Basty bet

Комиссия отырысы өтті

Өткен аптада «AMANAT» партиясы Жуалы аудандық филиалында Партиялық бақылау комиссиясының кезекті отырысы өтті.
Комиссия отырысын Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Мұхамеджан Әсемов ашып, жүргізіп отырды.
Отырысқа Партиялық бақылау комиссиясының құрамдары және «AMANAT» партиясы Жуалы аудандық филиалының төрағасы Марат Нарымбеков, аудандық полиция бөлімі басшысының міндетін атқарушы, полиция майоры Ринатхан Заппаров, аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Керімхан Төреқұлов баяндама жасады.
Күн тәртібінде екі мәселе қаралды. Бірінші мәселе аудандағы жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстары аясында құқық қорғау органдарының атқарып жатқан жұмыстары туралы, көлік қатынастары, жол қауіпсіздігін реттеу туралы аудандық полиция бөлімі басшысының міндетін атқарушы полиция майоры Ринатхан Заппаров баяндама жасады.
– Жалпы өткен жылмен салыстырғанда биыл қоғамдық орындардағы қылмыс 19 пайызға, отбасылық-тұрмыстық қылмыстар 57,1 пайызға төмендеген. Түнгі мезгілде 165 жасөспірім анықталып, ата-аналары әкімшілік жауапқа тартылған.
Ал, жол бойында 19 жол көлік оқиғасы болып, 33 адам жарақат алып, 6 адам қаза тапқан. Өкініштісі, былтырғы жылмен салыстырғанда апаттан қаза болғандар 200 пайызға артып отыр,-деді баяндамашы.
Комиссия мүшелері мектептердегі бейнекамераларды интеграциялаудың жайы, кадрлық мәселелер, жасөспірімдердің құжатсыз түрлі көлік құралдарын басқаруы және тұрғындардан түскен өзекті мәселелер бойынша пікірлері мен ұсыныстарын жеткізді.
Полиция бөлімі ұсыныстарды бақылауына алды.
Екінші мәселе аудан көлемінде бұқаралық спорттың жай-күйі, жастар мен жасөспірімдердің спортпен шұғылдану барысы туралы аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Керімхан Төреқұлов баяндама жасады.
Биыл заманауи спорт алаңшаларымен Көлбастау, Қарасаз, Бәйтерек, Көлтоған, Шыңбұлақ, Қосбөлтек, Ақбастау, Қоңыртөбе, Қызыларық және Ынтымақ ауылдары қамтылады,-деді баяндамашы.
Комиссия отырысының күн тәртібіне қойылған мәселелер толығымен қаралып, хаттамалық тапсырмалар берілді.

Лаура МҰСАБЕКОВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close