Basty bet

Мектепті үздік атестатқа аяқтады

Нұрсұлтан Тезекбай Қайрат ауылының азаматы. Ол аудан орталығына қарасты №19 Д.Қонаев мектеп-гимназиясында 11 жыл оқып, білім алды. Нұрсұлтан биыл оқуын «Үздік атестатқа» аяқтап және Ұлттық біріңғай тестілеуден жоғары бал жинап, төртінші пән химия пәнін таңдау арқылы Алматы қаласындағы С.Ж.Асфендияров атындағы Қаз ұлттық мемлекеттік университетіне стомотология мамандығына оқуға түскен мектеп түлегі.
Ол мектеп қабырғасында жүрген кезінде үнемі ізденіс, даму үстінде болды. Көптеген ғылыми бағыттағы кітаптарды ерекше қызығушылықпен оқитын. Бос уақытында музыкамен айналысқанды жақсы көретін. Әсіресе баян, домбыра аспабын тереңінен меңгерген. Мектеп қабырғасында жүріп түрлі байқауларға қатысып, өзін қоғамдық жұмыстарда белсенді көрсете алған өнерлі азамат.
9-10-11 сынып аралығында өткен химия пәні олимпиядасының І және ІІІ орын иеленіп, аудан орталығына қарасты №1 Балалар өнер мектебіндегі баян аспабында қосымша жеті жыл бойы білім алып, оны толық меңгеріп, жарыстардан Бас жүлде және І, ІІ орындар иеленген.
-Мен мектепті үздік аяқтағаныма және грантқа түскеніме ерекше қуанамын әрі мақтанамын. Ол үшін мен жылдар бойы жатпай-тұрмай білімнің ең асылын алуға барымды салған болатынмын. Міне көптен күткен нәтижені естіп жақындарым ерекше қуанды. Бұл мен үшін үлкен жетістік. Осындай белестерді бағындыруыма және жетістіктерге жетуіме ата-анам және мектептегі сынып жетекшім Әлия Тоғайбаеваның еңбегін ерекше атап өтпесем азаматтығыма сын болар. ҰБТ тапсыру оңай емес. Ол жердің өзіне тән бөлек аурасы бар. Іштегі қорқыныш, уайымымның сейілуіне жәрдемдескен ұстазымның ықпалы зор болды. Осындай мектеп-гимназияда оқып, үлкендердің үмітін ақтай алғаныма қуанамын. Болашақ мектеп түлектеріне сәттілік тілеймін. Тек өздеріңіздің білімдеріңізге сеніңіздер, өздеріңізді қай уақытта да алып шығатын ол білімің және батылдығың ғана деп білем.
Мен тіс дәрігері мамандығын таңдадым. Ол арқылы адамдарға риясыз, әдемі күлкі сыйлағым келеді. Тіс дәрігерлік мамандығы бала кездегі арманым болатын.
Сол себепті бесінші пәнге химины таңдаған болатын. Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, 106 бал жинап ата-атасын, мектептің мәртебесін тағы бір көтеріп тастады.
Биылғы жылғы тестілеудің бір ерекшелігі мектеп бітіруші түлектерге екі рет мүмкіндік берілуінде, ол да жастардың өз бақтарын сынауына берілген зор мүмкіндік. 18 мамыр мен 5 шілде аралығында жалғасқан тестілеудің нәтижесіне сүйенсек, былтырғыға қарағанда биыл өз мүмкіндіктерін барынша жоғары нәтижеде көрсеткен түлектер қатары көбейген.

Эльмира СҮЙІНБАЕВА,
«Жаңа өмір»

 

Таңдаулы материалдар

Close