Basty bet
Туған елін сүйген ердің еңсесі биік!
ҰҚК-ның генерал-майоры, ғылым докторы Сейітжан Қойбақовқа жуалылық жерлестері сый-құрмет көрсетті
Жұлдызы биік Жуалы жері. Осынау қасиетті топырақ – талай тау тұлғалы азаматтар мен дүлдүлдерді, жұлдызы биік генералдарды дүниеге әкеліп, түлеткен, олардың қаны мен жанына асқақ рухты сіңірген қасиетті мекен.
Осы қасиетті топырақтан даңқты қолбасшы, екінші дүниежүзілік соғыстың басты қаһармандарының бірі, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы, ақиқаттың алдаспанына айналған, жазушы, көсемсөзші Шерхан Мұртаза, Батырлар өлкесінің даңқын асқақтатып жүрген айтулы тұлға, ҚР Қарулы Күштерінің генерал-лейтенанты, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев, т.б. айтулы азаматтар құз қияға қанат қаққаны белгілі. Бұл тізімге ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің генерал-майоры Сейітжан Қойбақты да қосуға болады.
Саналы ғұмырының елеулі бөлігін қауіпсіздік саласының дамуына арнаған атпал азамат, генерал-майор, заң ғылымдарының докторы Сейітжан Қойбақов биыл мерейлі 70 жасқа толып отыр. Елордасы Астана қаласында басталған айтулы тұлғаның мерейтойы өзінің туған жері Жуалы жерінде де кеңінен атап өтілді. Қасиетті өңірдің атын шығарған азаматтың мерейлі жасын жерлестері де атап өтіп, С.Қойбақовқа сый-құрмет көрсетіп, мерейін өсірді.
Жуалылық «генералдар шоғырының» көрнекті өкілі Сейітжан Қойбақовтың қызмет, еңбек жолы кейінгі жас ұрпаққа молынан үлгі-өнеге. 1981 жылдан қауіпсіздік органдарында басталған оның еңбек жолында талай қиындықтардың кездескені анық. Бірақ бойында ата-бабаларынан дарыған күрескерлік қасиет пен асқақ рух оны алға жетеледі. Сонау 1981 жылдан Кеңестік кезеңде бірқатар қызмет сатысынан сүрінбей, абыроймен өткен ол еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бастап Қазақстан Республикасының Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті құрылымының құрылуына атсалысып, одан беріде бірқатар басшылық қызметтерде рухы биік азаматқа тән абыроймен атқарды.
Сейітжан Мелдебекұлы 2002 жылы тамыз айында 45 жасқа толып, нағыз кемеліне келген шағында елордасы Астана қаласына шақырылып, ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің «Арыстан» деп аталатын арнайы қызметінің (команданың) бастығы болып тағайындалды. «Арыстан» құрылымы өз кезегінде халықаралық терроризммен күрес жүргізетін, экологиялық және радиациялық қауіпті нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, мемлекеттің мүддесін қорғайтын ҰҚК-ның аса жауапты арнайы қызметі болатын. Сейітжан жанына топтасқан кілең кәсіпқой жігіттермен ел мүддесіне нұқсан келтірмекші болған арам пиғылды топтарға арыстанша айбат, жолбарысша қайрат көрсете білді. Осылайша, қауіпсіздік қызметінің жоғарғы талаптардың деңгейінен шыға білді. «Арыстан» терроризммен күресте ресейлік және шетелдік үлгідегі қару-жарақтармен жарақтандырылып отырды. Израиль, АҚШ, Германия, Норвегия, және Голландия сияқты елдердің арнаулы қызметтерімен тығыз байланысып жұмыс жүргізілді.
«Арыстан» арнайы қызметінде жауапты жұмыс атқарып жүрген шағында Сейітжан Қойбақовқа 2003 жылдың 13 желтоқсан күні «генерал-майор» арнаулы атағы берілді. «Отан үшін отқа түскін, күймейсің!» деген Бауыржан Момышұлының нақыл сөзін басты ұстаным-қағидасы етіп алған С.Қойбақов міне, содан бері қызметтен қол үзген емес. ҰҚК органдарынан зейнетке шықса да, Отан қорғайтын жас сарбаздарға өмірлік көрген-білгенін, ойға түйген тәжірибелерін ақыл-кеңес ретінде айтудан әсте жалыққан жері жоқ. Бірнеше жылдан бері ғылым жолына түсіп, қазір әскери тақырыпта өзінің жүріп өткен қызмет жолынан кітап жазып жатқан жайы бар.
Елге еңбегі сіңген ердің аты да, даңқы да әрдайым жоғарыдан аталады. Елін сүйген ер азаматтың жүрек лүпілін тыңдау үшін және айтулы азаматтың жүріп өткен жолын жас ұрпаққа үлгі-өнеге ету, оларға әскери-патриоттық тұрғыдан тәрбие беру ниетін басты мақсат етіп ұстанған аудан басшылығы және Жуалы жұртшылығы апта ішінде айтулы азамат, генерал-майор, ауданның Құрметті азаматы Сейітжан Қойбақовты туған жерге арнайы шақырып, сый-құрмет көрсетті.
Мерейтойдың ресми бөлімі басталмас бұрын Сейітжан Қойбақов аудан аумағында орналасқан ҰҚК-ның Шекара қызметіне қарасты «Б.Момышұлы» шекара бөлімшесінде болып, сонда Отан алдындағы әскери азаматтық борышын өтеп жатқан сарбаздармен және әскер қатарына баратын жастармен кездесу өткізді.
Патриоттық жиынның алғашқы сөзі генерал-майор С.Қойбақовқа берілді.
-Жуалының аты аталғанда, ең алдымен осынау қасиетті жердің атын шығарған әйгілі Батыр, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының есімі бірге аталады. Батырдың жерлесі болғанымды мен де әрдайым мақтан тұтамын. Бүгін сарбаздармен және жастармен кездесіп отырмын. Бұған мен де бақыттымын, әрі маған үлкен мәртебе.
Қасиетті Отанды қорғау, оған адал қызмет ету – қасиетті де қастерлі борыш. Бұл – ең біріншіден ар азаматтарға қатысты айтылған сөз. Мен де осыдан 50 жыл бұрын өздеріңдей жас сарбаз болған адаммын. Кеңес әскерінің қатарында болған азаматтар өте жақсы біледі. Ол кезде әскер екі жыл болатын. Қазір Қазақстанда сарбаздар әскерде бір-ақ жыл болады. Бұл әрине, сарбаздың мықты азамат болып қалыптасуына аз уақыт. Дегенмен, берілген мерзімді тиімді пайдаланып, қасиетті Отанды қорғаумен бірге, әскери өнерге мықтап машықтануларың қажет. Азаматтың бойындағы Отанға, отбасына, ата-анаға, ұрпағына деген сүйіспеншілік патриоттық сезіммен тікелей байланысты. Отанды сүю – адамға үлкен абырой әкеледі. Сондықтан, командирлеріңнің бұйрығын бұлжытпай орындап, азаматтық борыштарыңды адал атқаруларыңа тілектеспін,- деді Сейітжан Мелдебекұлы.
Генерал-майор ары қарай да сөзін жалғай түсіп, Қазақстанның бейбітсүйгіш ел екенін, бабалардың сан ғасырлар бойы арман-аңсары болған қасиетті Тәуелсіздіктің қадір-қасиеті мен құндылығы туралы кеңінен толғана әңгімелеп, кездесуге қатысқан жастарға ақ батасын берді. Сонымен қатар, жиналғандарға шекара бөлімшесінің қару-жарақтары, техникаларымен және әскери машықтары да таныстырылды.
Қауіпсіздік саласының генерал-майоры Сейітжан Қойбақовтың әскери қызметке кірісер алдында даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлына арнайы сәлем бере барып, Батырдың батасын алғанын біреу білсе, біреу білмес. «Баталы ер – арымас» деген бабалар өсиетін берік ұстанған атпал азамат қандай биік шыңға шықса да Баукеңнің: «Халыққа адал қызметіңді жаса. Әскери борышыңды орында. Халық үшін жан пида. Мен сондай жауынгер болдым. Менің ізімді жалғайтын өздерің!» деген баталы өсиетін есінен бір сәт те шығарған емес. Антқа адал, өсиетке берік азамат деп Сейітжан Мелдебекұлын айтсақ болады. 70 жас мерейтойына орай қасиетті Жуалы жеріне арнайылап келген генерал-майор С.Қойбақов Батыр Бауыржан Момышұлының мемориалдық музейіне арнайы атбасын бұрып, тау тұлғаның бюстіне гүл дестесін қоюмен бірге рухына тағзым жасады. Бұл да оның азаматтығы емес пе?!
Генерал-майор Сейітжан Қойбақовтың 70 жылдық мерейтойына орай аудандық «Достық» мәдениет үйінде «Ұлтын сүйген ердің жүрек лүпілі» атты кездесу ұйымдастырылды. Оған аудан жұртшылығы, ардагерлер және зиялы қауым өкілдерімен қатар, өңірдегі шекара бөлімшелерінің жас сарбаздары шақырылды.
Кездесу әскери қайраткер С.Қойбақовтың балалық шағына және есейіп, ер жеткенде әскер қатарына аттанып, Батыр Бауыржан Момышұлынан бата алған сәтіне байланысты қойылған шағын композициялық көрініспен ашылып, генерал-майордың өмір және еңбек жолдарынан, отбасынан түсірілген шағын деректі бейнероликпен жалғасты.
Алғашқы кезекте мерейтой иесі, ҰҚК-ның генерал-майоры, заң ғылымдарының докторы, ауданның Құрметті азаматы Сейітжан Қойбақовқа сөз берілді. Мерейтой иесі ең алдымен жуалылық жерлестерінің амандық-саулығына қанығып, азаматын сыйлап, қадірлеп, төбесіне көтерген барша қауымға алғыс білдірді. Одан кейін өзінің балалық шағынан, әскердегі еңбек жолынан, ҰҚК құрылымдарындағы қызмет еткен жылдарынан қызықты етіп әңгімелеп, кездесуге келген барша жұртшылыққа ризашылығын білдірді. Сонымен бірге, қаламынан туған «Отан. Міндет. Абырой!» аталатын кітабын және Қойбақовтар әулеті туралы жазылған бірнеше кітапты аудандық кітапханаға салтанатты жағдайда тапсырды.
Мерейтой иесін қасиетті Жуалы жұртшылығының атынан аудан әкімі Жалғас Мұртаза шын жүректен құттықтап, Құттықтау хатын табыстап, ізгі тілегін білдірумен бірге, қазақи салтпен Сейітжан Қойбақовтың иығына зерлі шапан жауып, сый-сияпат көрсетті.
Генерал-майор Сейітжан Қойбақовты аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, денсаулық сақтау жүйесінің үздігі Сейітхан Жұмашев және С.Қойбақовтың туған інісі, техника ғылымдарының докторы, ғалым Сейітхан Қойбақов мерейтоймен құттықтап, тілек білдірді.
«Елін сүйген ердің – еңсесі биік» деген. Генерал-майор, қауіпсіздік саласының құрметті ардагері Сейітжан Қойбақовтың 70 жас мерейтойы өзінің кіндік қаны тамып, балалық балдәурен шағы өткен Шыңбұлақ ауылында да жалғасып, онда тұрғындармен жастар және мектеп оқушыларымен патриоттық кездесу ұйымдастырылды.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»