Basty bet

Кенеден сақтан!

Табиғат қысқы ұйқысынан ояну кезінде әртүрлі жұқпалы аурулар тарататын жәндіктердің де белсенділігі арта түседі. Солардың бірі – кене. Кененің шағуы арқылы берілетін жұқпалы аурулар басым жағдайда жыл мезгілінің көктем, жаз айларына келеді.
Қаһарлы қыстан жан сауғалап шыққан аш кенелер күннің көзі жылысымен-ақ жылу қанды жан-жануарларға ұмтылады. Олардың ішінде үй жануарлары мен адамдар да бар. Өйткені кене өз денесіне арнайы ферменттер бөлу арқылы жарақатты білдірмеуге тырысады. Тұмсығын тері қабатына енгізіп, майда қан тамырларымен қоректенді. Тойған мезетте бірнеше мың жұмыртқаны сол жерге тері астына тастайды. Сол мезеттен-ақ ауру белгілері біліне бастайды.
Аурудың негізгі белгілері:
1. Кененің шаққан жерінің ісініп ауруы, іріңдеуі;
2. Кене шаққан жердің маңындағы лимфа түйіндерінің үлкейіп ауруы;
3. Дене қызуының көтеріліп, адам ағзасында жалпы улану белгілерінің пайда болып, күшейе түсуі, (бас ауруы, әлсіздік, тәбетінің төмендеуі).
Осы белгілер пайда болған жағдайда кешікпей дәрігер көмегіне жүгінген абзал. Денеге жабысқан кенені өз бетінше жұлып алатын болсаңыз, келесі ережелерді сақтауыңыз қажет:
1. Кене жабысқан жерге сұйық май тамызып, шымшымамен абайлап кенені тұмсық тұсынан қысып шайқай отырып ырғап алу керек. Жұлып алған жағдайда кененің тұмсығы тері астында қалып қояды. Соның салдарынан жергілікті жер іріңдеп, қабыну пайда болып, қолайсыз жағдайлар туғызады;
2. Кененің шаққан орнын міндетті түрде йодпен заласыздандыру қажет;
3. Тез арада дәрігерге көріну керек.
Кененің шағуы неге қауіпті? Кейбір кенелердің ағзасында қауіпті жұқпалы аурулар тарататын вирустар өмір бойы сақталады. Осы вирустардың кене арқылы адам ағзасына енуі салдарынанөте қатерлі ауру қырым геморрагиялық безгегі немесе халық көкала атаған ауру дамиды.
Көкала ауруының негізгі белгілері дене қызуының көтеріліп, геморрагиялық белгілердің пайда болуы. Яғни, адам ағзасының шырышты қабаттарынан, тістерінен, мұрнынан, әйелдердің жыныс мүшелерінен немесе ішкі ағзаларынан қан кетеді, терісінде ине шаншыған немесе шымшыған жерлерде бірнеше минут ішінде көгеру белгілері пайда болады. Ағзаның қанды ұйыту қабілеті бірте-бірте жоғалып, адам қансырау салдарынан мерт болуы да мүмкін. Осындай асқынуларға жол бермес үшін келесі ережелерді сақтаған жөн;
1. Табиғат аясында, саяжайда демалған сәттерде кенеден сақтану, яғни денені тым жалаңаштай бермеу;
2. Кене малдың үстінде болатындығын ескере отырып, малды күту барысында сақтық ережелерді бұлжытпай орындау. Малдағы кенені жалаңаш қолмен жұлуға болмайды.
3. Кене шаққан жағдайда, не болмаса жоғарыда келтірілген ауру белгілері пайда болғанда кешікпей дәрігерге көріну қажет

Назипа Әзімбекова,
аудандық санитариялық-эпидемиологиялық
бақылау басқармасының
бас маманы

Таңдаулы материалдар

Close