Basty bet

Сапалы тұқым егу – саналы шешімнің нәтижесі

аудандағы алдыңғы қатарлығы агроқұрылым – «Зылиха» тұқым шаруашылығы биыл картоп алқабын 70-тен 90 гектарға дейін ұлғайтты

Күз – береке мен молшылық айы. Осынау берекелі мезгілде алқапта пісіп-жетілген ауыл шаруашылығы саласының өнім түрлері жиналып, көктем шыға салысымен тынбай еңбек ететін диқандардың бірі қамбаға астық дәнін құйса, енді бірі бақша дақылдарын молынан жинау арқылы ел ырысының еселенуіне өз үлестерін қосатынын жақсы білеміз. Қазір аудан көлемінде бау-бақша дақылдарымен қатар, ас атасынан кейінгі орында тұратын «екінші нан» саналатын картоп алқаптарынан өнім жиналу үстінде. Ауданға қарасты ауылдық округтердің ішінде картоп дақылын молынан өсіретін ауылдың шаруалары күзгі жиын-терін жұмыстарына қыркүйек айының басында кіріскенін айтады. Жиын-терін жұмыстары қазір негізінен ертерек өнім беретін жекелеген картоп алқаптарында жүргізіліп жатыр.

Ауыл шаруашылығы саласының сан салалы жұмысын ілгері бастырып, жұмыс өнімділігін арттыру мақсатында 2026 жылы аудан орталығындағы «Жуалы» несие серіктестігінен «Кең дала-2» бағдарламасы арқылы көктемгі дала жұмыстарына 15 шаруа қожалық – 120,600 млн теңге көлемінде несие қаражатын алып, өңірдегі агросаланың жұмысын қарқынды жалғастыруда. Одан бөлек, «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 13 шаруашылық – 360,3 млн теңгеге 24 бірлік ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алғанын айта кеткен жөн. Сонымен қатар, өңірде «АграрлыНесиеКорпорациясы» АҚ-нан «Агробизнес» және «Кең дала-2» бағдарламаларымен алдын ала өтініш беріп, несие қаражатына қол жеткізген жекелеген шаруашылықтар да бар.
Аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, аудандағы ауыл шаруашылығы жерлерінің жалпы көлемі – 216 306 гектар болса, оның ішінде – 95 435 гектары егістік егуге арналған жерлердің үлесінде. 2026 жылдың өнімі үшін – 55 635,0 гектар егістік егіліп, жоспар – 101,1 пайызға орындалған. Ендігі кезекте нақты егілген ауыл шаруашылығы дақылдарының көлеміне тоқталсақ, жаздық арпа дақылы – 28 290 гектар алқапқа орналастырылса, дәндік жүгері – 710, күнбағыс – 400, мақсары дақылы – 18 500, қант қызылшасы – 100, картоп – 2 600 гектарға, көкөніс – 710, бақша дақылдары – 15, сүрлемдік жүгері – 710, сонымен қатар, биыл өңір шаруаларының тарапынан барлығы – 4 500 гектар алқапқа жаңадан көпжылдық шөп егілген. Сонымен бірге, былтырғы күзгі дала жұмыстарын атқару кезінде биылғы жылдың өнімі үшін барлығы – 11 223,0 гектар алқапқа күздік бидайдың тұқымы егіліп, одан мол өнім жиналған.
Биыл аудан көлемінде егілген «екінші нан» алқабының жалпы көлемі – 2 600 гектарды құраса, оның елеулі бөлігі Нұрлыкент ауылдық округінің шаруаларына тиесілі. Қыркүйек айының алғашқы аптасында осындағы алдыңғы қатарлы агроқұрылымдардың бірі, Түктібай ауылында орналасқан – «Зылиха» шаруа қожалығының картоп алқабында күзгі жиын-теріннің аясында өнім жинау жұмыстары басталды. Аталған тұқым шаруашылығы дәстүрлі егістік егуді биыл да қолға алып, 90 гектар егістік алқапқа азықтық дақылдың өнімділігі жоғары, сапасы жақсы картоп тұқымдарын сіңіріп, оны жаз бойы күтіп-баптау жұмыстарын жүргізді.
Өткен аптаның ортасында картоп алқабына арнайы барып, шаруашылықтың жауапты мамандарымен және терімші бригадасының өкілдерімен тілдесіп келгенбіз. Үлкен жолға жақын орналасқан алқаптың басында еңбек көрігінің қызып жатқаны алыстан аңғарылады. Терімшілер бригадасының жетекшісі Әмина Әбдіжаппарова бізді жұмыстың барысымен таныстырды. Жұмысшылардың картоп егілген әр жүйекке бөлініп, қазылған дайын өнімді теруге әбден машықтанғаны көрініп-ақ тұр. Оны жұмыстың басында, терімшілер тобының алдыңғы шебінде еселі еңбек етіп жүрген тәжірибелі жұмысшылардың ширақ қимыл-қозғалысынан байқауға болады. Ширек ғасырдан бері картоп терумен, т.б. науқандық жұмыстармен тұрақты айналысып келе жатқан еңбексүйгіш жанның бірі – Әуес Қалменованы алқап басынан кездестірдік. Ауданның орталығы Б.Момышұлы ауылында тұратын егде жастағы апай отбасын асырау үшін жастайынан ауыр жұмысқа араласып, оған үйреніп қалғанын да айтады.
– Біз еңбекпен көзімізді ашқан аға ұрпақтың өкіліміз. Жастайымыздан еңбекке араласып, отбасындағы ата-ана, бауырларымызға көмектесу үшін барымызды салып бағатынбыз. Одан жаман болған жеріміз жоқ. «Еңбек етсең ерінбей, Тояды қарның тіленбей» деген ұлағатты нақыл сөзді дана Абай Құнанбайұлының бекерден бекер айтпағанына жастайымыздан терең мән беріп өстік. Кейіннен өз алдымызға шаңырақ құрып, отбасында балаларды да еңбек ету арқылы өсіріп жеткізіп, азамат қатарына қостық. Бұрын тұрған ауылымыздың тұрғындары көбінесе мақта және бау-бақша егумен айналысатын. Оған да күтім жасау да оңай жұмыс емес. Мақта алқабында уақытпен санаспай жұмыс істеп, еңбекпен есейдім. Кейіннен Жуалы ауданына біржолата қоныс аударып, содан бері күзгі жиын-терін науқаны кезінде алқапта картоп терумен айналысып келе жатырмын. Биыл жасым 66-ға келді. Денсаулығым жақсы, отбасым аман. Мұның барлығы ең алдымен қимыл-қозғалыс жасап, өмір бойы ерінбей еңбек еткеннің нәтижесі деп ойлаймын,- дейді аға терімші, еңбексүйгіш жан Әуес апай бізбен әңгімесінде.
Ерінбей еңбек етіп тапқан нанның тәтті болатынын жақсы білсек керек. Картоп теретін жұмысшылар бригадасында еңбекпен егіз жаратылған еңбексүйгіш жандар аз емес. Олардың қатарында науқандық жұмыстардың алдыңғы қатарында жұмыс атқарып, жас буынға жарқын үлгі-өнеге болып жүрген – Маңдайлы Досованы, Дамира Ақшекееваны, Ұлмекен Қожахметованы, Раушан Сыпатаеваны, сонымен қатар, Алтын және Раушан есімді жұмысшы апайлардың есімін құрметпен атауға болады. Олар да жасы ұлғайғанына қарамастан таңмен таласа тұрып, жұмысқа асығады. Еңбектің құндылығын, адал нанның қадірін түсініп, сезіне білген жандарға мұның өзі бір бақыт емес пе?!
Сұранысқа ие азықтық дақыл саналатын картоп алқабын ұлғайту және сол арқылы елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – маңызды әрі межелі міндеттердің бірі. Бұл мақсатта ауданның картоп өсіретін шаруашылықтары «екінші нан» аталатын азықтық дақылдың алқабын ұлғайтып, оған сапалы тұқым егуге барынша күш салып келеді. Олай болатыны, сапалы тұқым – мол өнімнің кепілі. Мысалы, біз жүйелі жұмысын әңгімелеп отырған Түктібай ауылындағы «Зылиха» тұқым шаруашылығы 25 жылдан бері картоп тұқымын жаңалап, сонау Еуропаның Голландия елінен осында әкелінген сапалы картоп тұқымдарын жерсіндіруге ғылыми тұрғыдан жұмыс атқарып келеді. «Еңбек түбі – береке!» дейтін болсақ, ұзақ жылғы еңбек пен жүйелі ізденістердің нәтижесінде өнімділік жыл сайын артып келеді. Атап айтқанда, алдыңғы жылдары алқаптарға егілген голландиялық «Пекассо» суперэлита картоп тұқымынан мол өнімге қол жеткізілгенін айтады шаруашылық басшылары. Одан бөлек, биыл 20 гектардан астам алқапқа «Брук» сұрыпты сапалы суперэлита картоп тұқымы егіліп, күзгі жиын-терін науқаны кезінде әрбір гектардан орта есеппен – 380-400 центнерге дейін өнім жиналу үстінде. Бұл – көңіл көншітерлік жақсы көрсеткіш.
– «Зылиха» шаруа қожалығының «Тұқым шаруашылығы» статусын алғанына да біраз жылдың жүзі болды. Шаруашылық жұмысының негізгі бағыты – картоп өсіру және оператор ретінде жергілікті шаруашылықтарға сапалы тұқым тарату. Бұл бағытта Алматы қаласындағы жетекші ғылыми-зерттеу институттарымен жүйелі түрде ғылыми байланыс орнатып, отандық ғалымдармен ақылдасып-кеңесе отырып картоп тұқымын жаңартуға барынша күш салып келеміз. Жүйелі жұмыстың нәтижесіз болмайтыны белгілі. Ең бастысы – картоп аурулары азайып, жыл санап өнімділік те анағұрлым артып келеді. Алқапқа сапалы тұқым егіп, оны жақсылап күтіп-баптау арқылы ғана мол өнімге қол жеткізуге болатынына тәжірибе жүзінде көз жеткіздік деуге әбден болады. Биыл Шотландиядан картоптың суперэлита тұқымын әкеліп, алқапқа еккенбіз. Одан өнімділік жақсы болса, тұқымдық материалды көбейтіп, аудандастыру ойда бар. Алдыңғы жылдары алқапқа егілген голландиялық «Пекассо» суперэлита картоп тұқымы да жерсіндіріліп, сапалы тұқымнан жыл сайын мол өнім жиналуда. Жаңашылдыққа бағытталған жүйелі жұмыстарды ары қарай жалғастыру жоспарда бар. Тек ерінбей еңбек ету керек. Сонда ғана жоғары нәтижеге қол жеткізуге болады.
Шаруашылық құрып, жұмысты алғаш бастағанда алқапқа әбден ескірген төртінші, бесінші репродукциялы картоп тұқымын еккен кездеріміз де болған. Өнімділік болмаған соң шаруаның шаш етектен шығынға бататыны айтпаса да түсінікті. Бағасы қымбат болса да алқапқа сапалы тұқым еккен дұрыс. Картоп – азықтық дақыл. Халық күнделікті тұтынатын азықтық дақылдың сапалы әрі адамның денсаулығына қауіпсіз болғаны абзал. Сондықтан, біздің шаруашылықта ең бірінші атқарылатын жұмыстың сапасына және өндірілген өнімнің экологиялық таза болуына баса мән беріледі,- дейді шаруашылық басшысы, Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты, істің көзін табатын еңбексүйгіш азамат Керімқұл Бегалиев.
Айта берсе, ауданда ұзақ жылдан бері картоп өсірумен тұрақты айналысып келе жатқан өңірдегі алдыңғы қатарлы агроқұрылымда жаңашылдықтар өте көп. «Зылиха» шаруа қожалығы жаңа технологиялардың мүмкіндігін барынша тиімді пайдалана отырып, жүйелі жұмыс атқару үстінде. Алқапқа картоп тұқымын егуге, оны қопсытып, арамшөбін тазалауға, дайын өнімді қазуға, картопты тиеуге және сұрыптауға арналған заманауи қуатты техникалардың жиынтығы жұмысты сапалы әрі уақтылы атқаруға үлкен көмек болып отырғанын айта кеткен жөн. Шаруашылықта қолға алынған алқапты жаңбырлатып және тамшылатып суғару технологиялары да ағынсуды анағұрлым үнемдеуге үлкен сеп. Одан бөлек, шаруашылықтың Түктібай ауылында сыйымдылығы – 2 000 тоннадан асатын екі бірдей заманауи картоп қоймасы жұмыс істеп тұр. Бір сөзбен айтқанда, картоп өсірумен айналысатын «Зылиха» тұқым шаруашылығы жүйелі жұмыстың нәтижесінде мол өнімге және отандық агроөнеркәсіп кешенінің жұмысын ілгерілету ісінде айтарлықтай жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жұмыс атқарып келе жатқан шаруа азаматтардың тындырымды тірлігіне ырыс пен береке, байыпты бастамаларына сәттілік тілейміз!

Таңдаулы материалдар

Close