Basty bet
Тұрғындардың мұң-мұқтажы назарға алынды
Жергілікті тұрғындармен кездесу кесетесіне сәйкес, кеше аудан әкімі Жалғас Мұртаза таулы өңірде орналасқан Боралдай және Қошқарата ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесіп, олардың мұң-мұқтаждықтарына назар аударды.
Аудан басшысы Жалғас Мұртаза бірінші кезекте Боралдай ауылдық округінің орталығы Көлтоған ауылында болып, жұртшылықпен кездесіп, ашық пікірлесті. Онда аудан басшысына ауылдық аймақтағы ахуал, алдымызда тұрған аса жауапты кезең қыс мезгіліне дайындықтың барысы туралы ақпарат берілді.
Атап айтқанда, Көлтоған, Ертай және Рысбек батыр ауылдарына ауызсу тартылған. Сонымен қатар, соңғы екі жылдың ішінде аталған ауылдық округті табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Ауызсу мен газды ұзақ жылдан бері зарыға күткен ауылдағы еңбексүйгіш, бейнеткеш ағайын үшін бұл игіліктердің келуі де үлкен қуанышты оқиға болғаны рас. Қазіргі таңда ауылдағы ағайынның үлкен шоғыры ауызсуға да, табиғи газға да қосылып үлгерді. Ал оның тұрғындарға үздіксіз берілуін қамтамасыз ету жауапты кезеңде ауылдық округтің басшылығы үшін үлкен жауапкершілік болып отыр.
Аудан басшысымен болған кездесу жиынының барысында тұрғындар өздерін көптен бері толғандырып жүрген өте өзекті деген мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, ауыл тұрғыны Нияз Сейділдаев Көлтоған ауылында электр жарығының жиі-жиі өшетінін айтты. Осыған сәйкес, қазіргі таңда ауыл тұрғындарының көбісі үйлеріне газ кіргізіп, оған арнайы зауыт пешін орнатқан. Пеш негізінен электр жарығымен жұмыс істейді. Ал жарық өшкен жағдайда, пештің жұмысы да тоқтайды. Пеш жұмыс істемеген соң үй де жылымайды.
Газбен қамтамасыз етілген тұрғындар үшін жарықтың жиі-жиі өшуі әсіресе қыстың көзі қырауда үлкен мәселеге айналып отыр. Сонымен қатар, ауыл тұрғындары ауылдағы ескірген электр бағаналарын жаңасына ауыстыру және Көлтоған ауылдық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізу, сонымен бірге, аудан орталығы мен таулы өңірдегі ауылдардың арасын жалғап жатқан облыстық мәндегі автомобиль жолының бойындағы ретсіз өскен бұталарды кесу жөнінде де мәселелер көтерді.
Жиында одан бөлек, ауыл тұрғыны, жергілікті қоғамдастықтың төрағасы Уәлихан Жаманқұлов қайтарымсыз грант алу тәртібін жеңілдету мәселесін айтып, грантқа өтініш берген үміткерлердің өтініштерін қарауға жауапты аудандық комиссияның құрамын қайта жасақтаудың маңыздылығына да тоқталды. Осы ретте айта кететін бір мәселе, Боралдай ауылдық округінің әкімі Бауыржан Абдалиевтың айтуынша, биыл ауылдық округтен қайтарымсыз грант алуға 10 азамат өтініш білдірсе, оның біреуі ғана грант қаражатына қол жеткізген екен.
Сондай-ақ, кездесуде Рысбек батыр ауылының тұрғындары да ауылда электр жарығының жиі өшетіні туралы сын-ескертпелерін айтты.
Жиында тұрғындар тарапынан көтерілген маңызды сұрақтардың барлығы назарға алынып, оның бірқатарына сол жерде нақты жауаптар берілді.
***
Аудан әкімі Жалғас Мұртаза келесі кезекте ауданның ең шалғайында орын тепкен Қошқарата ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, ондағы қалыптасып отырған бірқатар түйінді мәселелерге қанықты.
Ауылдық округтің тұрғындары негізінен мал және егін шаруашылығымен айналысатын болғандықтан, қыстың қамын жазда ойлайтын шаруақор ағайын тиісінше, жаз және күз мезгілдерінде төрт түліктің жемшөбін және қыс мезгілінен қысылмай шығу үшін отын-суларын даярлап қойған. Ауылдық округтің әкімі Жәнібек Мырзалиевтың сөзіне сенсек, мал қыстақтарындағы жағдай тұрақты бақылауда. Мал қыстату науқанының басталуына байланысты шалғайдағы мал қыстақтары түгелдей араланып, ондағы ахуал тұрақты зерделеніп отыр.
Ендігі кезекте қошқараталық ағайын электр жарығынан және ауызсудан қысылып отыр. Олай болатыны, ауылдық округтің орталығы саналатын Қошқарата ауылында және Ақтасты мен Қызтоған ауылдарында электр жарығының берілуі мен оның қуаттылығы аса мәз емес. Мұны аталған ауылдардың тұрғындары айтып отыр. Тұрғын үйлерге электр жарығының тұрақты берілмеуіне байланысты тұрмыстық техникалар да істен шығып жатқан көрінеді. Одан бөлек, Қызтоған ауылына табиғи газдың берілуіне байланысты ауыл тұрғындары оны қосу және қауіпсіздік ережелерін жақсы білмей жатқандарын айтады. Осыған сәйкес, ауыл тұрғындары газ маманы қажет дегенді алға тартып отыр.
Тағы бір айта кетерлігі, былтыр округтің орталығы Қошқарата ауылына ауызсу құбыры тартылған болатын. Алайда жаңа құбырға қосылған тұрғындарға тіршілік нәрі тұрақты берілмей отыр. «Жуалы-Су» мекемесінің басшысы Қуанышбек Болысбаевтың айтуынша, суға байланысты орын алып отырған кемшіліктердің көбісі ауызсу құбырын жүргізген мердігер мекеменің салғырттығынан болып отырған көрінеді. Қазіргі таңда су ұңғымасы толыққанды жұмыс істеп тұрған жоқ. Ауызсудың берілуіне жауапты оператор мамандардың айтуынша, резервуарды толтыруға су тапшы екен. Онда жиналған аз ғана көлемдегі ауызсу ауыл тұрғындарының барлығына, әсіресе, ауылдың төменгі бөлігіндегі көшелерге мүлдем жетпей отыр.
Осы және электр жарығына қатысты қордаланып қалған мәселелерді ауыл тұрғындары өзекті мәселе ретінде көтерумен бірге, оны тез арада шешіп беруді сұрады. Аталған мәселелер бойынша аудан әкімі Жалғас Мұртаза жауапты бөлім мен мекемелердің басшыларына тиісті тапсырмалардың берілетінін және оның тұрақты назарда болатынын жеткізді.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»