізіліп келгенін байқаймыз. Үшінші рет өткізіліп жатқан Ұлттық құрылтай өткен ғасырлардағы ұлы құрылтайлардың заңды жалғасы болып отыр.
Ол туралы Президент: «Алғашқы отырыс ұлт ұясы Ұлытау жерінде өтсе, былтыр киелі Түркістанда жиналдық. Бүгін тағы бір тарихи өлке – Атырау облысына келіп отырмыз. Үшінші отырыстың Жайық жағасында өтіп жатқаны тегін емес. Әйгілі Сарайшық қаласы осы жерге тиіп тұр. Бұл шаһар Ұлық ұлыстың, кейін Қазақ хандығының маңызды әкімшілік және сауда орталығы болғаны тарихтан белгілі. Ұлы Жібек жолының бойында тұрған қала бір кездері айрықша геостратегиялық рөл атқарған. Батыс пен шығыстың экономикалық, саяси, мәдени қарым-қатынасына ерекше ықпал еткен. Атақты хандарымыз осы жерге ордасын тігіп, ел билеген. Бірқатары Сарайшықта мәңгілік мекенін тапқан. Тарихшылардың пайымдауынша, Қазақ хандығын қуатты мемлекетке айналдырған Қасым хан осында жерленген. Бір сөзбен айтсақ, Сарайшық – төл шежіремізде айрықша орны бар киелі шаһар» деп тарихи сананы тағы бір серпілтті.
Қоғам арасындағы зиялылардың орны туралы сөз қозғаған Президент ондағы мәселелерді де атап өтті. «Ең алдымен, халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды. Бұл туралы үнемі айтып жүргенімді білесіздер. Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды, ештеңеден құр қалмайды. Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқарады. Әсіресе елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек. Олар қазақтың қаймағы, ұлттың мақтанышы. Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады. Яғни, алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет» деді.
Сонымен қатар, Президент өз сөзінде, аға буын өкілдері жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беруі керек екенін айта келіп: «Елімізде көзі ашық, көкірегі ояу, ойы ұшқыр, білімді жастар көп. Біз олардың бойына асыл қасиеттерді сіңіруіміз қажет. Ұлы Абайдың «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең, істің бәрі – бос» деген сөзі әлі де өзекті болып тұр. Мен зиялы қауым өкілдерінің бір-біріне әрдайым тілектес болғанын қалаймын. Өзара жанашыр болу, түптеп келгенде, елге жанашыр болу деген сөз» дегені де елге жанашыр азаматтардың көңілінен шығып отыр. Елдің ертеңі саналатын жас ұрпаққа дұрыс жол көрсетіп, бағыт-бағдар беру – біздің міндетіміз.
Ұлттық құрылтай ұлт болып ұйысуымыздың және жарқын болашақтың бірден-бір кепілі. Себебі, мұнда елдің арғы-бергі тарихымен қатар, болашаққа да бағытталған маңызды мәселелердің барлығы түгел қамтылды.

Кемелбек ДӘУРЕНОВ,
Б.Момышұлы ауылдық ардагерлер
кеңесінің төрағасы.
Ауданның Құрметті азаматы

Таңдаулы материалдар

Close